$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Кінәсіз адамның тергеуге түсіп, сотталуына жол бермеу керек – криминалист

Петропавл қалалық полиция ведомствосында ерлермен қатар 500-ге жуық әйел қызметкер еңбектеніп келеді

Кінәсіз адамның тергеуге түсіп, сотталуына жол бермеу керек – криминалист

Көптеген қылмыстардың ашылуы – криминалистің жұмысына тікелей байланысты. Бұл мамандық иелері ештеңеден қаймықпай, салқынқандылық танытып жұмыс істеуі шарт. Кез келген ер адам алып жүре алмайтын қазметті солтүстікқазақстандық Бәден Ғалиасқарова екі жылдан бері атқарып жүр. Ол – Есіл ауданындағы жалғыз криминалист, деп хабарлады Azattyq Rýhy тілшісі.

Бәден – отбасындағы жалғыз қыз бала. Ол өзіне кішкентай кезінен погон таққан адамдар ұнайтынын айтады. Оны полиция қызметіне алып келген де сол балалық қиял. Мектепті тәмамдаған соң, көп ойланбастан құжаттарын Алматы қаласындағы М. Есболатов атындағы академияға тапсырған. Көптің арасынан суырылып шығып, оқуға қабылданды. Болашақ жарын да оңтүстік астанада жолықтырыпты.

«Әдемі форма киіп жүру мен жұмысқа беріле қызмет ету – екі түрлі дүние. Біз қылмыс болған жерге барамыз. Онда ешкім ер адам, қыз бала деп ажыратып жатпайды. Маған адамдарға көмектескен ұнайды. Мамандығым қанша күрделі болса, соншалықты қызық. Сот-медицина қызметкері іздер, саусақ іздері, биологиялық іздер және қылмыстың басқа да дәлелдерін табу үшін қылмыскер ретінде ойлануың керек. Әрине, адам қайтыс болған қылмыс орындарына да баруға тура келеді. Менің көз алдымда тұтас отбасының қасіреті, қайғысы тұрады. Мұның бәрі криминалистің моральдық-психологиялық жағдайына әсер етуі мүмкін. Бірақ бізге эмоцияны басқарып, қылмыс орнында бейтарап жұмыс істей білу керек», - дейді Бәден Ғалиасқарова.

Бәден академиядағы оқуын тәмамдағаннан кейін туған жеріне оралып, қызмет етуге бел буады. Ол Есіл ауданының криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі болып тағайындады.

«Оқуда үйренгенім тәжірибеде мүлдем басқаша болып шықты. Жарты жылдан кейін  криминалист болып тағайындалдым. Осы қызметтегі алғаш барған қылмыс орнында адам қайтыс болды. Бірақ қорыққан жоқпын. Оқу кезінде біз мәйітханада жұмыс істедік. Соның көп пайдасы тиді. Бірақ мен әрқашан есте сақтайтын сәттер бар. Бірде жазда түн ішінде тұрғын үйдегі өрт туралы хабарлама келіп түсті. Бірнеше сағаттан кейін өрт сөндірушілер төрт мәйіттің, оның ішінде төрт жасар қыздың табылғанын хабарлады. Денелерді тексеру қажет болған кезде, мен эмоцияларға төтеп бере алмадым және жұмыс істеу өте қиын болды. Сол жағдай әлі күнге дейін есімнен кетер емес. Маған әріптестерім, басшылық қолдау берді», - дейді Бәден.

Криминалистің жұмыс күні таңғы 8.00-ден басталады. Бірақ аяқталатын нақты уақыт жоқ. Олар ұрлық, апат және басқа да оқиғалардың бел ортасында жүреді.

«Мен аудандағы жалғыз криминалистпін, күн сайын жұмыс істеймін. Қызметте ең бастысы, шыншылдық пен адалдық деп ойлаймын. Біз адамды тыңдап, оның проблемасын түсініп, содан кейін оны шешуге кірісуіміз керек. Ең бастысы, кінәсіз адамның тергеуге түсіп, сотталуына жол бермеу. Менің жұбайым да ішкі істер органдарында жұмыс істейді. Ол Есіл ауданының криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі. Біз бірге жұмыс істейміз. Кейде екеуіміз оқиға орнына барамыз. Үш жасар қызымыз бар, бізге ата-анамыз көмектеседі», - дейді криминалист келіншек.

 

СҚО ПОЛИЦИЯСЫНДА 500 ҚЫЗ-КЕЛІНШЕК ҚЫЗМЕТ ЕТІП ЖҮР

Петропавл қалалық полиция ведомствосында ерлермен қатар 500-ге жуық әйел қызметкер еңбектеніп келеді. Солардың бірі – жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға инспекторы полиция аға лейтенанты Зарина Елубаева. Оған үлкен жауапкершілік жүктелген. Еңбек жолын учаскелік полиция инспекторы қызметінен бастаған. Ол бүгінде бостандыққа шыққандарға бақылау жүргізіп, қаладағы 89 учаскелік инспектордың жұмысын қадағалайды.

«ҚР ІІМ Қостанай академиясын тәмамдаған соң қызметімді туған өлкемде жалғастырдым. Жұмысымды Петропавл қаласындағы № 13 учаскелік полиция пунктінен бастадым. Осы уақытта мол тәжірибе жинадым. Менің бір күнім екіншісіне ұқсамайды. Сондықтан да өз кәсібімді жақсы көремін», - дейді полиция офицері.

Заринаның анасы әскери қызметтің зейнеткері. Қызының бойына әйелдік қасиеттерді ғана емес, адал қызмет атқаруды және өжет болуды сіңірген.

«Қызымды мақтан тұтамын. Зарина бос уақытын асүйде өткізгенді жақсы көреді. Дастарханымыз түрлі тағамдарға толы болады. Әсіресе, ұлттық тағамдарды дайындағанды ұнатады», - дейді анасы Айдын Сүлейменова.

Заринаның қызметтегі міндеттерінің бірі – бұрын істі болған тұлғаларды бақылау. Заринаның айтуынша, қылмыстың қайталап жасалуы қоғам үшін қауіпті.

«Жуырда полицияға 20 жастағы бойжеткен жүгінген. Мәселесі көп ұзамай мәселе учаскелік полиция инспекторларының көмегімен шешілді. Біз әр адамның мәселесін қатардағы жағдай деп қарамаймыз. Жеке-жеке мұқият қарастырамыз. Өйткені дұрыс шешім қабылдау маңызды», - дейді Зарина.

Петропавл қалалық ПБ бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Әлібек Ғабдуллинің айтуынша, жас қызметкер ұжымда өз жұмысын ерекше жауапкершілікпен атқарады. Қоғамдағы жастары мен санаттары әр түрлі адамдармен тез тіл табыса кетеді екен.

«Зарина – көпке үлгі боларлық қызметкер. Бастысы адамдармен тіл табыса алады. Мұндай қабілет оның жұмысында керек-ақ. Сондықтан да әріптестерінің арасында сыйлы. Болашағынан зор үміт күттіретін маман», - дейді Әлібек Ғабдуллин.

Эльмира Мәмбетқызы

Серіктес жаңалықтары