$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.01.2020, 17:49
Қоғам

Шетелдік көліктерді кіргізу мемлекеттің жіберген қателігі – Полиция департаменті

Алматыдағы полиция департаментінің өкілі бір топ жүргізушіні шетелдік көліктерді шетінен бас салып айыппұл тұрағына тасу мен «отанына қайтару» сияқты рейдтік шаралар болмайды деп сендірді

Армения мен Қырғызстаннан әкелінген көліктердің көбі Еуро-5 стандартына сай емес. Сондықтан ол көліктерге қатысты құжаттық рәсімдеу жүргізілмейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ал жүздеген мың шетелдік көліктерді шекарадан бері өткізу мемлекеттің жіберген қателігі. Сондықтан шетелдік көліктерді шетінен бас салып айыппұл тұрағына тасу мен «отанына қайтару» сияқты рейдтік шаралар болмайды. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұратәлиев айтып берді.

Армениядан 3 млн теңгеге көлік салтып әкеліп, қазір темір тұлпарынан айрылып қалам ба деп уайымдап жүрген жүргізушінің бірі - Дәурен Санатов. Рөлі оң жақта орналасқан көліктің қазақ елінде тіркеуге алынбайтынын біле тұра, Алматыға құны арзан, жылы жаңа автокөлік әкелген.

«Заңның барын білем. Алайда, бұл менің басымдағы ғана жағдай емес. 200 мың шетелдік көліктің осында жүруіне Қазақстанның кеден қызметі, құқық қорғау органдары, тіптен осы жағдайға жеткізген депутаттар да кінәлі. Бірақ дәл қазір ешкім қатесін мойнына алғысы келмейді», - дейді Дәурен Санатов.

Алматы қалалық ПД өкілдері Армения, Ресей, Беларусь және Қырғызстан елдерінен әкелінген көліктерді қалай рәсімдеп, реттеудің жолын түсіндіріп жатқанда, бір топ жүргізуші қарсылық білдіруге жиналды. Бүгінде Қазақстан жеріне аты аталған мемлекеттерге тиесілі 170 мыңнан астам көлік кіргізілсе, олардың 20 мыңы Алматы қаласында жүр екен. Тіпті, транзиттік нөмірмен жүрген көліктердің иелері де жол ережесін жиі бұзады екен. Өткен жылы сырттан келген көліктердің жүргізушілері жол ережесін 90 мың рет бұзып, оларға 1,1 млрд теңгенің айыппұлы салынған. Алайда, билік жол ережесін жиі бұзатын мұндай көліктерді жаппай ұстауға асықпайтынын айтты.

«Бұл жерде біз өзіміздің қателігімізді, басқада мемлекеттік органдардың қателіктерін, кемшіліктерін мойындап отырмыз ғой. Соны енді осы азаматтарға жеткізіп отырмыз. Көліктерді шекарадан алып өткен кезде құжаттарды, көліктерді дұрыстап тексермей, өз жағымыздан, басқа органдар жағынан қателік жіберіп отырмыз. Бірақ, бір жағынан біз одаққа (Еуразиялық экономикалық одақ – авт.) мүше болғандықтан, ол жақтан келіп жатқан көліктерді де қатты тексермейді. Сондықтан, біз қателіктердің бәрін мойындап отырмыз. Бірақ азаматтарға заңмен танысып, құжатарын реттеуді түсіндіріп отырмыз», - дейді Жандос Мұратәлиев.

Билік талабы - аталмыш көліктердің құжаттарын заңды түрде жылдам реттеу. Алайда, сырттан арзан бағаға әкелгенмен, осында тұрақты тіркеу құны қымбатқа түседі. Әкімшілік полиция басқармасы бастығының айтуынша, жеңіл көліктерді Қазақстанда тіркеуге қою құны 500 мың теңгеден басталып, 4 миллионға дейін жетеді. Баж салығын ауырсынбағанның өзінде, бұғаттауға қарсы тежегіш жүйесі (ABS – авт.), алдыңғы қауіпсіздік көпшігі, Isofix бекіту жүйесі сынды талаптарды орындап, Еуро-5 стандартына сай болуы  тиіс. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары