$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.10.2019, 16:25
Қоғам

Журналист Марат Тоқашбаев ауған соғысы ардагерлерінің қысымына шыдамады

Алматыдадағы ауған соғысы ардагерлері мен жазушы-публицист Марат Тоқашбаев арасындағы дау өршіп барады  

Журналист Марат Тоқашбаев  ауған соғысы ардагерлерінің қысымына шыдамады

Бүгін жүздеген интернационалист жауынгер қаланың орталығындағы «28 панфиловшылар» атындағы саябаққа жиналды. Осы маңдағы Кеңес-Ауған соғысы құрбандарына арнайы қойылған ескерткіш алдына топтасқан адамдардың көбі әскери киімдер киіп, кеуделеріне түрлі  орден-медальдар тағып келген. Олардың арасынан елге танымал, ауған соғысы ардагерлерінің мәртебесі, әлеуметтік мәселелері  туралы жиі айтатын азаматтар да көрінді. Өзін Алматы облысы Жамбыл ауданындағы ауған соғысы ардагерлері одағының өкілі деп таныстырған  Бақыт Жақыпбеков есімді азамат бірнеше беттен тұратын үндеуін оқыды. 

«Мен осы ауған соғысы ардагерлерінің атынан келіп отырмын. Осы жылы 24 қыркүйекте ауған соғысы ардагерлері мен олардың жесірлеріне, ұрпақтарының атына күйе жаққан масқара мәлімдеме пайда болды. Олардың аруақтарына таққан ауыр айыбы үшін журналист Марат Тоқашбаев пен «Жетісу» телеарнасының журналисі Нұртілеу Иманғалиұлы бүкіл халық алдында жауапкершілікке тартылсын. Ауған жерінде біз қару алдық қолымызға, Ауған жерінде біз еліміздің оңтсүтік шекарасын қорғадық. Терроризмге, есірткі тасымалына , жаппай қарулануға қарсы соғыстық. Отанына адал 18 жастағы балалар бір тамшы суға зар болып, қайтыс болған жолдастарының  иістенген мүрделерін жат жерге тастамай, өздерімен бірге арқалап алып жүргенін ұмытқан жоқпыз. Біз соғыстан кетсек те, бізден соғыс кеткен жоқ. Ардагерлер кеудесін соқпасын дегеніңіз үшін жауап беріңіз, Марат мырза!»

 

Мұнда әңгіме зиялы қауым арасында танымал публицист-жазушы, «Халық және Президент» басылымының бас редакторы Марат Тоқашбаев пен  тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы туралы екені белгілі болды. Жақында әлеуметтік желіде тараған екі минуттық бейнежазбадан Марат Тоқашбаев пен Нұртілеу Иманғалиұлының өзара пікірлесіп отырғанын байқауға болады. «Ресми Кабулдың дерегінше, 1979 жыл мен 1989 жыл аралығында Совет одағының әскерлері 1,5 млн. ауғандықтарды қырып жіберген деп басталатын екеуара әңгіме барысында сұқбат алушы Нұртілеу Иманғалиұлы , «өртеп жіберген ғой» деп қоштап отырған жері кездеседі. Бұл роликті мыңдаған адам қарап, ол   Wats app желісі арқылы да тарап кеткен.    

«Біз ауған соғысының ардагеріміз, деп кеудесін соғатындар үшін бұл үлкен масқара.Оларды тәуелсіз Қазақстан жіберген жоқ. Оларды жіберген мемлекет келмеске кетті. Сол соғысқа қатысқан ардагерлер біз сол соғыстың ардагерлеріміз деп кеудесін қағуға және түрлі жеңілдіктер сұрауға еш хақысы жоқ. Осы алып жүрген зейнетақысына риза болып, тыныш қана өмір сүргені болады. Жас ұрпақпен кездесу өткізудің керегі жоқ. Өйткені олар бейбіт жатқан елге басып кірді»,- дейді журналист сұхбат барысында.

Ауған соғысына қатысқан, бірнеше жыл «Балдырған» балалар журналының бас редакторы болған Дүйсен Мағлұмов әріптесінің бұл мәлімдемесіне қынжылыс білдірді.  Ол қаруластары да, журналистикада жүрген әріптес-ағасы да сабыр сақтап, бір мәмілеге келеді деп сенеді. Бірақ бұл мәселе халықаралық жанжалға ұласуы мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Себебі Ресей, Қырғыз Республикасы, Украина мемлекеттерінен ардагерлер ұйымдары хабарласып, қазақстандық ардагерлерге қолдау білдіріп жатыр, дейді журналист.  

«Мен өзім 40 жыл болды балалар басылымында журналист болып жүрмін. Соның барлығын тастап, қайда кетуім керек. Қазір 14 мың теңге жәрдемақыны осы соғысқа барып келгеніміз үшін аламыз. Соны алып, тыныш жүрсін дегені қалай?! Бұл тек қана бізге тиіп тұрған жоқ. Ресей, Қырғыз сияқты елдердің ардагерлері де қазір алаңдаулы. Оны халықаралық сотқа да беруі мүмкін. Ол  соғыс еді. Бірақ бірде-бір оқ жауапсыз атылмайды. Егер бейбіт халыққа рұқсатсыз оқ атылса, трибуналға тарту туралы бұйрық болған. Сондықтан Кеңес сарбазы ауған халқын қырып тастады деген қисынсыз»,- дейді ол.

Бүгін жазушының өзі де Ауғанстан соғысы ардагерлері жиналған  орынға келді. Марат Тоқашбаев  алғашқыда сөз сөйлеп жатқан адамдардың қатарында тұрып, ауған соғысына қатысушыларының мәлімдемелерін үнсіз тыңдады. Алайда кезек-кезек  ашу-ызаға толы сөздер айтқан ардагерлер, мәлімдеме авторынан кетуін талап етті. Бірақ сол жерде журналистерге сұхбат берген Марат Тоқашбаев өкінетінін айтты. Үстіміздегі жылы мамыр-маусым айларында Нұртілеу Иманғалиұлының «Бай қуатты болайық!» хабары үшін менен сұқбат алды. Бірақ ол материал ешбір телеарнадан, ешбір хабардан өтпеген. Редакцияланбаған, монтаждалмаған, бізден рұқсат алынбастан біреу қиып алып лейблсыз (логотипсіз) «Ютуб» желісіне салып жіберіпті. Оны осы әлеуметтік желі арқылы ауған жауынгерлері білген, дейді газет редакторы.  

«Мен сол хабарда ауған соғысы ардагерлері туралы ағат пікірлерге, теріс пікірлерге жол бергенімді мойындаймын. Түрлі қазақстандық ауған жауынгерлерінен, қауымдастықтардан, ТМД-дағы елдерден барып ауған жерінде қан төккен, жараланған күллі ардагерлерден басымды иіп кешірім сұраймын. Көптеген ардагерлермен сөйлесіп, пікір алмасқанда, шынымен олардың жағдайы қиын екеніне көзім жетті, олардың зейнетақысы аз, жағдайлары ауыр, ауған соғысынан  қалған психикалық салмақтары орасан және мемлекеттің көрсетіліп жатқан көмегі өте мардымсыз екен. Сондықтан мен пікірімді түбегейлі өзгертіп, жалпы ауған жауынгерлеріне қатысты мемлекет тарапынан арнайы жол картасы қабылданып, үлкен көмек жасалуы керек деп есептеймін»,- деді Марат Тоқашбаев

Марат Байділдәұлы эмоциямен айтылған бұл пікірге  қарсылық болады деп ойламаған. Себебі ол Кеңес үкіметі қатаң цензура арқылы екі жақтың да шығындарын жасырып отырғаны тарихтан белгілі дейді.  

«Ауған халқының адам шығындары БҰҰ, Гэллап, USAID деректерінде, бірқатар әскери зерттеулерде, әскери сарапшы Юрий Федоровтың жазбаларында, Ахмет Шах Масудтың КСРО елшісі Ю.Воронцовқа жазған хатында, ресми Кабулдың деректерінде 1,5 миллион деп көрсетілген. 5-6 миллион адам босқындыққа ұшыраған. Кеңес Одағының сол кездегі басшыларының шешімімен бейбіт Ауғанстанға қарсы жүргізілген ешқандай мағынасыз, мәнсіз басқыншылық соғысы бүгінгі таңда қайта бағалануы қажет. Ал Тәуелсіз Қазақсан КСРО-ның құқықтық мұрагері емес. Сондықтан елімізде кеңестік құндылықтарды қайта бағалау тұрғысынан ауған соғысына жаңаша көзқарас сұранып тұр. Біз бұл соғысты жас ұрпақтың алдында үлгі етуімізге болмайды. Бұл соғыс айыпталуға тиіс деген пікірді айтпақ болдым», - дейді белгілі журналист.   

Биыл Кеңес әскері шектеулі контингентінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толды. Қазақ жерінен бұл қанқұйлы соғысқа  22 000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабарсыз кеткен. Қазақстанда қазір 16 мыңдай ауған соғысы ардагері өмір сүріп жатыр.  

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

 

Серіктес жаңалықтары