Бесбаев төрағалыққа келген ұйым қанша табыс табады? Зағипа Балиеваның жауабы
Мейрамбек Бесбаевтың Instagram әлеуметтік желісіне қалдырған жазбасы елді дүрліктірді
Әншінің бүгін, 17 қаңтар күні сағат 15.00 шамасында Мәжіліс депутаты Зағипа Балиеваның суретін жүктеп қалдырған жазбасы 20 мың «лүпіл», екі жарым мыңға жуық пікір жинаған. Тіпті, танымал әншінің жазбасынан кейін елордалық журналистер депутаттың кабинетіне іздеп барған. Зағипа Балиева журналистердің көзінше әншіге телефон соға алмай жатқанын айтып отыр.
Azattyq-ruhy тілшісі Мейрамбек Бесбаев басшылыққа келген ұйымның қаржылық жағдайын, әншінің алдында бұл ұйымды кім басқарғанын, ал депутаттың ұлына қандай компаниялар тиесілі екенін анықтады.
Зағипа Балиеваның алты баласы, Данияр, Ернар, Әлияр, Нұрсұлтан атты төрт ұлы және Әлдара-Бегім, Дария есімді екі қызы бар. Жолдасының аты-жөні - Мұхтар Балиев.
Осы балаларының арасында тек Данияр Балиевтің атында бірнеше кәсіпорын тіркелген. Біреуі Нұр-Сұлтан қаласында, екеуі Алматыда. Нұр-Сұлтанда тіркелген «OMEGACOM» ЖШС-сы арнайы дүкендерде әртүрлі бөлшек саудамен айналысады. Мекеме 2003 тіркелген. 2014 жылдан бері алты жыл бойы бюджетке салық төлемеген.
Алматы қаласында тіркелген екі кәсіпорнының қызмет істейтін саласы бір-біріне ұқсас. «BIG GAME MEDIA» ЖШС-сы қорғалатын авторлық құқығы бар жұмыстарды қоспағанда, зияткерлік меншікті жалға берумен айналысады. Мекеме он жыл бұрын, 2009 жылдың шілдесінде тіркелген. 2014 жылдан бері төлеген салығына қарағанда, «BIG GAME MEDIA» зияткерлік меншікті жалға беруден тәп-тәуір пайда көріп келе жатып, соңғы екі жылда «дағдарысқа» тап болған сияқты.
2014 жылы мекеме бюджетке 21 млн 957 мың теңге, 2015жылы 13млн 700мың, 2016 жылы – 9 млн 185 мың, 2017 жылы – 2 млн 856 мың салық салған. 2018 жылғы салығы 4 800 теңгені құраған осы ЖШС былтыр салықты «0» теңгемен тапсырған.
Данияр Балиевтің атына тіркелген үшінші мекеме «ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚОЛДАУ ҚОРЫ» деп аталады. Қоғамдық қоры Алматы қаласында 2012 жылы тіркелген. Контрагенттерді тексеретін Учет.кз серивсі бұл ұйымның да жетекшісі Данияр Балиев деп көрсеткен. Қоғамдық қор 2014, 2015 жылдары бюджетке 3 млн теңгеден астам көлемінде салық, 2016 жылы – 2 млн, 2017 және 2018 жылдары әрқайсысы 1 млн 500 мың теңгеден астам, ал былтыр 407 мың теңге салық төлеген.
Ал, әнші Мейрамбек Бесбаев «2020 жылдың 15 қаңтарынан бастап басқарма төрағасына мен сайландым» деп отырған «Зияткерлік меншік құқықтарын басқару жөніндегі қазақстандық қоғам» республикалық қоғамдық бірлестігінің салығына қарап, жылдық табысы миллиардтан асатынын байқауға болады.
Қоғамдық бірлестік алдыңғы жылдарды айтпағанда, 2018 жылдың өзінде 38 млн 308 мың теңге, 2019 жылы – 24 млн 201 мың теңгеден астам салық төлеген. Бірлестік 11 жыл бұрын Алматы қаласында тіркелген.
Бірақ, ресми деректерде қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Зағипа Балиеваның ұлы – Данияр Балиев емес, Арман Жанатбекұлы Кенжебаев деген азамат екені жазылған.
Зағипа Балиева ұлым Мейрамбек Беспаев сияқты, осы қоғамдық қордың тең құқылы меншік иесі болғанын айтады. Нұр-Сұлтанда отырған депутат Зағипа Балиева Мейрамбек Бесбаев әлеуметтік желіні шулатпай, ер азамат ретінде алдымен өзіме хабарласуы керек еді деген пікірде. Біз сияқты ол да әншінің телефонын алдыра алмай отыр екен.
«Егер оның (Мейрамбек Бесбаевтың - авт) немесе продюсерінің телефон нөмірін тапсаңыз, маған жіберіңізші. Мен не болып жатқанын, жалпы, ол неге осындай пост жазғанын білгім келеді. Мен де, ол да елге белгілі азаматтармыз. Қазақстанның ішінде шу шығармай, бірінші маған телефон соқса, барлық сұрағына жауап берер едім. Мен оны мүлде түсінбедім, оған жауап берер едім ғой. Менің ұлым Мейрамбек Бесбаев сияқты ол ұйымның құқық иесі (правообладатель - авт) болған. Енді мен әншімен байланысып, мәселенің мән-жайын анықтағым келеді»,- деді Аzattyq-ruhy тілшісінің телефонына жауап берген депутат.
Ал, «Арман Кенжебаев пен ұлыңыз жақын дос екен, ол рас па?» деген сұрағымызға депутат:
«Досы болса, қайтеді!? Досы болған күннің өзінде әнші оның суретін емес, менің суретімді жүктеп, мен және менің ұлым туралы жазып тұр ғой? Бірақ, ұлымнан досы ма, жоқ па сұрайын», - деп тұтқаны қойды.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан