$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.02.2022, 19:15
Қоғам

ШҚО-да балалар үйін паналаған бүлдіршіндер саны көбейген

Олардың басым бөлігін ата-анасы тастап кеткен

ШҚО-да балалар үйін паналаған бүлдіршіндер саны көбейген

Шығыс Қазақстан облысында балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндер саны өзге облыстардан қарағанда әлдеқайда көп. Бұл туралы облыстық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында бала асырап алу жөніндегі Ұлттық агенттіктің ШҚО бойынша өңірлік директоры Жанайым Жұмаділова мәлім етті.

Бүгінгі таңда облыста жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 13 мекеме жұмыс істейді. Ол жерлерде 800-ден астам бала тұрып жатыр.

«Бала асырап алу – баланы отбасына орналастырудың бір ғана түрі екенін көп адамдар біле бермейді. Шын мәнінде, елімізде бала асырап алудан басқа, қамқоршылық және қорғаншылық, патронаттық сияқты құқықтық жолдары бар. Өкініше қарай, қазір қоғамда "жетім" ұғымы тамырланып барады. Бірақ мекемелерде жетім балалардың тек 20%-ы ғана жетім қалған, қалған 80%-ы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар», - дейді Жанайым Жұмаділова.

Айта кету керек, баланы асырап алуға бел байлаған ата-ана психологиялық дайындықтан өтуге міндетті. Оны аккредиттелген үкіметтік емес ұйымдарда немесе жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында өтуге болады.

«Қазір бала асырап алу рәсімі автоматтандырылды. Барлық құжаттарды Egov арқылы тапсыруға болады. Асырап алушы ата-ана болу үшін міндетті түрде асырап алушы ата-аналар мектебінен өтуі керек. Мектептен өткендігі туралы сертификат алғаннан кейін үміткер құжаттарды тапсыра алады. Осыдан кейін оған жетім балалардың республикалық деректер банкіне қолжетімділік ашылады, онда адам бүкіл Қазақстан бойынша бала іздей алады», - деп қосты Жанайым Жұмаділова.

Бала асырап алу агенттігінің барлық қызметі азаматтарға тегін көрсетіледі. Балаларды отбасына орналастыру мәселелері бойынша 1422 бірыңғай республикалық call-center қоңырау шалу арқылы жүгінуге болады екен.

Таунар Қайратұлы, ШҚО

Серіктес жаңалықтары