$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Пандемия кезінде несие төлей алмадық»: Алматыдағы Hilton қонақ үйін кім сатып жіберді?

Кәсіпкерлер мұны рейдерлік тартып алу деп отыр

«Пандемия кезінде несие төлей алмадық»: Алматыдағы Hilton қонақ үйін кім сатып жіберді?

Алматыда төрт жыл бұрын пайдалануға берілген әлемдік Hilton қонақ үйлер желісінің тағдыры қыл үстінде тұр. Дүниежүзінің алты құрлығынан туризм және қонақжайлық бизнесі үшін 4900 жылжымайтын мүлік салған халықаралық компания біраз жыл бұрын Қазақстан нарығына да келген еді. Туризм нарығындағы ірі ойыншы Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан екі мейманхана салуды жоспарлаған. Соның бірін «АБЛИ Құрылыс» компаниясы франчайзинг келісімі негізінде Алматының орталығынан ашуға мүмкіндік алады. Жеке серіктестік 2017 жылдың соңында қаладағы Досмұхамедов көшесінің бойынан DoubleTree by Hilton қонақ үйін іске қосқан болатын.

ПАНДЕМИЯ ҚОНАҚ ҮЙ БИЗНЕСІН ТҰРАЛАТТЫ

Негізгі құрылтайшы қонақ үй салу барысында елдегі екінші деңгейлі банктердің бірінен қомақты несие алады. Қарызды «Capital Bank Kazakhstan» АҚ жылжымайтын мүлікті (DoubleTree by Hilton қонақ үйін – авт.) кепілге алған соң береді. Қарыз көлемі – 4 млрд 200 млн теңге. Арада екі жыл өткенде коронавирустық пандемия жарияланып, оның салдары шағын және орта бизнеске тие бастайды. Дәл осы кезде Қазақстан Президенті кәсіпкерлерді қолдауға тапсырма береді.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының 2020 жылғы 26 наурыздағы №167 бұйрығымен Төтенше жағдай енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру тәртібі бекітілді. Құжатта 2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде қаржылық жағдайы нашарлағаны туралы өтініш берсе жеткілікті. Банк (микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) өтініштің негізінде 10 (он) жұмыс күні ішінде төлемдерді тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды және қарыз алушыға қолжетімді тәсілдермен хабарлайды, деп көрсетілген.

«Айта кету керек бұл категорияға қонақ үй бизнесі де кірген. Өздеріңізге белгілі, 2020 жылы наурызда мемлекет коронавирус дертіне орай карантин жариялады. Бұл үш айға созылған шектеу шаралары болатын. Бұл кезде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің №167 бұйрығы шығып, кәсіпкерлерге қолдау білдірілетіні жария болды. «АБЛИ Құрылыс» компаниясы да Double tree by Hilton қонақүйінің иесі ретінде «Capital Bank Kazakhstan» өкілдігіне хат жазып, несиелік төлемдерді уақытша тоқтата тұруды сұраған. Алайда, жауап болған жоқ. Біз де ел қатарлы алаңсыз болдық», - дейді компания заңгері Дмитрий Сазонов.


Дмитрий Сазонов

Заңгердің сөзіне қарағанда, пандемияға байланысты ай сайынғы несие төлемдерін кейінге шегеру туралы банкке тағы да бес рет өтініш жолданған. Бірақ қаржы институты өтінішті қабылдағанымен кері байланыс жасамаған. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 15 маусым 2020 жылы тағы да шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қосымша қолдау көрсету шаралары туралы шешім шығарады. Бұл жолы №251 бұйрық негізінде шығынданған несие және микронесие бойынша қарыз алушылар қосымша құжаттарсыз өтінім беру негізінде несие бойынша төлемді кейінге шегеруге мүмкіндік алады.

«Біз заң талаптарын орындадық. Бұйрық негізінде банкке өтініш бердік. Коронавирустық шектеулерге байланысты қонақ үйлер жұмысын тоқтатты. Мұны елдің бәрі біледі. Сол жылы наурыз айынан күзге дейін бизнес жүрген жоқ. Бәрі жабық болды. Қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттар мен дәлелдер талап етілмей, несиені уақытша кейінге шегеру туралы бұйрық шықты. Сол жылы наурызда қыбылданған №167 бұйрықтың жазда қыбалданған №251 бұйрықтан айырмашылығы осы. Алдыңғы бұйрық бойынша кәсіпорындар банк алдында өзінің қаржылық жағдайын құжатпен дәлелдеуі тиіс болған. Ал, екінші бұйрықта бұл талап етілген жоқ. Соңғы бұйрықтың негізінде қонақ үйге иелік ететін серіктестік банкке хат жолдаған. Алайда, оған да банк жауап қатпаған. Осыған қарамастан 2020 жылы маусым айының басында «Capital Bank Kazakhstan» банкі «Double tree by Hilton» қонақүйінің иелеріне несие бойынша қордаланған қаржыны төлеу туралы құлақтандыру жіберді. Бірақ мемлекеттік қаржы органдары арнайы бұйрықпен екінші деңгейлі банктерге бизнесті қолдау үшін несие төлемдерін шегеруге нұқсау берді. Банк заң талабын орындаудың орнына бұған сол кезде көз жұмыпты», - дейді Д. Сазонов.

