Елімізде 62 мыңға жуық жетім бала үй кезегінде тұр
Жалға берілетін пәтерді иесі уақыт өте келе өз атына аударып ала алады
Елімізде 62 мыңға жуық балалар үйінің тәрбиеленушісі үй кезегінде тұр, деп жазады «Хабар 24».
Солардың бірі бүгін пәтерлі болды. Рас, баспана әзірге жалға беріледі. Дегенмен, оның жаңа иесі уақыт өте келе жылжымайтын мүлікті өз атына аударып алады.
Жаңа жылда баспаналы болған азаматтың есімі – Андрей. 3 жасынан бастап 16-ға толғанша елордадағы балалар үйінде тәрбиеленген. Кейіннен бас қаладағы колледждердің бірін сәтті тәмамдап, бірден еңбекке араласқан. Қазір ірі сауда орталығында сатушы болып жұмыс істейді. Айтуынша, жалдамалы пәтерге айына 5 мың теңгенің шамасында төлейді.
«Пәтер кезегінде 10 жыл тұрдым. Жақында тұрғын үй бағдарламасы туралы туралы естіп, өтініш білдіру туралы шешім қабылдадым. Жалдамала болса да, өз үйім. Аз ақша төлеймін. Әр бес жыл сайын келісімшартты ұзартып, кейін өз атыма аударып аламын», - деді қала тұрғыны Андрей Горелов.
Жалпы, елімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға Коммуналдық тұрғын үй қоры берілетін пәтерлердің кем дегенде 20%-ін бөлуі тиіс. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң солай дейді. Мәселен, республика бойынша соңғы екі жылда мұндай 1000-ға жуық үй беріліпті. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, бұл аздық етеді. Әрі елімізде баспанаға мұқтаж балаларды тіркеуде де кемшілік бар көрінеді.
«Тұрғын үйге мұқтаж балалардың есебін жергілікті атқарушы органдар әл күнге дейін дербес жүргізеді. Орталықтандырылған база қарастырылмаған. Заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы органдар 6 ай ішінде есепке қоюды қамтамасыз ету міндеті сақталып отыр», – деді Ұлттық адам құқықтары жөніндегі орталықтың басшысы Зере Өтебаева.
Мамандар «елімізде мемлекеттік электронды мәліметтер базалары жұмыс істеп тұрғанда, тіркеу мерзімін бұлай ұзартуға негіз жоқ» дейді. Сондықтан депутаттарды бұл мәселеге назар аударуға шақырып, 6 айлық мерзімді заң жүзінде алып тастауды ұсынып отыр.