Өмір Шыныбекұлы: Ант қабылдау - ұстаздардың аузына қақпақ болу
Министрлік педагог, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлының «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына қатысты жасаған 14 ұсынысының бірде-біреуін ескермеген
Педагог, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынып жатқан «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының 5 бабына қарсылық білдіріп отыр.
Заң жобасының «Педагогикалық әдеп және педагог анты» деп аталатын 5 бабының 2 тармағында «педагогикалық әдеп қағидаларын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді» деп жазылған. Қоғам белсендісі, ардагер ұстаз Өмір Шыныбекұлы бұны ұстаздардың аузына қақпақ болу деп есептейді. Өйткені, сол баптың 4 тармағында «Ант мәтінін және педагогтердің оны қабылдау тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді» делінген.
«Заң жобасының 5 бабы, 2 тармағында анттың мәтінін білім беруге уәкілетті орган қабылдайды деп қойған. Ертең білім басқармалары осыны негізге алып мектепте болатын дауларды сыртқа шығармай қоюы мүмкін. Мұғалімдердің аузын буып, олар сыртқа айтқан жағдайда корпоративтік әдеп нормасын бұзды деп жұмыстан шеттетуі ғажап емес. Бұл өте қауіпті. Ол жерде басқа ештеңе жоқ, қалғаны сылдыр сөз. Заң жобасы шыққалы оқып жатырмыз. Өткенде бізді министр қабылдаған кезде заң жобасына қатысты 14 ұсыныспен барғанмын. Соның бәрін министр мақұлдаған. «Болды, мынауыңызды енгізуге болады» деп. Соның біреуі де енбеген. Министрмен кездесуде ант беру туралы әңгіме қозғалған жоқ», - дейді Өмір Шыныбекұлы.
Қоғам белсендісін министрлікке бұдан кейін де бірнеше рет шақырған. Алайда, Өмір Шыныбекұлы ұсыныстарының бірде-біреуі еленбей, заң жобасы жасалғанда ескерілмегендіктен, бұдан былай Нұр-Сұлтанға барудан бас тартыпты.
«Тамыз кеңесіне, сосын 3 қыркүйекте тағы шақырған. Бармай қойдым. Сөздің ашығы керек, олар отырысқа мен сияқты 2-3 еріктіні жинап алып, қалғанын өз адамдарынан қойып, дауысқа салып бірнәрсені өткізіп жібермекші. Өткенде 15 адамды жинады. Соның ішінде үш адам ғана кәдімгі практик мұғалімдер. Қалғандары сол білім маңайында конфет теріп жүргендер. Шақырып алады да, дауысқа бірдеңені салады да, «болды міне» деп өткізіп жібереді. Әйтпесе, бірнәрсе өзгертемін деп отырған ешкім жоқ секілді», - дейді ол.
«Қазбілім» орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы да мұғалімдердің ант беруінен оның мәртебесі көтеріліп кетпейді дегенді айтып отыр. Өйткені, қоғамдағы өзге салаларда да ант беру рәсімі сақталған. Алайда, олардың ешбірінен коррупция жойылған жоқ.
«Бізге формализмнен арылатын кезең жеткен секілді. Ант қабылдау жемқорлықтан ада ететін болса, шенеуніктер жемқор болып кетпес еді. Әскерилер заң бұзбаушы еді. Дәрігерлер де кәсібіне адал болар еді. Өкінішке қарай, ант берсе де, антына қарсы жұмыс іздеп жүрген кейбіреулерді көзіміз көріп жүр. Сондықтан ант бергізу – мәртебені көтеру емес. Бұл – формализмнің көрінісі, яғни қойылым. Мұндай қойылымдардан онсыз да қоғам шаршады. Сол себепті керек емес дүние деп ойлаймын. Ең алдымен, бүгін ант беріп қойып, бала дұрыс тәрбие алмаса, анттың да қадірі кетеді. Керек емес шаруа. Талқыланбайтын, басы артық дүние деп ойлаймын», - дейді педагог.
Айта кету керек, мұғалімнің мәртебесі туралы заң жобасы қоғамда соңғы бірер жылдан бері талқыланып келеді. ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл заң жобасы туралы: «Ол заң мұғалімдерді және мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерін ынталандыратын барлық тетікті қарастыруы керек. Жүктеме қысқартып, қызметтен тыс тексерістен арылту қажет. Тыңдаңыздар, мұғалімдерге бүгінгі таңда барлық жұмыс жүктеле береді. Сайлауды өткізетін – мұғалімдер, үгіт-насихатты жүргізетін – мұғалімдер, бір шаруаны атқару керек болса – мұғалімдер... Ол үшін ешкім де оларға ақша төлеп жатқан жоқ. Оларды бұл жүктемеден арылту керек. Олар сабаққа дайындалып, тиісті уақытында жұмыс істеуі тиіс. Міне, заң осыларды тоқтату үшін керек» деп айтқан болатын.
Елбасының көтерген осынау мәселесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қуаттап отыр. Ол мұғалімдердің мәртебесімен бірге жалақысын да көтеруді үкіметке тапсырды. Биылғы Тамыз конференциясында сөз сөйлеген ҚР Президенті педагогтар төмен жалақы алатын жұмысшылардың қатарында екенін айтты.
«Турасын айту керек. Бүгінде мұғалімдердің жалақысы ең төмен деңгейде қалып отыр және экономика бойынша орташа жалақының 65 процентін ғана құрайды. Мұнымен, әрине, біз келіспейміз. Сондықтан үкіметке білім саласына білікті мамандарды тарту үшін және мұғалім мәртебесін көтеру үшін жалақыны төрт жыл ішінде екі есеге көбейтуді тапсырамын», - Қ.Тоқаев.
Әзірге заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Парламенттің екі палатасы оны бекітпес бұрын «жеті рет өлшеп, бір рет кесетіні» анық. Бастысы, қоғам белсенділерінің қарсылығына тап болып отырған 5-баптың 2-тармағы естен шығып кетпесе болғаны. Жобаны әзірлегендер де жергілікті педагогтардың талап-тілектерін, ұсыныстарын ескергенін айтып отыр. Сол себепті де, екіге жарған екінші тармақтан «үріккен» дұрыс па, жоқ па, уақыт көрсетеді.
Арай Есенбек, Шымкент