БАНКРОТҚА ҰШЫРАҒАН БАНКТІҢ АРТЫНДА КІМ ТҰР?

Осы жерде айта кету керек, елде пандемиядан соң бірнеше банк лицензиясынан айырылып, банкротқа ұшырады. Олардың қатарында «AsiaCredit Bank», «Tengri Bank» болды. Көп ұзамай бұл тізіміге «Capital Bank Kazakhstan» АҚ да қосылды. Аталған үш қаржы институтына кәсіпкер Орифджан Шадиев иелік еткен. Ол 2019 жылы AsiaCredit Bank, Capital Bank Kazakhstan және Tengri Bank-ты толығымен бақылауға алуға талпынған. Алайда, оның банк саласында жолы болмай, аты аталған екінші деңгейлі банктер тарауға мәжбүр болады.

Орифджан Шадиев елдегі ықпалды 50 бизнесменнің қатарына кірді. Ол 2018 жылы Forbes тізімінде 26-шы орынға көтеріліп, дәулеті 177 млн АҚШ долларына дейін еселенген. Ал, 2019 жылы 32-ші орынға түссе, 2020 жылы қазақстандық миллионерлер тізіміне ілінбеген.

Ол олигарх Патох Шодиевтің немере інісі. Өзінің кәсібін 2007 жылы ENRC тобына қарасты логистикалық компанияға жетекшілік етуден бастаған. Сосын Жезқазған-Бейнеу (200 шақырым), Жетіген-Қорғас (250 шақырым) темір жолын салған «Жол Жөндеуші» компаниясына иелік етіп, жеке бизнес империясын құрады.

Миллионер Орифджан Шадиев тағы бір банкті «құрдымға жіберді»: салымшылар қайтпек?

DoubleTree by Hilton қонақ үйінің қазіргі қожайындары бизнесті тартып алуға нақты осы кәсіпкердің ықпалы болды ма дегенге жауап бермеді. Бірақ мейманхананың тұралап, несиелік борышын өтей алмаған кезеңі «Capital Bank Kazakhstan» АҚ-на Орифджан Шадиев иелік еткен уақытпен тұспа-тұс келеді.

Алматыда арнайы баспасөз мәслихатын өткізген қонақ үй өкілдері қалыптасқан жағдайды рейдерлік деп бағалайды. Заңгер Дмитрий Сазонов 2020 жылы бес ай төленбей қалған несие берешегі 200 млн теңге болғанын айтады. Кәсіпкерлердің жағдай түзеліп, бизнес жолға қойылғанда бұл қаражатты төлеуге мүмкіндігі жететін еді. Бірақ банкте жатқан кепілдік құжаттардың негізінде DoubleTree by Hilton қонақ үйінің сырттай сатылып кеткені белгілі болған, дейді Д.Сазонов.

ЕКІ ЕСЕ АРЗАНҒА САТЫЛҒАН...

«Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жоғарыда шығарылған бұйрықтары негізінде шағын және орта бизеске несиені 2020 жылдың 1 қазанына дейін төлемеуге болатыны туралы шешім қабылдады ғой. Алайда 2020 жылы қыркүйек айында «Capital Bank Kazakhstan» банкі «АБЛИ Құрылыс» ЖШС-не 200 млн теңге негізгі қарыздан тыс өсімпұл мен айыппұл төлеу керек деген хат жібереді. Бірақ банк қонақ үйді басқарушы компанияның берешегі мен негізгі несиені коллекторлық агенттікке өткізіп жіберген. «Заңгер» коллекторлық компаниясы қонақ үйді тез арада 5 млрд 110 млн теңгеге бағалайды. Ал кепілдікте тұрған тағы да 200-ге жуық жылжымалы мүлікті бар-жоғы 60 млн теңгеге бағалаған», - дейді қонақ үй өкілі Асқар Өтешов.


Асқар Өтешов

Көп ұзамай банктен кепілде тұрған жылжымайтын мүлік пен оның жанындағы жылжымалы мүліктер «Байдала» ЖШС-не сату-сатып алу келісімшарты негізінде беріледі. Қонақ үй белгісіз серіктестікке нарықтағы құнынан екі есе төмен бағамен сатылған.

«АБЛИ Құрылыс» ЖШС-де жоғарыда аталған мүліктердің бағасы туралы құжаттық негіздемелер бар. Қонақ үйдің нарықтық құны 8,5 млрд теңге болатын. Бағалау туралы заңнамаға сәйкес, мүліктің иесі бағалау туралы мәліметтермен келіспесе, оның қортындысын сот арқылы шағымданып, жоққа шығара алады. Біз төмен бағаға саудаланған мүлкіміздің құнымен келіспей, Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына талап арыз түсірдік. Яғни «Заңгер» коллекторлық компаниясының бағалау қорытындыларын негізсіз деп тануды талап еттік. Алайда, бұл арызды сот қабылдаудан бас тартты. Ал, бастапқыда несие алғанда «АБЛИ Құрылыс» компаниясы мен «Capital Bank Kazakhstan» АҚ арасындағы кепілдік туралы келісімде бұл қонақ үй мен өзге де жылжымалы мүліктер құны 9,5 млрд теңге деп көрсетілген. Себебі нысан жаңа, соңғы үлгіде салынған және қаланың орталығында», - дейді Асқар Өтешов.

ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАНДАР ҮНСІЗ ҚАЛМАУЫ КЕРЕК

Лицензиясынан айырылып, жақында сот шешімімен тараған Capital Bank Kazakhstan-ның бұдан басқа да әрекеттері әшкере болған. Ол жайында заңгер Дмитрий Сазонов банк пен коллекторлық компания және «Қазаэронавигация» РМК арасындағы оқиғаны мысалға келтіреді. Бұл «үштік» өзара сыбайласу арқылы бұдан бұрын мемлекеттің 14 млрд 700 млн теңге қаражатына қол салғанын айтады.

«Қазаэронавигация» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны Capital Bank Kazakhstan есепшотына қомақты қаражат салады. Мемлекеттік компания 14 млрд теңгеден астам қаржыны депозитке орналастырған. Алайда, бұл бюджеттік сомма банктің есепшотынан жоғалып кетеді. Бірақ 2020 жылы 22 желтоқсанда «Қазаэронавигация» РМК, Capital Bank Kazakhstan және «Заңгер» коллекторлық агенттігі арасында үш жақты келісімшарт жасалып, қомақты қаржы коллекторлық компания есепшотына түскені белгілі болды. Содан кейін ұшты-күйлі жоғалады. Ал «Заңгер» коллекторлық компаниясы осы келісімшарт жасау мерзімінен он күн бұрын ғана құрылған. Біз бұл деректерді банктің ликвидациялық соты кезінде білдік. Ең қызығы, мемлекеттік кәсіпорын өз есепшотынан осындай қомақты қаражаттың жоғалғанын біле тұра, құқық қорғау органдарына шағымданбаған. Ұлттық банк те тексермеген. Прокуратура да қылмыстық іс қозғамайды. Біздіңше банк осы қаражаттың орнын толтыру үшін өз кредиторлары мен клиенттерін алаяқтық жолмен тонауға шешім қабылдаған болуы керек деп ойлаймыз. Соның бір құрбаны – DoubleTree by Hilton қонақ үйінің иесі «АБЛИ-Құрылыс» компаниясы», - дейді заңгер.

Айта кету керек, Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Capital Bank Kazakhstan» АҚ-ның қызметін мәжбүрлі түрде тоқтату туралы шешім шығарып, ол 2021 жылы 5 қазанда күшіне енген. Банктің заңды тұлғалар алдындағы берешегі 31 млрд теңге болған. Ал ҚР Ұлттық банкі «Capital Bank Kazakhstan» банкінің бұрынғы акционері Орифджон Шадиевтен 12 млрд 607 млн теңге өндіріп алу туралы сотқа шағым беріпті. Алматы қаласы Наурызбай аудандық соты 2021 жылы 1 қазанда бұл талап арызды қанағаттандыру туралы қаулы шығарған. Ол туралы Kapital.kz басылымы жазды.

Алматыдағы аты әлемге әйгілі Hilton қонақ үйінің ары қарайғы тағдыры белгісіз. Мейманхананы ашып, қомақты қаржы салған кәсіпкерлер мұны «рейдерлік» әрі «алаяқтық» әрекет деп бағалап отыр. Ай сайын несиесін төлеп отыруға қабілеті бар бизнес құрылымы «несие төлемейтін қара тізімдегі мекемелер» санатына жатқызылған.

Пандемия кезінде қиындыққа ұшыраған бизнесті қолдаудың орнына тығырыққа тіреп, тартып алу дерегі тіркелді дейді кәсіпкерлер. Бұл жағдай ҚР Президент әкімшілігі мен Ұлттық банк өкілдеріне мәлім екен. Бас қаржы реттеушінің өкілі Александр Терентьев 2021 жылы қараша айында «Capital Bank Kazakhstan» банкін тарату туралы сот жүріп жатқанда, тараптармен кездесіп, мән-жаймен танысқан. Одан кейін хабар-ошар болған жоқ, дейді қонақ үй өкілдері.

Серіктес жаңалықтары