Жемқорлыққа қарсы агенттік Мәнізоровтың уақытша қамауда отырғанын растады
Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың ұсталғаны туралы ақпарат расталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың ұсталғанын, қазір уақытша қамау изоляторында отырғанын растады.
«Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың ұсталғаны туралы ақпаратты растаймыз, қазір ол уақытша қамау изоляторында. Қазір қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша айып тағылғанын қарастырып жатырмыз», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов.
Ал, облыс басшысы орынбасарының қай қызметі бойынша (бұрынғы/қазіргі) қамалғаны туралы нақты ақпарат бере алған жоқ.
«Бұдан басқа ақпаратты жариялай алмаймын. Өздеріңіз білесіздер, тергеу құпиясы бар, сондай-ақ қылмыстық іс жүрігізудің талаптарын да ұмытпауымыз керек. Тиісті ақпарат болған жағдайда, оны бұқаралық ақпарат құралдарына жариялаймыз», - деді Олжас Бектенов.
Еске салайық, Бағдат Мәнізоровтың қамауға алынғаны туралы ақпарат бұған дейін тараған болатын. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі бүгін Мәнізоровтың іс-сапарда екенін мәлімдеген еді.
Бағдат Мәнізоров облыс әкімінің орынбасары қызметіне осыдан екі ай бұрын ғана, 12-шілдеде тағайындалған еді. 1962 жылы туған Бағдат Сайланбайұлы еңбек жолын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, жаттықтырушы жұмысынан бастаған. Ол әр жылдарда Кировск колхозы базарының директоры, «Шаған» ЖШС президенті, «Айсер» ЖШС директоры, Көксу ауданы әкімінің бірінші орынбасары, Көксу ауданының әкімі, Ақсу ауданының әкімі, Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі, Алматы қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы лауазымдарын атқарған.