Ақмола облысында жүздеген шаруа нансыз қалуы мүмкін – банк олардың жерін сатып жіберген
Қарапайым халық «Халық банкке» сот арқылы да тоқтау қоя алмай отыр

Ақмола облысы Егіндікөл ауданына қарасты Бауман ауылының тұрғындары өздеріне тиесілі егістік жерден 10 жыл бұрын айрылып қалғанын енді білген. Өз арасынан шыққан «пысықай» 2010 жылы жалған құжаттар рәсімдеп, мыңдаған гектар жерді банкке кепілге қойған да, ірі көлемде несие алыпты. Арада жылдар өткен соң бұл қылмыс әшкере болып, әлгі адам сотталған. Алайда, осы аралықта «Халық банк» халықтың жерін өзге шаруа қожалығына сатып үлгеріпті. Енді күнкөрістің жалғыз көзі – егістік жерінен айрылған қарапайым халық тығырыққа тіреліп, әділдікті кімнен сұрарын білмей жүр.
Бауман ауылының 300-ге жуық тұрғыны 2008-2009 жылдары «Бауманское-07» ЖШС құрамына кіріп, бірлесіп еңбек ете бастаған. Өз кезегінде аталған ЖШС «Алиби» агрохолдингінің қатарындағы шаруа қожалықтардың бірі болған. Ал, 2019 жылы холдингтің банкротқа ұшырағаны мәлім болады. Осы кезде көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін, сондай-ақ ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту ету үшін мемлекет инвестор ретінде «Бауманское 2030» ЖШС бекітеді.
Проблема осылайша шешілгендей болған. Алайда, 2020 жылдың соңында шаруаларды жаңа «тосынсый» күтіп тұрған еді. Олар өздеріне тиесілі жерден 10 жыл бұрын айрылып қалғанын естіген. Осылайша халық бір-ақ сәтте жеп отырған нанынан да қоса айрылды.
Белгілі болғаны, 2010 жылы жер иелерінің келісімінсіз, ешбір қоғамдық тыңдау өткізілместен, жалған құжаттардың көмегімен алаңы 65 816,6 га болатын жер телімі «Халық» банкке кепілдікке қойылған екен.
«Банкке кепілге беру үшін серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысын өткізу қажет екенін бәріміз білеміз. Естігеніміз бойынша, 2010 жылы 6 қарашада «Бауманское-07» ЖШС-нің жалпы жиналысының жалған хаттамасы жасалып, 14 жерді банкке кепілге беру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, банк 2010 жылғы 12 ақпандағы хаттамаға сілтеп отыр. Бірақ ол кезде де ешқандай жиналыс болған жоқ», - дейді «Бауманское-07» ЖШС директорының міндетін атқарушы Виктор Галицкий.
Ал банк өз кезегінде сауда-саттық аясында аталған жер телімдерін жеке сот орындаушысы арқылы «Қоржынкөл-А» ЖШС-ге сатып жіберген. Іс осылайша сотқа да жеткен. Бірақ мұнда тұрғындар жаңа кедергіге тап болған. «Кепіл шартын жарамсыз» деп тану туралы сотқа талап-арыз беру үшін арызданушы 13 млн теңге мөлшерінде мемлекеттік баж төлеуі қажет. Қарапайым шаруалардың қалтасы оны көтермейтіні айдан анық.
«Бауманское-07» ЖШС жалпы жиналысының жерді кепілге беру туралы шешімін және жер учаскелерін кепілге беру туралы шешімін жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арызды үшінші топтағы мүгедек болып табылатын және мемлекеттік баж төлеуден босатылған бір ғана қатысушыға берді. «Бауманское-07» ЖШС-нің қалған 100 қатысушысы сот талқылауларына үшінші тұлға ретінде қатысады», - дейді Виктор Галицкий.
Бауман ауылының тұрғыны Анна Превалова 8 баланың анасы. Бала күнінен мүгедектігі бар. Алайда балалары әр жаққа тарап кеткендіктен, 72 жастағы кейуана бүгінде жалғыз тұрады. Жерінен айырылып қалғалы тек зейнетақыға күн көруге мәжбүр.
