«Персиктің арманы жоқ»: жамбылдықтар иттің өлгенін өзге шенділермен талқылаған облыс әкіміне шүйлікті
Ал, әкімнің баспасөз қызметі жағдайдың мүлдем басқаша болғанын айтып ақталды
Әлеуметтік желіде Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың әкімдік алдында өлген иттің мәселесіне байланысты қол астындағыларына ұрысқан видеосы тарады. Журналист Жасұлан Әбдіхалықтың айтуынша, иттің иесі – жергілікті белсенді Жанна Папина. «Персик» деген лақап аты бар үй жануарын ит атқыштар атып өлтірген екен. Ашуға мінген блогер өлексені алып әкімдік алдына келген. Оны қарсы алған Сапарбаевтың жанында Тараз қаласының әкімі, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, ветеринария бөлімінің басшысы болған көрінеді.
Желі қолданушылары иттің өлгеніне бола осыншама ірі шенділердің жиналғанына шүйлікті. Ал, облыс әкімі болса қоластындағы қызметкерлеріне ұрысты.
«Екеуің де кінәлісіңдер. Сендер шаш ал десе бас аласыңдар. Сендерге ешкім айтқан жоқ қой, бәрін атыңдар қырыңдар деп. Сендер әуелі соның бәрін анықтауларың керек еді, мынаның адамға зияны бар ма, жоқ па? Балаларды қаба ма, қаппай ма? Ауру ма, сау ма? Содан кейін барып іздеу керек еді иесі бар ма, жоқ па? Енді шара қолдану керек, кім кінәлі соларға шара қолдану керек», - дейді облыс басшысы.
Ал, әкімдік тарапы облыс басшысы ғимараттың алдына өлген иттің мәселесін шешу үшін шықпағанын айтып ақталды.
«Әлеуметтік желіде және кейбір БАҚ беттерінде тарап жатқандай облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қоғам белсендісінің итінің өліміне арнайы барып, көңіл айтты деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Жанна Папина итінің өлексесін облыс әкімі аппаратының алдына әкеп, аймақ басшысының шығуын талап еткен. Дәл сәл сәтте облыс әкімі өзінің орынбасарларымен бірге ( 08. 02. 2022ж. сағат 15:00-де) әкімдік ғимаратының жанындағы «Тараз» ӘКК-да өтетін есептік жиынға (жаяу) барады. Жолай алдынан шыққан қоғам белсендісінің мәселесіне көңіл аударып, мән-жайдан хабардар болады. Аталған видео-фото сол сәтте түсірілген», - делінген облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.