ШұғылЖелтоқсан-қаңтар айларында Қазақстанда карантин күшейтілуі мүмкін

Атырау облысында науқастар ауруханаға электр пешін әкеліп жатуға мәжбүр

Салынғанына 14 жыл болған аурухана әр қыс сайын суықтан азынап тұрады

Кадр видеодан алынды

Атырау облысындағы Доссор ауылдық ауруханасына емделушілер өздерімен бірге электр пешін әкеліп жатуға мәжбүр. Өйткені, емдеу мекемесінің іші суықтан азынап тұр. Ауырып ем іздеп келгенімен, емін аяқтамай шығып кететіндер де бар, деп жазады «Астана» телеарнасы.

Күндізгі стационар бөлімінде қуықтай бөлмеге 4 кереует қойылған. Батереяда болар-болмас қана жылу бар. Сондықтан науқастар электр пешін пайдалануға мәжбүр.

Шағын электр пештері ауруханадағы барлық палатада бар. Емделушілер қабат-қабат киініп амалдайды. Ақ халаттылардың өздері де жылыту қондырғыларын қолданып отыр. Зейнеткер Мұрат Есмұханов емдеу мекемесінің салқындығынан,емім толық ала алмағанын айтады.

«Дәрігерлер дәрілерін қойнына тығып, жылытып келеді. Батареяда жылу жоқ. Батереяны қанша ауыстырса да, одан пайда аз, дұрысы, терезені ауыстыру керек. Жел азынап соққан кезде бұл палатада отыру мүмкін емес. Қай жақтан жел соқса, соған қарсы беттегі палатаға барып жатуға мәжбүр боламыз», – дейді Доссор кентінің тұрғыны Мұрат ЕСМҰХАНОВ.

«Салқындық білініп тұр. Жылу шамалы ғана. Бәріміз киіммен жүрміз. Бізді қойшы, жас балаларға қиын ғой», – дейді Доссор кентінің тағы бір тұрғыны Қоңырбаян ҚОҢЫРОВ.  

13 мың тұрғыны бар Доссор елдімекеніндегі жалғыз медициналық мекеменің 20 орындық палаталары және 200-дей адамды қабылдауға арналған емханасы бар. Емханаға келушілер де сырт киімдерін шешпейді.  Бір мезгілде бірнеше электр пешін қолдануға электр жарығына жауапты мекеме мамандары өздері рұқсат берген. 

«Тоқ көздері жүктемені көтереді. Көп қауіп жоқ. Қолдан жасалған пештер жоқ. Тек зауыт пештері ғана. Онда да түнгі уақытта қосылмайды. Кейде қатты науқастар жатқанда қосуға рұқсат етеміз», – деді электр жарығына жауапты маман Киікбай ӨТЕМІСОВ.

2006 жылы пайдалануға берілген бұл мекемеде жылу мәселесі әу бастан-ақ көңіл көншітпеген екен. Басшылық бастапқыда шатыр мен қабырғаны қалыңдатуға шешім шығарған. Ауруханаға 2014 жылы күрделі жөндеу жүргізгенімен, еш нәтиже бермепті. Енді 5 млн теңгеге қуаттылығы жоғары екі жылу қазандығын қоймақшы.

«Қазан айында тендер ойнатылып, жаңа жылу қазандығын алдырттық. Мердігерлер желтоқсан айының соңына дейін орнатып кетеміз деген. Әлі бір аптадай кешігіп жатыр. Қазір өзіміздің бұрынғы қазандық жұмыс істеп тұр. Бірақ оның жылуы аз», – дейді Доссор ауылдық ауруханасының аға дәрігері Нұрғали БАСЫМБЕКОВ.

Қомақты қаржы бөлінгенімен, қыстың ортасы болса да жылу қазандығы әлі орнатылмаған. Мұны басшылық мемлекеттік тапсырыстың кеш өткізілуімен байланыстырды. 

«Сатып алу жұмыстары бір жылда бір рет өткізіледі. Қатты жел болған кезде іште салқын болады. Бар кінәрат терезеден болып тұр. 2006 жылы салынған нысанның терезесі пластик болғанымен, сапасы төмен. Жөндеуге келмейді. Сондықтан осы жылы тағы сұрап жатырмыз. Жаңа терезе қойылса бәрі дұрыс болады деп ойлаймыз», – деді Мақат аудандық орталық ауруханасының директоры Батырбек ОҢДАСЫНОВ.

Осылайша пайдалануға берілгеніне 14 жыл болған ауылдық аурухана бюджеттен тағы қаржы сұрап отыр. Бұл жолы 130 терезесін ауыстырмақшы. Оған қанша қаржы қажет екенін ешкім айта алмады.