«Менің 12 пайым болды. Әр қайсысы шамамен 57 гектар жерді құрайды. Мен де өзгелер сияқты оны жалға беріп отырдым. Жалға алушы маған шөп, сабан, астық қалдықтарын беріп отырды. Мені еш ренжіткен емес. Соны да қанағат тұттым. Ал жердің басқа біреуге өтетіндігі туралы бізге ешкім хабар берген жоқ. Ешқандай жиналысқа шақырған жоқ. Біздің жерімізді қашан қайтарады? Бұл мәселе қашан шеімін табады?» - дейді кейуана.
Алғаш рет сот талап қою мерзімінің өтуіне байланысты талап-арызды қабылдаудан бас тартқан, өйткені жер 10 жыл бұрын кепілге берілген. Десе де, үміт үзбеген шаруалар Ақмола облыстық сотына апелляциялық шағым өткізген. Апелляциялық алқа іс материалдарын зерделеп, қатысушылардың апелляциялық шағымын қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. Бірақ соттың бірінші инстанцияның шешімінде қатысушылардың сотқа қатыспағаны ескеріліп, іс қайтадан қарауға жіберіледі.
«Бүгінгі күні бірінші сатыдағы сотта сот талқылаулары аяқталды, бірақ сот талап-арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Бұл жолы кепілдіктің келісімшарты 2010 жылғы 6 қарашадағы хаттамалық шешіміне емес, 2010 жылғы 12 ақпандағы хаттамасына негізделгені себеп болды. Алайда, Банк сотқа осы хаттаманың түпнұсқасын немесе көшірмесін ұсынбаған, сот онымен іс бойынша тараптарды таныстырған жоқ. Қазіргі уақытта Ақмола облыстық сотына бірінші сатыдағы соттың шешіміне қатысты апелляциялық шағым қайта берілді», - дейді дейді «Бауманское-07» ЖШС директорының міндетін атқарушы.
Жер дауына байланысты соттар «Бауманское-07» ЖШС-нің 14 жер телімін қайта ресімдеуге тыйым салды. Осылайша «Халық» банктің сауда-саттығында ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алған «Қоржынкөл-А» ЖШС жер телімдерінің құжаттарын әлі күнге дейін толықтай өз атына ауыстырып үлгермеген.
«Алайда «Қоржынкөл-А» ЖШС ұсынған құжаттардан белгілі болғандай, соттың салған тыйымдарына қарамастан, 2021 жылы 14 сәуірде «Қоржынкөл-А» ЖШС аталған жер учаскелерін жалға алу шарттарын жасасып және уақытша жер пайдалану құқығына ие болған, бұл – заңға қайшы әрекет. Мұнда аудан әкімдігі мен жер қатынастары бөлімі тарапынан «Қоржынкөл» ЖШС-не қатысты заң бұзушылықтар болғаны анық», - дейді «Бауманское-07» ЖШС директорының міндетін атқарушы.
Тұрғындардың ызасын тудырған тағы бір мәселе бар. Виктор Галицкийдің айтуынша, егістік жерлерінің жаңа иесі, яғни «Қоржынкөл-А» ЖШС дайын асқа тік қасық болып отыр. Дәлірек айтсақ, қожалық 2021 жылдың 5 мамырынан бастап даулы жерге дәнді-дақыл себу жұмыстарын жүргізе бастаған.
«Бауманское-07» ЖШС аталған жердің бір бөлігін көктемгі егіс науқанына дайындаған болатын. Өз кезегінде «Қоржынкөл-А» ЖШС 2021 жылға дейін ол жерлерге ештеңе еккен емес. Енді келіп, біздің өңдеген жерге егін егуге кірісті. Қалған өңделмеген жерге егіс жұмыстарын жүргізген жоқ», - дейді Галицкий.
Ендігі сот отырысы 22 ақпанға белгіленген екен. Шағым қанағаттандырылған жағдайда, даулы жер телімдері «Бауманское-07» ЖШС-не қайта қайтаралады.
Azattyq Rýhy тілшісі «Халық банк» АҚ, Егіндігікөл ауданы әкімдігі және АШМ ресми хат жолдап, мәселені өз бақылауында ұстайтын болады.