$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Елордада ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеті ашылды

Кабинет «Tooba» халықаралық платформасында жиналған қайырымдылық қаражатқа ашылған

Елордада ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеті ашылды

Елордадағы №92 мектеп-лицейде дамуында ерекшелігі бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинетінің ресми ашылуы өтті деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Кабинет «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы аясында «Болашақ» қоры 2015 жылдан бастап елордада ашқан 11-ші орталық болды. Инклюзияны қолдау кабинетінде 7 мен 10 жас аралығындағы аутизмі бар балалар мұғалімдермен жеке жұмыс істей алады. Онда оқитын оқушылардың саны 10-нан аспайды. Ұжым құрамында барлығы 9 адам жұмыс істейді: куратор, мұғалім және 7 педагог-ассистент. Куратор әр оқушыға жеке даму бағдарламасын жасаса, педагог-ассистент пен мұғалім мектеп бағдарламасын игеруге, балалардың сыныптастары және мұғалімдермен өзара араласуына көмектеседі.

ҚР БҒМ ресми деректері бойынша, Нұр-Сұлтанда ерекше білім беру қажеттілігі бар 13 597 бала бар, оның ішінде 2 256-сы аутизм спектрінде бұзылуы бар балалар. Ал, бейресми деректерге сүйенсек Қазақстанда аутизм бар 30 мыңнан астам бала өмір сүреді.

«Болашақ» корпоративтік қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан биылғы 2022 жылдың балалар жылы деп аталуына байланысты сапалы инклюзияны қамтамасыз етуде бақылауды күшейту керектігін айтты.

«Елордада 11-ші және Қазақстан бойынша 46-шы инклюзияны қолдау кабинетінің ашылуына кабинеттің демеушісі болған «Tooba» халықаралық платформасының өкілдері қатысты. Заманауи технологиялардың арқасында, краудфандингтік платформа жинаған қаражатқа инклюзия кабинетінің ашылуы – бұл қор тарихындағы алғашқы жағдай.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Қазақстандағы балалар жылы деп жариялады. Осыған байланысты Үкіметтің мектептер мен балабақшаларда сапалы инклюзияны қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтуі маңызды. Өткен жылдың соңында қабылданған «Білім туралы» ҚР Заңына қарамастан, оның нормаларын әкімдіктер әлі күнге дейін орындамайды. 2015 жылдан бастап біз Қазақстан бойынша инклюзияны қолдау кабинеттерін ашу, дамуында ерекшелігі бар балаларды оқытуда әлемдік ғылыми дәлелденген әдістемелерді енгізу және мамандарды оқыту бойынша үлкен жұмыс атқардық. Өңірлердегі әрбір мектепте осындай алаңдарды дербес ашып, мамандарды әдістемелік сүйемелдеу мен оқыту өте маңызды», - дейді Динара Гаплан.

Қаладағы кезекті инклюзияны қолдау кабинетін ашуға 1 млн 55 мың теңге жұмсалған. Бұл туралы шараға қатысқан «Tooba» халықаралық алаңын құрушылардың бірі Мадияр Төлеуғали айтып берді.

«Мен «Tooba» краудфандингтік алаңын Қазақстанда құрушылардың бірімін. «Tooba» – түсімдердің ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған ұжымдық қайырымдылыққа арналған краудфандинг алаңы. Ресейде пайда болған мобильді қосымша өткен жылдан бастап Қазақстанда да қолжетімді болды. Платформаның 507 пайдаланушысы 2021 жылғы қаңтар-қараша аралығында Нұр-Сұлтанда инклюзияны қолдау кабинетін ашуға 1 млн 55 мың теңге жинады.  

«Tooba» алаңының жұмысын 2021 жылы бастаған болатынбыз. Оны іске қосу үшін IT мамандары, төлем сервиcтері, БАҚ өкілдері және пиар компаниялары қажет болды. Платформаның негізгі жұмысы – «Болашақ» қоры сияқты қайырымдылық қорларына қаржы жинауға көмектесу. Қайырымдылық қорлары елде болып жатқан мәселелерді шешуге тікелей атсалысады. Олар бізге осынша мөлшерде қаражат жинау керек деп ұсыныс білдіреді. Оны аталған платформа арқылы әлеуметтік желіге жариялап, таратамыз. Бұл – краудфандинг деп аталады. Біздің тараптан тек қаражат жинауға көмек беріледі», - деді Мадияр Төлеуғали.

Айта кетейік, «Болашақ» корпоративтік қорының «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы аутизм және басқа да даму ерекшелігі бар балаларға арналған инклюзивті білім беру моделін әзірлеуге және Қазақстанның жалпы білім беретін мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда енгізуге бағытталған. Қор 2015 жылдан бері еліміздің 17 аймағында 46 инклюзияны қолдау кабинетін ашты. Осылайша, аутизм және басқа даму ерекшеліктері бар 600-ден астам бала мектепке баруға мүмкіндік алды. 3500-ден аса маман инклюзивті білім беру және қолданбалы мінез-құлықты талдау бойынша оқудан өтіп, 420 жұмыс орны құрылған. Бүгінде 58 кабинет бүкіл Қазақстан бойынша қор мамандарының курациясымен жұмыс істейді.

Қорда жұмыс істейтін мамандардың айтуынша, жоба іске қосылғалы онда оқитын балалардың 90%-ы сөйлеуді үйреніп, 20 бала өз бетінше оқуға шыққан. Алдағы уақытта қор ABLLS-R және «Ерекше балалар. Мінез-құлықты қолданбалы талдауға кіріспе» деп аталатын кітаптарды қазақ тілінде шығаруды жоспарлап отыр. Бұл әдебиеттер мамандарға қазақ тіліндегі түзету педагогикасының озық әдістемелеріне қол жеткізуге, сондай-ақ жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары