$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Әкімдік былықтырды, сот соқыр шешім шығарды»: Түркістанда тұрғындар жерге таласып жатыр

18 жылдан кейін пайда болған жердің «жаңа қожайыны» әлеуметтік маңызы бар нысанды бұзғызбақшы

«Әкімдік былықтырды, сот соқыр шешім шығарды»: Түркістанда тұрғындар жерге таласып жатыр
Фотоколлаж

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар көкеніс сақтайтын қойма жабылып қалуы мүмкін. Тек қойма ғана емес, сол маңдағы тұрғын үйлердің иелері де баспанасыз қалмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Халық бұған әкімдік қызметкерлерінің салғырттығы мен соттың әділетсіз шешімі себеп болды дейді.

Түркістан қалалық әкімдігі қызметкерлерінің кезінде өз жұмысына салғырт, жауапсыз қарауынан тұрғындар да, кәсіпкерлер де қорлық көріп келеді.

2004 жылы ұзақ мерзімге жалға берілген 40 гектар жерді қалалық әкімдік мемлекет меншігіне құжат жүзінде толық қайтармастан, тұрғын үйлер салу үшін елге таратып берген. 10 соттықтан жер телімін алған халық жаппай баспана тұрғызып, мемлекеттік мекемелер оларға заңды құжаттарын да рәсімдеп берген. Кейбір тұрғындар бизнес нысандарын да салған. Алайда, арада 18 жыл өткен соң олардың мүлкін Түркістан соты заңсыз деп тауып, мемлекетке қайтаруын талап еткен.

«Менің мына 30 соттық жердегі ғимаратым Үкіметтің қаулысы бойынша шыққан бағдарлама аясында ашылған. Бұл – халықты маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін салынған әлеуметтік маңызы бар нысан. Екі қабатты, 600 шаршы метрлік ғимаратты салуға ағайындарымызбен бірігіп 100 миллион теңгеден астам қаржы жұмсадық. Жетпеген соң 20 миллион теңге несие де алдық. 2016 жылдан бастап осы жұмыспен айналыстық. Терможабдық, қалыпты температураны сақтайтын арнайы аппараттар қойылған. Астыңғы қабатына картоп, сәбіз, қырыққабат, қызылша сынды көкеністер, үстіңгі жағына алма, өрік сынды көптеген жеміс түрлері сақталады. Қыста қаланың тұрғындарын көкеніспен қамтамасыз етуге арналған әлеуметтік маңызы бар нысан деп Түркістан қалалық әкімдігінің өзі жыл сайын мемлекетке беретін есебіне қосып келеді. Бірақ міне, аяқ астынан жердің қожайыны шығып, шетімізден сотқа сүйреп жатыр», - деді кәсіпкер Равшан Акбарұлы.

Ол 30 соттық жерді осыдан 18 жыл бұрын 49 жылға жалға алған. Енді былтырдан бері жердің жаңа қожайыны табылып, ол сот арқылы «өз меншігін» қайтаруды талап отыр екен. Жердің иесімін деген «Тазалық» ЖШС осы 18 жылда бюджетке бір тиын да салық төлемегені өз алдына, бір қада да қағып көрмепті. Ал, заң бойынша қожалықтың иесі ауыл шаруашылығы үшін деп берілген жерді мақсатты пайдаланбаса, ол аумақ түгелдей мемлекетке кері қайтарылады. Алайда, жергілікті тұрғындар Түркістанның сотына бұл заң жүрмейді дегенді айтып отыр. Өңірде жер құны күрт көтеріліп, баға қымбаттағанда шыға келген бұрынғы қожайынның талабын сот бірден қанағаттандыруға кіріскен. Тұрғындар мұның артында саяси ықпалды адам тұр деп санайды. Ал, бір жерге екі рет мемлекеттік акт шығарып берген әкімдік түк білмегендей кейіп танытып отыр. Халық әкім мен соттан түңіліп, әділдікті БАҚ-тан іздеуге көшкен.

«Түркістан қаласы, Кентау тас жолы бойынан уәкілетті органның шешімі, қаулысы және ситуациялық ықшам сызбасына сәйкес жиырмадан астам азаматқа, оның ішінде бізге тұрғын үй салу үшін жер учаскелері табысталған, оған мемлекеттік сәйкестендіру актілерін алған болатынбыз. Жер телімі өзімізге тиесілі болған уақыттан бері барлық ауыртпалығын, салық берешегін, коммуналдық қызметтердің ақысын меншік иесі ретінде төлеп, 2006 жылдан бері ашық пайдаланып, отбасымызбен тұрып келеміз. Алайда, жуырда менің жер телімімді «Тазалық» ЖШС-нің қызметкерлері босатуды талап етіп, сотқа берді. Біздің жер телім орналасқан жерге ЖШС-нің құжаттары бар екенін белгілі болды. Түркістан қаласы әкімдігінің 03.08.2004 жылғы №1405 санды қаулысымен «Тазалық» ЖШС-не жалпы 40,0 га жер учаскесі 49 жыл мерзімге уақытша пайдалануға «питомник үшін» беріліп, жер теліміне 19-307-157-477 санды кадастрлық нөмірі сәйкестендіру актісін алған. Жер теліміне жауапкер тиісті салықтарын төлемей, тиісті органмен жер учаскесін жалға беру шарты жасалмаған. Сондай-ақ, «Тазалық» ЖШС-не жалға жер учаскесін беру туралы» Түркістан қаласы әкімдігінің 3.08.2004 жылғы №1405 қаулысында «Түркістан қаласы, Иассы ауыл әкімшілігіне қарасты арнаулы қордың жерінде орналасқан» деп жазылған. Алайда, Түркістан қаласы әкімі М.Әлиев «Тазалық» ЖШС-не жалпы 40,0 га жер учаскесі 49 жылға мерзімге уақытша пайдалануға «питомник үшін» берілген жер телімін беру кезінде әкім өз өкілеттігін асыра пайдаланып 3.08.2004 жылы №1405 қаулы қабылдаған. Яғни, Түркістан қаласының аумағына кірмейтін жер учаскесіне қаулы шығарған», - деді Түркістан қаласы Кентау тас жолы, №182 көшесінің тұрғындары.

