Ауасы қатты ластанған қалалар: Нұр-Сұлтан, Алматы және Өскемен
Соңғы жылдары Қазақстанда қоршаған ортаны қорғауға салынатын инвестиция көлемі артқан
«Қазгидромет» РМК-ның 2019 жылғы желтоқсанда жүргізген зерттеуіне сәйкес, Нұр-Сұлтан, Алматы және Өскемен шаһарлары ауасы ең жоғары деңгейде ластанған қалалар тізіміне кірді. Ал, жоғары деңгейде ластанған қалалардың қатарына - Қарағанды, Ақтөбе, Балқаш, Теміртау кірді. Бұл туралы ақпаратты finprom.kz жариялады.
Аталмыш елдімекендердің өте қатты және қатты ластануына себеп болған негізгі факторлар:
Қала жолдарындағы автокөліктер санының тым көптігі, бензин мен дизель отынынан шығатын заттар;
Өнеркәсіп орындарынан таралатын және өндіріс кезінде бөлінетін зиянды заттардың ауаны ластауы;
Елді мекендердің атмосфералық кеңістігіндегі ауа ағынының төмендігі, зиянды заттардың атмосфераның беткі қабатында жиналуы.
Соңғы жылдары Қазақстанда қоршаған ортаны қорғауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Егер 2008 жылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың үлесі 8,1% болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 9,6% болды. 2018 жылдың соңында республикада қорғалатын табиғи аумақтардың 262,5 мың шаршы метрді құрап, бір жылдың ішінде 7,5% өсті. Оның ішінде 71,1%-ы қорықтар мен қорық аймақтардың, 11,9% табиғи резерваттардың, 10,2% ұлттық парктердің еншісінде.
Соңғы екі жылдың ішінде қоршаған ортаны қорғауға салынатын инвестиция көлемі анағұрлым артты. 2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында осы салаға салынған инвестиция көлемі 117,4 млрд теңгені құрады, бұл 2018 жылдың (80,2 млрд тг) сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46,4%-ға жоғары.
Ал, 2016 және 2017 жылдары 12 айында қоршаған ортаны қорғауға бөлінген инвестиция көлемін салыстыратын болсақ, 2016 жылы - 32,2 млрд тг, 2017 жылы - 32,5 млрд тг.
Жалпы алғанда, соңғы бес жыл ішінде қоршаған ортаны қорғауға салынған инвестиция көлемі 324,8 млрд теңгені құрады. Бұл салада қай өңірлерге көп қаржы салынғалын есепке алатын болсақ, үздік бестікке Ақтөбе (28,7 млрд тг), Атырау (26,5 млрд тг), Ақмола (18,6 млрд тг), Қарағанды (9 млрд тг) және Жамбыл облыстары (8,2 млрд тг) кіреді.