$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Діни топтардың билікке таласы, жасырын ұяшықтардың оянуы, қылмыс әлеміндегілердің ойраны»: сарапшылардың қаңтар оқиғасы туралы пікірі

Олар қоғамның тергеу ісіне кедергі келтірмеуін сұрайды

«Діни топтардың билікке таласы, жасырын ұяшықтардың оянуы, қылмыс әлеміндегілердің ойраны»: сарапшылардың қаңтар оқиғасы туралы пікірі

Қаңтар оқиғасының жекелеген адамдарға, отбасыларға әкелген қайғысы да, мемлекетке тигізген зиянының салмағы да әлі азайған жоқ. «Қаңтар қырғыны», «қаңтар оқиғасы» сынды бейресми атауларға ие болған жаппай тәртіпсіздіктің зардабын жоюмен мемлекеттің қанша уақыт айналысатыны, бүлінген дүниеге қанша қаржы шығындайтынын да белгісіз. Тәуелсіздіктен бері мұндайды көрмеген қамсыз халыққа соққы ауыр тиді. Оқиғаға қатысты алып-қашпа пікір де, ресми мәлімдемелер де көп. Бейбіт заманға бейімделген күллі елдің төбесінен жай түсірген оқиға әрбір қазақстандықтың ойына сан сұрақ туғызғанымен, жауабын толық тапқан жан жоқ. Қасіретті жағдайдан бір ай өткенде Бас прокуратура бірнеше ресми мәліметтерді жариялады. Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров «қаңтар оқиғасының артында кім тұр?» деген сұраққа міндетті түрде жауап береміз деді.

Қаңтарда қаза болған жүздеген адамға тиген оқтың құзырлы орган қызметкерлерінен немесе содырлардан атылғаны да анық емес. Бұндай жағдайдың болатынын билік те, арнауы қадағалаушы күштер де, тіптен шетелдіктер де білген дейді бұл саладан хабары бар адамдар. Түрлі ұйымдар мен жекелеген адамдардың талабы мен тартысы бұл тақырыпта әлі тоқтаған жоқ.

Төңкеріс әрекетінің артында кім тұр – қарапайым қарақшылар ма, кәсіби содырлар ма, әлде діни радикалды топтар ма? Тергеу изоляторларының камераларында айыптау мен сотты күтіп отырғандар көп. Араларында биліктегі аса жоғары лауазымды шенділер де, қылымыс әлемінің өкілдері мен діни радикалды топтың мүшелері де бар. Бірақ бәрінің артында нақты кімнің тұрғаны толыққанды анықталған жоқ. Ұсталғандардың көбі жай ғана бейбіт тұрғындар ма, сауда орталықтарын тонаушылар ма, әлде дайындалған жауынгерлер ме? Барлығын бірдей айыптау асығыстық емес пе деген сұрақ та көп. Саясаттанушылардың сөзінше, бұл оқиғадан діни радикалды топтардың саясатқа, билікке ұмтылуын көруге болады.

Қазақстандықтар үшін «терроризм» сөзі терминнен абстракт жағдайдан қолданысқа әлдеқашан өткен. Өмірдің шындығына айналып, адамдар қорқынышты оқиғалардың сан мәрте куәсі болып келеді. Радикалды лаңкестер, экстремистер, ұйқыдағы ұяшық саналған жиһадшылар – шынайы өмірге араласып кеткен. Оянған жасырын ұяшықтардың ойраны, белсенділігі көзге анық көрінді дейді қоғам қайраткерлері.

«Ұйқыдағы ұяшықтар тікелей қауіп төндірмейді, бірақ олар кез келген сәтте «жарылуы» мүмкін терроризмнің негізгі құрамдас бөлігі саналады. Саяси немесе экономикалық дағдарыс кезеңдерінде мұндай ұйықтап жатқан ұяшықтар оянып, билікке талап қоя бастайды. Мұндай топтардың ерекшелігі – олар астыртын әрекет етеді. Оларды ұйықтаушылар деп атау таңқаларлық дүние емес. Сіз оларды көре алмайсыз, олар заңсыз, астыртын әрекет етеді. Бірақ олар үйлестіруде мықты, өз көшбасшылары, демеушілері бар. Реті туған сәтте билікті беруді талап етеді. Олардың қауіптілігі – ұйқы режимінде жүріп-ақ қатарына адам жинайды. Олар үшін тиімді орта – қандай да бір дағдарыс, жұмыссыздық, білімсіз және тұрақсыз жастар. Олар осындай адамдар арқылы мүмкіндіктерін кеңейтеді және олар бір елмен шектелмейді. Өз демеушілері, рухани көшбасшылары бар халықаралық құбылыс. Шетелде көбісі уахаббилік идеяларды қабылдаған. Олар осындай тұрақты идеямен үйге оралып, уақыты келгенде сол идеясы үшін күреседі», - деді саясаттанушы Расул Жұмалы.

