«Бұл жүйе әбден шіріген»: Меркі ауданында жалғыз кәсіби инфексионист дәрігерді басшысы жұмыстан қуып жібеген

Azattyq Rýhy

Ол өңірдегі денсаулық сақтау саласының аянышты халін әлеуметтік желіде көрсеткен

«Бұл жүйе әбден шіріген»: Меркі ауданында жалғыз кәсіби инфексионист дәрігерді басшысы жұмыстан қуып жібеген
Фотоколлаж

Жамбыл облысының Меркі ауданында дәрігерлер арасында дау шықты. Түркістан облысынан аудандық ауруханаға бас дәрігер болып ауысып келген Жанар Оспанова қоластындағы қызметкерлерге қысым жасады деп шағымданды аталған аурухананың мамандары. Айтқанына көнбегендердің жалақысын қысқартып, тіпті аудандағы жалғыз инфекционист дәрігерді жұмыстан шығарып жіберген көрінеді.

Толқынай Ордабаева соңғы үш айдан бері жұмыссыз. Ол Меркі аудандық ауруханасында инфексионист-дәрігер, қауіпті жұқпалы аурулармен ауырған адамдарды емдейтін бөлімнің меңгерушісі болған. Елге коронавирус тарап, аудандағы халық қауіпті індеттен құтылудың жолын таппай қиналғанда күні-түні алдыңғы шепте болған. Талай адамның өмірін арашалауға аянбай еңбек еткен. Өзі де індет жұқтырып, өлім аузынан қалған еді. Ол аудандық ауруханада короновируспен күресіп жатқан қызметкерлерге жағдай жасалмағаны, аппараттардың жетіспейтінін және басшылардың жауапсыздығын, парақорлығын министрлікке дейін көтерген.

«Жанар Оспанова Түркістан қаласындағы аудандық орталық ауруханада жұмыс істегенде де қызметкерлерімен бірнеше рет дауласып, келеңсіз жағдайларға тап болған. Ақыры оны Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бізге – Меркі аудандық ауруханаға бас дәрігер етіп тағайындады. Мен бұған қарсы болдым, өйткені Оспанованың бұрынғы әрекеттерін білемін, ол туралы телеарналар жаңалық та көрсекткен. Осыны әріптестеріме көрсеттім. Содан бері Жанар Оспанова менің қыр-соңыма түсіп алды», - дейді инфексионист-дәрігер Толқынай Ордабаева.

Ордабаеваның сөзінше дау кіші қызметкерлердің айлығын қысқартудан басталған. Басшылықтан өзіне қарасты кафедрадағы қызметкерлердің жалақысын толық төлеуді талап еткен. Одан бөлек, инфексионист-дәрігер ауруханадағы ескірген кабинеттердің суретін әлеуметтік желіде жариялап, науқастарға қолайсыз екенін де айтқан. Ақыры даудан соң бас дәрігер «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы барған маманды кафедра меңгерушісі лауазымынан алып қана қоймай, жұмыстан да шығарып жіберген. Маман өзінің бір айдың ішінде қатарынан үш рет тәртіптік жазаға тартылғанын айтады.

«2020 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне шағымдандым, дәлелдерім расталып, аудандық аурухананы табыс көзіне, отбасылық бизнеске айналдырған кейбір адамдар қызметінен босатылды. Бірақ, лауазымды қызметтен босатылған адамдар 4 айдан кейін жұмысқа қайта алынды. Міне, сол кезден бастап маған тыныштық та, жұмыс істеуге мүмкіндік те бермеді. Мен бұл әрекеттерге шағымданбақ болғанда, маған көпшілік алдында жанжал шығармау керегін айтты, сондықтан мен қиындықтарға қарамастан үндемей, жұмысымды орындауға тырыстым. Аурухана тағы да сол ескі жүйе, баяғы әдіске көшті. Жаңадан тағайындалған бас дәрігер күйеу баласы мен таныстарын өзімен бірге жауапты орындарға отырғызды, орынбасар және кафедра меңгерушісі сынды лауазымдарды берді. Тіпті, бас бухгалтерді де ауыстырды, қамқоршылық жөніндегі қызметкерді қорлап, жұмыстан қуып жіберді. Мен үнемі шабуылдар мен қорлауға ұшырасам да, төздім. Кейін демалыста жүргенімде бір айдың ішінде қатарынан 3 рет тәртіптік жазаға тартылдым», - деді Т.Ордабаева.

Маман араша сұрап аудан әкіміне де, дәрігерлердің құқығын қорғайтын кәсіподақ ұйымына да барған. Олардан қайыр болмаған соң, сотқа жүгінген. Аурухананың бас дәрігері мен маманның арасындағы дауға қатысты бірнеше рет сот отырысы өткен. 9 жылын қауіпті індетпен аурыған адамдарды емдеуге жұмсаған маман өзінің құқығын қорғай алмай жүргеніне үш айға жуықтаған. Енді ол ел Президентінен де араша сұрайды.

«Меркі ауданының әкімі Нұрсипатовқа жүгінсем, ол сөзімді де тыңдамады. Оны жас дәрігердің ғана емес, Меркі өңірі тұрғындарының тағдыры мүлдем қызықтырмайды. Өйткені ауданда өткен митинг кезінде әкім қызметін тастап кетіп, тәртіпсіздіктен кейін қайта оралған.

Мен кәсіподақ дегенді де мүлде түсінбеймін. Одақ не істейді, не бітіреді? Кафеге баруға, бір жаққа демалуға біздің есебімізден барады. Қанша жылдан бері кәсіподақ ұйымына ақша төлеп келемін, менің қатысуымсыз жиналыс өткізіп, жұмыстан шығару туралы арызға қол қойды. Кәсіподақ жұмыстан босатуға қалай қол қояды? Менің түсінуімше, кәсіподақ қызметкерлерге көмектесуі керек.

Еңбек инспекциясына арыз жаздым, олар да жауап бермейді. Дәрігерлердің құқығын қорғайтын ұйым жоқ.

Болмаған соң сотқа шағымдандым. Меркі шағын аудан, бәрі бірін бірі таниды. Басшылық тікелей сотқа шығып, қысым көрсетуге дейін барады, әділ шешім шығаруға мүмкіндік бермейді. Сондықтан қазір тек Президентке ғана шағым айтуым қалды. Басқа баратын жердің бәріне барып шағымымды айттым, тыңдайтын құлақ жоқ. Енді Қасым-Жомарт Кемелұлы сөз бостандығын, демократияны жиі айтады, ендеше менің проблемам да Президенттің құлағына жетеді деп үміттенемін. Маман жетіспей отырған өңірде мамандарды жұмыстан қуу халыққа жасалған қастандық деп ойлаймын. Елімізде пандемия әлі аяқталған жоқ, Меркіге инфекционист дәрігерлер ауадай қажет. Облыстағы денсаулық сақтау жүйесі әбден шіріп бітті, шындық үшін шырылдаған адамдарды суға батырудың қажеті жоқ», - дейді жас маман.

Толқынай Ордабаева қазір денсаулығының күрт нашарлап кеткеніне шағымданды. Жан-жақтан болған қысым мен әділетсіздіктен жүйке жұқарып, дем алуы қиындаған екен.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.