$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.01.2020, 21:57
Қоғам

М. Тынышбаев атындағы көлік академиясынан дау шықты

Оқу орнының қызметкерлері ректор тарапынан қысымға ұшырағандарын жеткізді

М. Тынышбаев атындағы көлік академиясынан дау шықты

Мұхаметжан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясынан дау шықты. Жоғары оқу орнының қызметкерлері өздерін ректордың жыныстық қатынасқа тартқанын мәлімдеді. Ал ұсыныстан бас тартқандықтан жалақының қысқарып, қызметтерінен айрылғалы тұрғанын жеткізді, деп хабарлайды «Астана» арнасы.

Өзінің аты-жөні мен жүзін жасырған азаматша Мұхаметжан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы ректорының себепсіз қысымына шыдай алмадым дейді. Жоғары оқу орнында он жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ұстазға басшысы қырындап, ерсі қылық көрсеткен көрінеді. Ұсыныстан бас тартқандықтан жалақым қысқарып, жұмыстан кетуімді талап етті деп отыр.

«Жұмыс бойынша кабинетіне шақыртады. Өтірік бірнәрселер сұрап, маңдайдан сүйеді, беттен сүйеді. Сонымен қырындау басталады. Кейде кальян шегейік дейді. Өзі кальян шегеді. Түскі асқа шақыртады. Сондай әрекеттермен жәйлап басталады. Сосын қарсы шыққаннан кейін басқа бір адамдар арқылы жұмысты себеп қылып, жұмыстан шығып кетсін дейді. Желтоқсанда меңгеруші шақырып, «екі ескерту береміз, жұмыстан өз еркімен шығып кетсін» деп айтыпты. Әйтпесе, бап бойынша жұмыстан шығаратынын айтты» - дейді аты-жөнін жасырған ұстаз.

Әзірге заңгердің көмегіне екі қызметкер жүгінген. Олар ректордан ерсі әрекет көрген біз ғана емес деп отыр. 5-6 ұстаздың да басынан өткенін айтты. Бірақ жұмысынан айрылғысы келмегендіктен, шындықты айтуға ешкімнің дәті бармайды дейді жәбірленуші. Күзетшінің айтуынша, бір жылдан бері жекеменшікке өткен академия ректоры еңбек демалысында көрінеді. Орынбасарлары да оқу орнында емес екенін айтты. 

Бұл істі қолға алған қорғаушының айтуынша, арыз Ішкі істер министрлігіне жолданған. Дауды құқық қорғаушылар анықтайтын болады.

«Осыдан екі күн бұрын маған академия қызметкерлері келіп, құқықтық көмек сұрады. Қазіргі таңда азаматшалардың арызы заңды түрде Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне және білім министрілігіне жолданды. Арыз қабылданды. Құзырлы органдардың жауабын күтіп отырмыз», – деді заңгер Думан БАЗАРБЕКОВ.

Арызданған академия қызметкерлерінің айтуынша, оқу орнына жаңа басшы келген күннен бастап жаппай қысқарту жүргізілген. Бір жылда екі жүзге жуық адам жұмысынан айырылды деп отыр.
 

Серіктес жаңалықтары