$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мемлекеттік бағдарлама нәтижесінде СҚО-да халық саны азайған ауыл қайта көркейіп келеді

Бостандық ауылында жаңа үйлер бой көтеріп, оңтүстік өңірлерден көшіп келген отбасылар қоныстанып жатыр

Мемлекеттік бағдарлама нәтижесінде СҚО-да халық саны азайған ауыл қайта көркейіп келеді

Солтүстік Қазақстанда болашағы бұлыңғыр ауылдар санатына енген Бостандық қайта түледі. Елдімекенде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа үйлер бой көтеріп, оңтүстік өңірлерден көшіп келген отбасылар қоныстандырылды. Жабылудың аз-ақ алдында тұрған мектепте бала саны көбейіп, шағын орталық ашылды. Қайта түлеген ауылдың тыныс-тіршілігімен Azattyq Rýhy тілшісі танысып қайтты.

МЕКТЕПТІ ЖАБУ ЖӨНІНДЕ МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ

Бостандық ауылы Мамлют ауданында орналасқан. Болашағы бұлыңғыр елдімекендер санатына енгізіліп, тарап кету қаупі туған елдімекен. Тұрғындары жұмыс іздеп жан-жаққа үдере көшкенде 11 жылдық мектепте 20 оқушы ғана қалған. Бала саны аз болғандықтан аудандық әкімдікте білім беру нысанын жауып тастау жөнінде мәселе көтеріле бастапты. Сол сәтте мектеп диекторы ұжыммен бірге ел-елді аралап, бала іздеуге кіріседі.  

«Мектепте оқушы саны азайғанда ауыл-ауылды аралап, бала іздедік. Мұғалімдер өз үйлерінде тұрғызды. Ата-аналар да қолғабыс етті. Олар мектеп жабылса, ауыл да тарап кететінін ұғынды. Бәріміз бірігіп, білім беру ошағын алып қалдық», - дейді мектеп директоры Айгүл Сарбасова.

Осындай қиын кезеңде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бостандық ауылының тумасы Ерлік Мұхамеджанов оны ұтымды пайдалана білген жандардың бірі. Інісі екеуі аудандық әкімдік қолдауы арқылы елдімекенде 10 шақты үй салып, оңтүстік өңірлерден бірнеше отбасының көшіп келуіне атсалысты. 

«Еліңе, халқыңа жақсылық жасу үшін бай немесе бастық болу міндетті емес. Мені үнемі «қалай ауылымды көтеруге болады» деген ой мазалайтын. «Еңбек» бағдарламасының шарттарымен танысқан соң, үй салуға бел байладым. Інім екеуміз қарызға ақша алып, бірнеше баспана тұрғыздық. Кейін оны аудандық әкімдік сатып алды. Оңтүстік тұрғындарымен байланысқа шығып, бірнеше отбасын көшіруге атсалыстым. Ауылда халық саны көбейгендіктен әкімдік те көңіл бөле бастады. Мектеп пен жол жөндеуден өтті. Қазір ауылымыз көркейіп келеді. Тағы да үй салып, түстіктен көпбалалы отбасыларды көшіргім келеді. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Туған ауылыма деген сүйіспеншілік мені осындай игі істерге итермелейді», - дейді Ерлік Мұхамеджанов. 

ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІНІҢ БАЛАЛАРЫ ҚАЗАҚ МЕКТЕБІНДЕ БІЛІМ АЛЫП ЖҮР

Кішкентай Раяна Чир  отбасымен бірге Солтүстік Қазақстанға Алматы облысынан қоныс аударған. Қазақ тілін жетік білмегендіктен жаңа мектепке үйренісу оңай болмағанын айтады.  Дегенмен алғырлығының арқасында қиындықтың бәрін еңсеріп, сыныптағы үздік оқушылардың біріне айналды.  

 «Төрт тіл білемін. Қазақша, орысша, ағылшынша осы мектепте үйреніп алдым. Өзімнің тілім –дүнген тілі. Менің әкем маған күн сайын араб тілін үйретіп жатыр. Маған Бостандық ауылында тұрған ұнайды. Қазір достарым көп. Мектебіміз де әдемі. Бос уақытымда Абайдың өлеңдерін оқығанды жақсы көремін», - дейді Раяна Чир.  

Соңғы 4-5 жылда ауылға «Еңбек» бағдарламасы арқылы оңтүстіктен 8 отбасы қоныс аударды. Бүгінде оқушылар саны көбейіп, 60-қа жеткен. 

«Бірнеше жыл бұрын ауылдастарымыздың басым көпшілігі қалаға көшіп кетті. Жұмыс, жақсы тұрмыс іздеді. Ауылда жағдай қиындай берді. 2016 жылдан бері қоныс аударып келіп жатқан отбасылар бар. Екі жылдың ішінде 8 үй салынды. Ауылда бос үйлер бар. Кім келсе де қуана қарсы аламыз. Ауылымыздың тұрған жері, табиғаты тамаша. Саф ауасының өзі неге тұрады. Көптеген сырқатқа шипа болады», - дейді ауыл тұрғыны Гүлжан Мантаева. 

АУЫЛҒА КЕЛУШІЛЕРДІ ТҰРҒЫНДАР ҚҰШАҚ ЖАЯ ҚАРСЫ АЛАДЫ

Сұраныс туындаған соң ауылда дүкен, намазхана сынды нысандар салынды. Мектеп күрделі жөндеуден өтіп, жолға қиыршық тас төселді. Жағдай жасалған соң елдімекенге жас мамандар да келе бастаған. Солардың бірі «Серпін» бағдарламасына қатысушы Гүлжан Пірімбаева.

 «Өзім ауылда туып-өстім. Сондықтан маған ауылдың тыныс-тіршілігі қызық. Әрі жас маман ретінде еңбек тәжірибемді елдімекенде бастағым келді. Жұмысқа орналасқан сәттен бір жыл бойы пәтер ақысы төленді. Көтерме ақы алдым. Қазір мектепте қызық тілінен сабақ беріп жүрмін. Жұмысым өзіме ұнайды. Бостандық тұрғындарының пейілі кең, өздері ұйымшыл. Үнемі бір-біріне қолқабыс етіп жатады», - дейді жас маман Гүлжан Пірімбаева.

Бостандық мектебі – облыстағы үздік білім ошағының бірі. Ұстаздардың еңбегінің арқасында Соңғы 10 жылда түлектер тегіс мемлекеттік білім грантына ие болған. 

 «2004 жылдан бері 12 түлегіміз мектепті «Алтын белгімен»  тәмамдады.  8 оқушымыз үздік аттестатқа ие болды. «Болашақ» бағдарламасы бойынша 3 түлегіміз шетелде білім алды. Жоғары лауазымды қызметте жұмыс істеп жүргендер бар. Мектебіміз шағын болғанына қарамастан осындай жетістіктермен мақтана аламыз» , - дейді мектеп директоры Айгүл Сарбасова.

Елдімекенде бос тұрған үйлер әлі де бар. Ауыл тұрғындары қоныс аударушыларды құшақ жая қарсы алатынын жеткізді. 

Эльмира Мәмбетқызы

Серіктес жаңалықтары