Петропавлда мектеп оқушылары «Абай жолынан» дәм татты (ФОТО)
Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары кітап мұқабалары бейнеленген торт әзірлеуден сынға түсті
Петропавлда мектеп оқушылары Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан, Даниель Дэфоның «Робинзон Крузо» кітабынан және тағы да басқа әлем және қазақ әдебиетінің классикалық туындыларынан «дәм татты». Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары бұл іске кіріспес бұрын аталған кітаптардың барлығын оқып шыққан. Одан кейін сол әдебиеттердің мұқабасы бейнеленген торттарды әзірлеуден сынға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Тәтті кітап» байқауы ұйымдастырылды. Жастардың білім алуға, кітап оқуға деген құштарлығын арттыруды діттеген шара қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойына орайластырылды. Ұстаздардың айтуынша мектеп қабырғасында осы сынды түрлі акциялар жиі ұйымдастырылып тұрады.
«Бұл фестивальді «Тәтті кітап» деп атадық. Мектебімізде Абайдың мерейтойына арналған түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Бүгінгі байқау солардың бірі. Біздің мақсатымыз – оқушылардың арасында кітап оқудың баға жетпес құндылық екенін дәріптеу. Балалардың барлығы асқан белсенділкпен қатысып жатыр. Оларға өз қолдарымен торт жасау өте қызық деп ойлаймын. Жалпы оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын да атап өткім келеді. Олар әдебиеттерді үш тілде оқи береді», – дейді кітапхана меңгерушісі Нұрикамал Сайдуова.
Сайысқа 14 команда қатысты. Оқушылар кітапты жеребе тарту арқылы таңдаған. Тізімге енген әдебиеттердің барлығын сайыскерлер алдымен оқып шыққан. Байқау барысында түрлі викториналық сұрақтар қою арқылы олардың кітаптың мазмұнын білу деңгейі де тексерілді. Оқушылардың кейбірі сұрақтарға дұрыс түрде жауап беріп жатса, екіншілері бөгеліп қалды.
«Біздің мектепте «100 кітап» жобасы жүзеге асырылуда. Яғни, балаларға оқуға ұсынылатын 100 кітаптың тізімін жасадық. Бүгінгі әдебиеттер сол тізімнен алынды», – дейді Нұрикамал Серікқызы.
Әр команда құрамында 6 адамнан болды. Үш оқушы, ата-ана, мұғалім және сынып жетекшісі. Сайыскерлер уақыт үнемдеу үшін торттарды әзірлейтін қоспаларды үйден әкеліпті. Мұқабасын арнайы принтерден шығарып алған. Сайыс барысында оны әрлеуге ғана уақыт берілді. Ең үлкен торт 15 келі тартты.
«Мектебімізде «Шаңырақ» жүйесі жұмыс істейді. Оған сәйкес 2-3 сынып бір топқа біріктіріледі. Әр шаңырақтың кураторы болады. Біздің топта үш сынып, яғни 53 оқушы бар. Қабдеш Жұмаділовтің «Сәйгүліктер» кітабын барлығымыз оқып шықтық. Тәтті барлығына да жетсін деген оймен үлкен торт әзірледік. Дайын өнім 15 келі болып шықты. Оны пісіруге ата-аналардың көмегі тиді. Тортымыз үлкен болғанымен байқау шартына сай оны безендіріп үлгердік», – дейді Сымбат Ыбырай.
Ал, «Сәбит Мұқанов» шаңырағы барлығын қолдан әзірлеген жалғыз команда болды. Аталған топ өз тортын Оралхан Бөкейдің «Атау кере» туындысына арнады.
«Оралхан Бөкей өз шығармасында адам ғұмырын аралардың өмірімен салыстырады. Бұл жәндіктердің тіршілік ету мерзімі өте қысқа. Автор бізге өмірде маңызды дүниелерге емес, ұсақ-түйекке көңіл бөліп, басты мәселелерді ұмытып кететіндігімізді тағы бір еске салады. Өзім түрлі әдебиеттерді оқығанды жақсы көремін. Бірақ кітап-торт әзірлеуім бірінші рет. Мұқабадағы араны өзіміз бейнеледік. Әрбір әріпті қолмен қиып шықтық», – дейді мектеп оқушысы Әдия Мұхамади.
Сайыста Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы да «әзірленді». Торт қазақи ою-өрнектермен безендіріліпті.
«Бүгінгі шараға қатысу мен үшін де қызық болды. Дайындаған өнім 5,5 келі болып шықты. Балалар оның дәмін тататын уақытты тағатсыздана күтіп жүр. Өзім балабақшада көркемдік жетекші болып қызмет етемін. Кондитерлік білімім жоқ. Тек үйде балаларды қуанту үшін тәттілерді жиі әзірлеймін. Бүгін сол тәжірибемнің пайдасы тиді. Құрамы осы сынды торттарды әзірлеп көргем, бірақ кітап жасағаным алғаш рет. Бұл тағамға ұн, жұмыртқа, шоколад сынды қоспалармен қатар жақсы көңіл-күйімізді қостық. Сондықтан қазылар алқасының жоғары бағасына ие боламыз деген үміттеміз», – дейді ата-ана Елена Хван.
Қазылар алқасы оқушылардың білімі, киімі, торттың безендірілуі, оның таныстырылымы мен дәміне баға берді. Сайысты қорытындылай келе, Жюль Верннің «Двадцать тысяч лет под водой» кітабының мұқабасы бейнеленген торт үздік деп танылды. Ол безендірілуі жағынан басқалардан басым түсті. Екінші орынға «Атау кере» лайық деп танылса, үшінші жүлдеге Талап Сұлтанбековтің «Ғажайып планетасы» ие болды. Сайыс аяқталған соң балалар ата-аналарымен бірге әзірлеген «кітаптарды» жеп қойды. Ал жеңімпаз команда өз тортын Петропавл қаласындағы есту кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернат оқушыларына сыйға тартты.
Айта кетейік, биыл ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып өтеді.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО