Алматыда Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері пара алды деген күдікке ілінді
Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр

Медеу ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бірқатар қызметкері сыбайлас жемқорлық күдігіне ілінді, деп хабарлайды Azattyq rýhy тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сілтеме жасап.
Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Медеу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының «Заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлердің ақпаратын қабылдау және өңдеу және салықтық тіркеу орталығы» бөлімінің басшысына және осы бөлімнің бас маманына қатысты жүйелі түрде пара алу күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
«Олар жеке кәсіпкердің (ЖК) шотының бұғаттауын алу мен әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін жеке кәсіпкерлердің өкілдерінен 30-40 мың теңге көлемінде (тұрмыстық сыбайлас жемқорлық) пара алғаны үшін күдікті деп танылды», - делінген хабарламада.
Күдіктілердің кінәсінің деңгейі туралы түпкілікті шешімді сот шығарады.