Назарбаевқа ескерткіш қойылатыны туралы ақпарат - жалған
Отандық ақпарат құралдарының бірінде Нұрсұлтан Назарбаевқа 193 метр ескерткіш тұрғызылатыны туралы жарияланған ақпарат - сатира.

Әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып жатқан ақпараттың дереккөзі ресейлік «Панорама» агенттігі. Бұл сайттың ресми парақшасында портал 1822 жылдан бері жұмыс істейтін сатиралық басылым екені жазылған. Бірақ, ресейлік өзге БАҚ-та сайт былтыр құрылғаны туралы хабарланады. «Панорама» ИА-нің бас редакторы Борис Гонтермахер бір сұхбатында сайт пародия жанрында жұмыс істейтінін ашып айтады.
«Әлбетте, «агенттік» әу бастан әзіл-сықақ жоба ретінде құрылды. Біз күн тәртібіндегі трендке айналған кейбір тақырыптарды одан әрі әсірелеп, күлкіге айналдырамыз. Біздің аудитория қалжыңды түсінетін адамдар. Дегенмен, шындыққа балағандар да болды. Кейбір ұсақ газеттер мен теларналар бізде жарияланған ақпаратты растау туралы хабарласады. Бұл жерде екі мәселе, кәсіби біліксіздік немесе рейтинг үшін, әзіл-сықақты шындыққа балап, жариялай береді», - дейді бас редактор.
Ресейдің кәсіби журналистер қауымдастығы да сайттың бұл бағыттағы жұмысына көңілі толмайтындарын жазыпты. Олар әр ақпарттың соңында, «fake» екені туралы ескерту мүлдем жоқ екенін алға тартады. Алайда, сайттың төменгі жағында «Ескерту» деген білдей бір айдар бар. Онда былай делінген:
«Ескерту, panorama.pub-та шыққан кез келген ақпарат қалжың немесе ойдан құрастырылған. Өмірде бар тұлғалардың аты аталатын мәтіндер бәз-біреудің ар-ұятына , іскерлік беделіне нұқсан келтіруді мақсат тұтпайды. Рanorama.pub материалдары сатиралық фельетон болып саналады»
Еске салайық, 24 қыркүйекте panorama.pub-та «Ресейдің атақты мүсіншісі Зураб Церетели мен Қазақстан үкіметі Елбасына арнап, ескерткіш тұрғызу туралы келісімге қол қойды» - деген ақпарат шықты. Онда Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған жоба Нұр-Сұлтандағы орталық алаңда тұрғызылады. Ескерткіш биіктігі 193 метр. Ғарыштан көрінетін ескерткіш 83 қабат үйдің биіктігімен бірдей келеді делінген.