«Сәбиді екі күн қараусыз қалдырған»: Меркі ауруханасының бас дәрігері аудандағы жалғыз инфекционисті не үшін жұмыстан шығарғанын түсіндірді
Екі тарап тағы да сотта жолықпақшы
Бұған дейін Меркі аудандық ауруханасының дәрігері Толқынай Ордабаеваның жұмыстан шығарылғаны туралы мақала жариялаған болатынбыз. Ол – аудандағы жалғыз инфекционист дәрігер. Айтуынша, аурухананың бас дәрігерін сынағаны және аурухананың мүшкіл халін әлеуметтік желіде айтқаны үшін оны қудалап, ақыры қызметтен қуып тынған.
Алайда, Меркі аудандық ауруханасының бас дәрігері Жанар Оспанова мұны өзіне жағылған жала деп отыр. Ол жағдайдың Толқынай Ордабаева айтқандай емес, басқаша өрбігенін айтады. Бас дәрігердің сөзінше, инфекционист дәрігер өз ісіне салғырт қарағаны үшін алдымен сөгіс алып, кейін жұмыстан шығарылған екен.
«Ордабаеваның жазбасы шындыққа мүлдем сай емес. Оның әрекеті – өзін аянышты, өзгені қаралап көрсету. Ордабаева өзі бөлім басшысы, яғни бөлім басшысы болып тұрғанына қарамастан шұғыл түрде ауруханаға түскен төрт айлық нәрестені 20 сағат бойы дәрігерлік тағайындаусыз, ем-шарасыз қалдырып, сәбидің өміріне тікелей қауіп төндірген. Соның салдарынан нәрестенің жағдайы өте ауыр халге түсіп, бүйрек жетіспеушілігімен кома жағдайында жансақтау бөліміне ауыстырылды. Қызметтік тексеру кезінде өрескел заң бұзушылықтар мен дәрігердің әрекетсіздігі анықталды. Дәлірек айтқанда, ауыр халде жеткізілген балаға ешқандай емдеу жұмыстарын жүргізбеген. Бала аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне 2021 жылдың 2 қарашасында түскен, ал Ордабаева ауыр жағдайдағы баланың жатқанын біле тұра үйіне кетіп қалған. Бұл жауапсыздық үшін басқа дәрігерлер мен медбикелер де жауапқа тартылды. Ордабаеваның айтуынша, «баланың кітапшасы басқа бөлімшеде қалғандықтан» сәби екі күн бойы тиісті ем-домсыз қалған. Бұған дәлел ретінде Ордабаеваның өз қолымен жазған түсініктемесі бар. Түнде баланы санитарлық авиация Таразға жеткізіп, әрең дегенде аман алып қалған. Барлығына бөлім басшысы жауапты. Бұл медицина қызметкері үшін өрескел заң бұзушылық болып саналады», - деді Меркі аудандық ауруханасының бас дәрігері Жанар Оспанова.
Меркі аудандық ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі Толқынай Ордабаева 14.10.2021 жылғы №67 бұйрығымен оған «ескерту», 29.10.2021 жылы №68 бұйрығымен – сөгіс және Орталық аудандық ауруханасының 2021 жылғы 03 желтоқсандағы №245 бұйрығымен еңбек шарты бұзылған.
«Т.Ордабаеваның БАҚ-қа шағымданғаны, жазғандарының бәрі сотқа көрсетілген қысым деп есептейміз. Аурухаға әкімшілігіне әлеуметтік желілер арқылы жариялаған айыптарының бәрі жала болғандықтан, біз сотқа тағы жүгінетінімізді хабарлаймын. Жұмыстан шығарған жұмыс берушінің немесе жұмыстан босатылған қызметкердің дұрыстығын заң шешеді. Т.Ордабаеваның өтінішіне пікір білдірген тұлғаларға, ол еңбек заңнамасының нормаларын үш-төрт рет бұзғаны үшін осындай тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын хабарлаймыз. Оған дейін де бірнеше рет ауызша да ескертулер алған. Денсаулық сақтау басқармасы басшыларына, аурухана әкімшілігіне ұжымдық арыз да түскен. Арызда көп жылдық тәжірибесі бар дәрігер мамандар Ордабаеваның адамгершілік мінезі сын көтермеуіне байланысты ұжымда бірге қызмет етуден бас тарту туралы арыздар да түскен», - деді аурухананың заңгері Жанна Дәулетова.
Дау туындағанда Ордабаева өзі жұмыс істейтін бөлімдегі ахуал туралы да хабарлап, науқастарға жағдай жасалмағанын, дүниелердің ескіргенін айтқан еді. Ал басшылықтың сөзінше, бөлім меңгерушісі бола тұра Ордабаева 2021 жылға бірде бір рет тапсырыс бермеген. Бірақ, соған қарамастан коронавируспен ауырған, өзге де жұқпалы аурулармен түскен науқастар жататын бөлімдегі жуыну бөлмесі мен дәретханалар, төсектер Бас дәрігердің нұсқауымен толықтай жаңарған. Аурухана ғимаратының ескі, күрделі жөндеуді қажет ететініне қарамастан науқастар мен медициналық қызметкерлерге мүмкіндігінше жағдай жасалған көрінеді.
«Ордабаева 2020-2021 жылы бөлім меңгерушісі бола тұра ескірген заттарды ауыстыруға ешқандай тапсырыс бермеген. Ағымдағы жылдың мамырында тағайындалған Бас дәрігер үнемделген қаржыға күз айларында осы жұқпалы аурулар бөлім қызметкерлері үшін екі демалу бөлмесін ашып берген. Мамандарға қауіпті вирустан сақтану үшін бір реттік қорғаныш костюмдерін тәулігіне 6 рет ауыстыратын мүмкіндік жасалды. Жансақтау бөліміне көпсалалы 10 төсек алынды. 30 науқасқа арналған төсек-орын түгелдей жаңартылып, жұмсақ матрац қойылды. Жуыну бөлмесі жаңартылды. Тәулік бойы ыстық су ағып тұр. Ғимарат ескі, күрделі жөндеуге жатады. Пандемияға байланысты күрделі жөндеу жүргізу 2022 жылдың біріші тоқсатына шегерілді. Ордабаева айтқандай ешкім қызметтен қуылып жатқан жоқ. Бас дәрігер келгелі екі адам ғана жұмыстан шыққан, біреуі өзі еркімен, екіншісі басқа ауруханаға ауысуына байланысты. Ал инфекционист Т.Ордабаева қызмет барысында жиі тәртіп бұзып, дөрекілік танытқандықтан әріптес дәрігерлерден, науқастар мен тұрғындардан түскен шағымдар көбейді. Бөлім меңгерушісі бола тұра өзінің тікелей міндеттемелеріне салғырт қарап, ауруханадағы көп жылдық тәжірибелі қызметкерлердің наразылығын тудырды. Сонымен қатар, Ордабаева емделіп жатқан науқастарға дайын текст беріп, видеоға түсіріп, сол арқылы әкімшілік құрамды бопсалаумен де айналысуды әдетке айналдырды. Осыған байланысты Жұмыс беруші ағымдағы жылдың 3 желтоқсанында Т.Ордабаевамен біржақты келісімшартты тоқтатты. Т.Ордабаевамен еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтың заңдылығы қазір сотта шешілуде», - деп хабарлады Жамбыл облысы Меркі аудандық Орталық ауруханасының баспасөз қызметі.