Заңгерлер мен тұрғындардың пікірінше, Түркістан қаласының сол кездегі әкімі ҚР Жер кодексінің 19, 32, 43, 44-баптарының талаптарын бұза отырып, теріс қаулы шығарған. 40 гектар жер Кентау автожолының екі жағында жатыр. Жолдың шығыс жағындағы 30 гектары түгелдей ауылға айналып кеткен. Келесі беттегі тағы 2,6 гектар жерге он шақты баспана мен бизнес нысандары орналасыпты. Аяқасты жерді даулаған компания алдымен бизнес ашқан шағын кәсіпкерлерге көз салған. Шетінен сотқа шақырту алып жатқан тұрғындар бұл бассыздық тоқтамаса арты адам өліміне әкелуі мүмкін деп қауіптеніп отыр.

«Бұл бизнесті қолдау жол картасы аясында салынған нысан. 2004 жылдан бері жерді ешкім іздемеген де, пайдаланбаған да. 18 жылдан астам уақыт өтіп, жер телімдері уәкілетті органның шешімдеріне, қаулыларына сәйкес халыққа беріліп, аумақта тұрғын үйлер салынып, мыңдаған адам тұрып жатыр. ҚР Жер кодексінің 92-бабының 3-тармағында шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесі пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап қатарынан екі жыл бойы мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайда, мұндай жер учаскесі осы Кодекстің 94-бабында көзделген тәртіппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады деп көрсетілген. Бірақ әкімдікке қарасты мекеме өзіне тиесілі жұмысты жүргізбеген. Жер телімдері 2007 жылы Яссы ауылдық округі әкімінің шешімімен халыққа берілген. Архитектура, жер кадастары сынды барлық мекемелердің тиісті құжаттары бар. Бірақ соған қарамастан сот нысандарды бұзу туралы шешім шығарды. Түркістан облысының мамандандырылыған ауданаралық экономикалық сотының шешімі заңсыз және негізсіз қабылданған деп санаймыз. Сот барлық уәждерді негізге алмай, солақай шешім қабылдады. Бұны біз соттың соқыр шешімі деп санаймыз», - деді Түркістан облысы адвокаттар алқасының жеке-дара адвокаты Болат Жандарбеков.

Құжаттарды рәсімдеу мен бөлуде қателік жіберген қалалық әкімдік қос тарапты татуластыра алмаған. 18 жылдан кейін оралған талапкерге өзге аумақтан жер алуды да ұсыныпты. Бірақ, қаланың шекарасына кіріп кеткен ондаған гектарға қызыққан талапкер ешкімді тыңдамай отыр.

«Біз сотқа барлық жағдайды түсіндірдік. Талапкерлердің ұзақ жыл ұмытып, салық та төлемей, тіптен жерді пайдалану келісім-шартын мемлекеттік органдармен жасамағанын да ескерттік. Әр отбасында уәкілетті органдардың құжаты бар. Біреудің жері болса не үшін оны халыққа таратып, құжаттарды рәсімдеген. Сот «салық төлемесе төлей салады, бұрын келмесе енді келіп тұр» деп талапкердің пайдасына шешім шығарып берді. Маған енді мына әлеуметтік маңызы бар нысанды құлатып, көшіп кет дейді. Осындағы әрбір отбасы жерді өзіміз өлшеп, анықтап, сызып, құрылыс салған жоқпыз. Барылғын әкімдікке қарасты бөлімнің мамандары көрсетіп берген. Енді бәрі судан ақ, сүттен таза. Қолымыздағы құжаттарда әркімнің нысаны өз орнында орналасқаны анық жазылған. Алайда, электронды нұсқаға сүйенген судья бізді айыпты қылды. 2,5 гектар жердегі мына мені, өзге де тұрғындарды негізсіз арызға бола қаңғытып жібермек. Тұрғындарды шетінен сотқа шақырып жатыр», - деді кәсіпкер.

Ал «Тазалық» серіктестігінің директоры 37 гектарды дауламай, тек 2,5 гектар аумақты қайтарсам болды деп отыр. Айтуынша, өзі үш ай демалуға кеткенде адамдар ғимараттарды салып алыпты-мыс. Ауыл шаруашылығы мақсатында алынған жерлерге ағаш егіліп, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуі тиіс болған. Алайда, дау басталған соң ғана қолға алына бастапты.

«Бұл жерде бас араздық бар екенінде жасырмаймын. Олардың құжаттары бойынша жерлері басқа жерде. Кадастрдың қателігі. Мен үш ай демалысқа кетсем жеріме үй, бизнес нысандары түсіп кетіпті. Бірақ 26 үй жоқ ол жерде. Біз көшет өсіріп, сатумен айналысамыз. Менің мекенжайым 38-орам, олардікі 182-көше. Мекен-жайымыз бөлек. Мен 17 жылдан бері соттасып келем, бірақ ол кезде басқа адамдармен соттастым. Мына адамдармен дау 2018 жылы басталды. Менің жерімнің мақсаты суармалы жер, ол жерлерге ғимарат салуға болмайды, халық жоқ. Бірнеше үй ғана. Екі жыл болды қоқан-лоқы көрсетіп, арамызда жеке араздық болып жатыр», - деді «Тазалық» ЖШС директоры Мақсұт Бекжанов.

Серіктес жаңалықтары