Мәнізоров ірі көлемде алаяқтық жасаған деген күдікке ілінді – ресми орган
Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровқа қандай айып тағылғаны белгілі болды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровқа қатысты қандай айып тағылғаны туралы айтты. Оның айтуынша, облыс басшысының орынбасары қызметтік бабын асыра пайдаланып, аса ірі көлемде алаяқтық жасаған деген күдікке ілінген.
Оқи отырыңыз: Жемқорлыққа қарсы агенттік Мәнізоровтың уақытша қамауда отырғанын растады
«Қазір оған қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 190 бабы, 4 бөлімі, 2 тармағы бойынша айыпталып отыр. Қазір біздің тергеуші прокуратураға үй қамауында ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы туралы ұсыныс енгізді. Басқа ақпарат әзірше жариялануға жатпайды», - дейді Олжас Бектенов.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысы әкімдігі Б.Мәнізоровтың «қамалғаны» туралы ең алғашқы ақпарат 26 қыркүйек күні тараған болатын. Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Бағдат Мәнізоровтің қызметтік іс-сапарда жүргенін айтты.