$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қаңтар оқиғасы кезінде қару ұрлаған қос жігітке үкім шықты

Сотталушының әкесі үкіммен келіспейді

Қаңтар оқиғасы кезінде қару ұрлаған қос жігітке үкім шықты

Алматыда қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қару ұрлады деген айыппен ұсталған екі жігітке сот үкім шығарды. Бұл жаппай тәртіпсіздікке қатысты ұсталғандар бойынша түрмеге қамау жазасына кесілген алғашқы сотталушылар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен екі жігіттің әрқайсысы бес жылдан жазаға кесілді. Сотталған жігіттер Есік қаласының тұрғындары. Бақыт Оңтай мен Өжет Жеңісханның жастары 22-де, жаппай тәртіпсіздік кезінде екеуі де Алматыға арнайы келген. Олар енді жазаларын қауіпсіздігі орташа режимдегі түзеу мекемелерінде өтейді. Бірақ жігіттердің туыстары тергеуді шұғыл аяқтап, тез шығарылған үкіммен келіспейтінін хабарлады.

«Менің ұлым террорист емес, ешқандай ұйымға мүше емес, өзге де қылмыстарға қатысы жоқ. Пікірін білдіру үшін бейбіт шеруге шыққан. Сол кезде біреулер қорқытып, қару кезеп, мәжбүрлеген соң қаруды алған. Ол қарудан ешқандай оқ атылмаған. Осы балама араша түсуді сұраймыз. Ел Президенті қаңтар оқиғасына қатысты әділетті тергеу болатынын, әділетті сот өтетінін айтқан. Біздің баламызға әділетсіз үкім шығарды. Істің қайта тергеліп, заңның үстемдік құрғанын қалаймыз», - деді сотталған Өжеттің әкесі Жеңісхан Әбдірамұлы.

Сотталушының бірі Қытайдан көшіп келген қандас. Бақыт Оңтай мен Өжет Жеңісханды полиция қаңтар оқиғасынан кейін тергеу абақтысына Есік қаласынан ұстап кеткен. Оларды тергеу 26 қаңтарда аяқталып, сот үкімі 17 ақпанда шыққан. Шағымданушы Ж.Әбдірамұлының сөзінше, қос жігітке ҚР ҚК 291-бабының 3-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу) бойынша айып тағылған. Тергеу мәліметінше, екі жігіт бір топ адаммен бірге Алматыдағы «Алмпамыс» қару-жарақ дүкенін тонауға қатысқан.

«Қаңтардың 3 күні ұлым көлігіне бензин құю үшін шыққан. Түнде бір топ полицей үйімізге тінту жүргізді. Олар осы тінтуден кейін ұлымды алып кетті, кейін адвокат арқылы баламның қару-жарақ ұрлауға қатысты айыпталып, іс қозғалғанын білдім», - деді сотталған Бақыттың анасы Ақмарал Байсейітова.

Ал, Алматы қалалық сотының ақпаратынша, істі судьялар барынша әділ қарап жатыр. Айыпталушылардың көбі қылмысын мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетінін білдіргендіктен, бас бостандығынан шектеу жазасымен құтылған.

«Қаңтар оқиғасына қатысты осы күнге дейін 46 қылмыстық іс сотқа түсті. Оның 18-не үкім шығарылды және шығынды өтегендіктен көбінде қос тараптың татуласуымен аяқталды. Айыпталушылардың бәрі кінәсін мойындап, жасаған істеріне өкінетінін білдірген. Күдіктілердің көбі қылымысты бірінші рет жасаған, отбасында кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар. Сот ондай жағдайларды міндетті түрде ескереді. Сосын прокуратура да соттан көбіне шектеу жазаларын беруді сұрап жатыр. Мәселен, Жетісу аудандық соты «А» деген азаматқа ҚК 188-бабы, яғни ұрлық жасағаны үшін үкім шығарды. Ол дүкеннен жолай өтіп бара жатып, бір қорап затты алғанмен, оны ашпаған. Дүкен иесіне келген шығын 115 мың теңге. Қорап иесіне қайтарылып, күдікті кінәсін мойындап, әрекетіне өкінген соң, сот оны екі жылға бас бостандығынан шектеді. Сот үкімі шыққандардың барлығы түрмеге қамалып жатқан жоқ», - деді Алматы қалалық сотының ресми өкілі Абай Жарылқасынұлы.

Қос жігітке шыққан үкім заңды күшіне енген жоқ. Сотталушылардың туыстары апелляциялық шағым түсірмек.

Серіктес жаңалықтары