«Қаржы пирамидасын құрған»: Алматыда танымал актерге іздеу жарияланды
Бұған дейін вайнер Мейіржан Төребаев та ұсталған болатын
Қазақстандық полицейлер қаржы пирамидаларын жарнамалап қана қоймай, оларды құрып, сол арқылы байып келген өнер жұлдыздарының іс-әрекетін майшаммен тексере бастады. Кеше ғана вайнер Мейіржан Төребаевтың ұсталғаны белгілі болса, бүгін Алматы қалалық Полиция департаменті актер әрі вайнер Азимжан Саидбаевқа іздеу салды.
Бұл туралы қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Әбдірахманов мәлімдеді.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы бойынша қылмыс жасады деген күдікпен (қаржы пирамидасын құру және оған жетекшілік ету) Қырғызстан Республикасының тумасы Саидбаев Азимжан Алымджановичке іздеу жарияланды», - делінген Әбдірахмановтың мәлімдемесінде.
Сот күдіктіні қамауға алу туралы шешім шығарған.
Еске салайық, апта басында Ішкі істер министрлігі қаржы пирамидасын құрушылармен күрестің күшейетінін мәлімдеп, оны жарнамалаған өнер жұлдыздарын да жазалайтынын ескерткен болатын. 10 ақпан күні актерлер Мейіржан Төребаев, Азизжан Саидбаев және Мейірхан Шерниязов ұсталып, кепілмен үйіне жіберілген. Артынша Мейіржан Төребаев өзінің заңсыз ұсталғанын, прокуратураға шағым түсіргенін мәлімдеді.
Вайнерлер Mudarabah capital қаржы пирамидасын ұзақ уақыт бойы жарнамалап келген. Алдын ала мәлімет бойынша, олар қылмыстық ұйымның жарнамасын ғана жасмай, сол ұйымнан тұрақты түрде қаржы алып келген.