Радикалды топтар әдетте өздерінің жымысқы жұмыстарын ұлт азаттық күреспен, кейбірі сепаратизммен байланыстыра отырып билікке жетуді көздесе, біздің елдегі көрініс діни көзбояушылықпен астарласып жатыр. Еліміз діни экстремизммен күресіп жатса да, олардың билікке, саясатқа түрлі әдістермен таласып жатқан кезі деп санайды саясаттанушы. Расул Жұмалы күштік құрылымдар тарапынан радикалды қадамдар жасалмаса, мұндай топтағылардың көбейетінін айтады. Бас прокуратураның мәліметінше, қаңтар оқиғасына қатысты ұсталғандардың арасында діни деструктивті ұйымдардың өкілдері аз емес.

«Олардың артықшылығы – уағызының қарапайымдылығында. Олар жай ғана қоғамның әділетсіз екенін «пайғамбар өсиетін ұмытқанымызбен-ақ» түсіндіреді. Халифат құрсақ, әмірлікке айналатынымызды жеткізеді. Олардың насихаты миға сіңімді, санаға берік бекітіледі. Алматыдағы оқиғада осындай ұйқыдағы ұяшықтар оянды. Онда ашулы жігіттер де, тонаушылар да болды. Бірақ белсенді ойыншылардың бірі – ұйқыдағы ұяшықтар. Біз олардың бүлік кезінде намаз оқыған сәттерін байқадық. Бұл бейнебақылау камераларына түсіп қалғаны. Топ-топ болып жиналды. Олар әсіресе қала маңында, базарлардың аумағында шоғырланған. Қазір олардың өсіп-өнуіне барлық жағдай жасалған. Оның үстіне, бұндай ұстанымдағы адамдардың жақтастары тұрмыстық қиындықпен тұрып жатқан ауыл-аудандарда, моноқалалар мен шеткері аймақтарда көп. Ірі қалалардың шағын аудандарында, тіптен түрмелерде де шоғырланған. Соңғы 10 жылда олар мемлекеттік органдарға, құқық қорғау органдарына да кіріп алды. Олардың арасында зиялы қауымның бір бөлігі, эстрада жұлдыздары және т.б. салаларда жақтастары бар. Бұл үлкен және ықпалды құбылыс, оған қарсы тұру оңай емес», - деді саясаткер.

Бейбіт митингіге шыққандарды әртүрлі күштердің қалауынша пайдаланғаны ашық айтылып жатыр.  Жастар тұрмақ ересектердің өзі қаланы ойрандаушыларға ілесіп кетті. Алматы тәулік бойы басбұзарлардың қолына өтіп, халық қорғансыз қалды. Жаппай анархияға ұласқан тәртіпсіздік кезінде полицияның өзі қауқарсыздық танытты. Бейбіт күндерге бейімделген бейуаз халық тығылып отырумен ғана шектелді. Ауған соғысы ардагерлері ұйымының кеңесшісі Егемберді Әбілқасымовтың болжамынша, Алматыда кемінде төрт түрлі топтың өкілдері әрекет еткен.

«Халықтың құқықтық білімін, мәдениетін көтеру керек. Бәрі бірден бай бола қалғысы келеді. Қоғамдағы дүниелердің бәрі еліктеуге бағытталған. Бұл жастарға тәрбиенің дұрыс берілмегенінен. Қаңтар оқиғасында халық неге бұлай теріс бағытқа бұрылып, түрлі пиғылдағы топтарға еріп кетті? Олардың барлығына жуығы дерлік түкті де түсінген жоқ, алдыңғыларға еріп кете берді. Сондықтан, біз елдің санасын, құқықтық мәдениетін көтеруге жұмыс істеуіміз керек.

Намаз оқып, иман жолындамыз дейтін алаяқтар көп. Мен бұрын тергеуші болдым, сол кезде алаяқтықпен айналысқан діншілдерді тергеген кезім болды. Қарапайым адамдар «мынау иман жолында», «намаз оқыды» ғой деп сеніп, қаржысын береді. Қаңтар оқиғасында қаланы қиратқанардың ішінде намаз оқитындар да жүрді. Бірнеше топ бар. Біреуі арнайы тонауға, бүлікті пайдаланып ұрлық, қарақшылық жасауға келгендер. Келесісі билікті алмақ болған мүдделі топтар. Бұған ҰҚК қызметкерлерінің қатысы бар. Өздерін патриот санап шығып кеткендер де бар. Таратқан ақшаға бола көшеге шыққандар да болды. Қасақана арнайы адамдарды өлтіруге ұмтылғандар да келді. Ауғанстанда соғысқа қатыстым. Сол кезде соғыс мүмкіндігін заңды пайдаланып, әдейі адам өлтіргісі келетін, соғысқанда қуанып, содан рахат, ләззат алатын әскерлер де болды. Ондайды да көзім көрді. Біз қорқып жүрсек, олар қуанып жүреді. Өткендегі қаңтар оқиғасында адам өлтіруге, өзінің іштегі қалауын орындауға келген топтар да болды», - деді Егемберді Әбілқасымов.

Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру мен терроризм актсін жасауға байланысты 467 адам қамауға алынған. Арнайы прокурорлар 76 күдіктіні қамауға алу бас шарасын қолхат пен кепіл затқа ауыстыру арқылы тергеу изоляторынан босатқан. Олардың арасында 2 әйел мен кәмелеттік жасқа толмаған 9 жасөспірім де бар. Қаланы қирату басталғанда қылмыс әлемін таңдаған жиырма шақты топтың мүшелері әрекет еткен.

«Ұйымдастырушылар деструктивті және қылмыстық топтарды тартқан. Оларға қару беріп, өздерінің ісін үйлестіріп отырған. Ұйымдасқан 18 қылмыстық топтың мүшесі, адам өлтіру, тонау, қарақшылық жасаған 21 адам ұсталды. Қамауға алынғандар арасында тыйым салынған экстремистік ағымдардың 35 мүшесі бар. Алматыда деструктивті діни ағымның қылмыстық бағыттағы бір топ мүшесі ұсталды. Ұстау кезінде қолдануға дайын атыс қаруы табылды. Олар өз әрекетін жақсылап жоспарлаған. Бір бөлігі қаланың төменгі жағындағы баррикадаларда, ал екіншісі алаңда болған. Жауапкершілікпен мәлімдейміз, тергеу изоляторында кездейсоқ қамалған адамдар жоқ. Қамауға ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған нақты айғақтары бар адамдар ғана алынған. Қаңтар оқиғасының артында кім тұр? Тергеу бұл сұрақтардың барылғына міндетті түрде жауап береді», - деді Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров.

Мыңдаған террорист тауып беруді талап етіп, ашуын төгіп жатқандар көп. Әлеуметтік желі арқылы мысқыл, кекесін, ашумен атойлатып, адамдарды тергеу қызметінің әділдігіне сенбеуге шақырғандарды да санап тауыса алмайсың. Алайда қоғамдық ұйым құрып, тергеу ісіне араласқан заңгерлер бұлайша даурығу – дәлелсіз байбалам мен тергеуге сес көрсету деп санайды.

«Оққа ұшқандардың бәрі бейбіт тұрғындар деп айту бос сөз. Мен өзім қаңтардың 5 күні көшеде болдым. Сол күні көшеде ешқандай бейбіт митинг болған жоқ. Кімнің не киіп, қалай жұмыс істейтінін көрдім. Бейбіт митингшілер адамдарды тонап, өлтіріп, әуежайды басып алуға жүгірді дегілері келеді ме? Әуежайды қараусыз қалдыруға, ол жерге содырларға кіруге бұйрық берді. Ол да бейбіт митинг ме? Сондықтан, бәрін дұрыс тергеу керек деп есептеймін. Біреулер қалағандай жылдам бола салмау керек.

Бейбіт шерушілер мен бұзақыларды ажырату қиын. Барлығына үйден шықпау ескертілсе де, кейбір адамдар тыңдамай барды. Енді бейбіт адамдарды атты деп кінәлап жатыр. Араларында бұзақылардың, бандиттердің болғаны рас, атуға тура келді. Сондықтан тергеудің әділ, нақты жүргізілгенін қалаймын. Қоғамға тергеу процесіне араласудың қажеті жоқ. Қалағанын жаза бермей, оларға жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек. Сіз істі жылдам жүргізу арқылы сапалы тергеуді талап ете алмайсыз. Уақыт керек, шыдамдылық танытып, күту керек», - деді Алматыда қаңтар оқиғасын зерттейтін қоғамдық комиссияның жетекшісі Айман Омарова.

Қасіретті оқиғаның орын алғанына бір айдан асты. Ал қылмыс ең аз дегенде кемі екі ай тергелуі тиіс. Қоғамдық бақылаушылар сотқа дейінгі тергеу органы жұмысты Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес жүргізіп жатыр деп санайды. Дәйек пен дәлел жеткіліксіз болса заңға сай қамалғандарды тергеу жарты жылға дейін жалғаса береді. Онсыз да қылмысы көп елде күдіктілер санының күрт артуы мен саяси астары бар оқиғалардың құпиясын ашу саны аз кәсіби тергеушілерге ауыр салмақ түсіріп тұр.

Серіктес жаңалықтары