«Әкемнің әруағы қорғап қалды»: Бақытжан Сағынтаев өзіне жасалған шабуылдан аман қалуының себебін айтты
Оның кортежіне қарулы топ шабуыл жасап, жүргізушісін жаралаған болатын

Алматы қаласының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаев өзіне жасалған қарақшылық шабуылдан қалай аман қалғанын айтты. Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында Сағынтаев қарша бораған оқтың ортасына қалай тап болғанын, содырлар Алматыны тас-талқан қылып жатқанда немен айналысқанын айтып берген.
Экс-әкімнің сөзінше, әкімдіктің қызметкерлерін оқтың ортасына белгісіз біреулер қасақана алып барған. Қалада жаппай тәртіпсіздік басталғанда әкім әріптестерімен бірге Полиция департаментінде болған. 4 қаңтар күні кешке қарай «Алтын Орда» базары жақтан арнайы дайындалған бес жүздей адам шыққан. Ашулы, жолындағылардың бәрін бүлдіріп отырған топты тәртіпке салу үшін алдарынан полицияның елу қызметкері шыққан. Алайда қалаға бет алғандар сол сәтте-ақ құқық қорғау органдарының жасағын тас-талқан етіп, «Алматы Аренаға» жиналған бейбіт шерушілерге қосылған. Келесі күні тағы сол «Алтын Орда» базары жақтан таяқ, балта, өзге де құралдармен қаруланған кемі оң мың адам Райымбек даңғылы арқылы Республика алаңына жиналып, кейін әкімдік пен Президент резиденциясын өртеп жіберген.
«Құқық қорғау органдары, әскерилер тарапынан қатал шараларды қабылдау керек екенін түсіндік. Біз таңнан әкімдікті, алаңды, президент резиденциясын тазалап, ары қарай қаланы да қалыпқа келтіреміз дедік. Коменданттық сағат енгізілгенде әкімдік, комендант екінші сатыға жылжып, тәртіпке келтіру шаралары басқа арнайы қызметке өтті және жетекшілік ету соларға берілді. Әкімдік қаланы қажетті дүниемен қамтамасыз етумен айналысты. Бұл 6 қаңтардағы жағдай. Алаңды, әкімдікті босатқан соң мен өзімнің әріптестеріммен әкімдікке барамыз дедік. Олардың әкімдікті түгін қалдырмай өртеп жіберетінін басында болжамадық. Ол жаққа бару үшін бізге рұқсат алу керек. Ол жақ қауіпсіз болуы керек еді. Басында әкімдікті, алаңды босатумен әскерилер айналысты, сағат ондарға қарай Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы жасақ ұшып келді. Біз рұқсат беруін күттік. Бізге әкімдікке баруға кешке қарай бір-ақ рұқсат берілді», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Өртеніп кеткен бұрынғы жұмыс орнына қарай шыққан Сағынтаев қасына әкімдіктің өзге де лауазымды қызметкерлерін ертіп алған. Алайда, оларға орта жолдан белгісіз көлік қосылып, кортеж жылдамдықты баяулатуға мәжбүр болған. Әкімдіктің қызметкерлерін қасақана жолынан адастырған көлік кортежді алаңға қарай бастаған. Кортежге оқ қарша борағанда Сағынтаевтың көлік жүргізушісі де жараланған.
«Біз әл-Фараби даңғылынан Назарбаевқа қарай бұрылғанда алдымыздан қара джип шықты. Біз бұл не қылған машина деп таң қалдық? Ол джип біздің алдымызға шығып қана қоймай, жылдамдықты сағатына 30 км дейін түсірді. Сол кезде колонна жылдам жиналып, өте баяу қозғалды. Президент резиденциясынан өте Назарбаев даңғылынан солға қарай әкімдікке бұрылатын жол бар. Біз алаңға емес, әкімдікке солға қарай бұрылуымыз керек еді. Бірақ бізді ары қарай алып кетті. Осыны айтып үлгергенше қара джип кері жылдам бұрылып, жоғарыға, әл-Фарабиге қарай кетіп үлгерді. Сол кезде атыс басталды. Не болғанын және шабуылдың қандай деңгейде болғанын біздің бір қызметкеріміз телефонға түсіріп үлгерген. Шабуылдаған сәттегі роликті бәріңіз көрдіңіздер. Кейін менен «Сіз қорықтыңыз ба, қорқынышты болды ма?» деп сұрады. Шынымды айтайын, мен сол сәтте ештеңені түсініп те үлгермедім. Тек қашан оқ тиеді деген ой болды. Осымен бәрі бітті деп ойладым. Бес секунд өтер-өтпесте жүргізушім «аяғым-аяғым» деп айғайлай бастады. Оның аяғына оқ тиіпті. Бірақ кәсіби жүргізуші ғой, рөлді жібермеді. Біз әйтеуір ол жерден шығып үлгердік», - деді Алматы қаласының бұрынғы басшысы.
Экс-әкім ұзақ уақыт шокта болған. Шабуылдан әкімдіктің қызметкерлері ғана емес, «Алматы» телеарнасының көлік жүргізушісі мен видеооператорына да оқ тиген еді. Жүргізуші оқиға орнында қаза тапты. Ал Сағынтаев болса өзіне жасалған шабуылдан аман қалуының себебін әкесінің әруағының қолдауы деп түсіндірді.
«Не болғанын көпке дейін түсінбедім, шокта болдым. Оның немен бітуі мүмкін екенін бірнеше күннен соң бір-ақ түсіндім. Осы оқиғадан соң біздің отбасымыздағы бір жағдай есіме түсті. 1973 жылы менің әкемді атып кеткен еді, ол кезде мен 10 жастамын. Қаладан ауылға келдік. Сол уақытта Жамбыл деп аталатын. Қараңғы түсіп кеткен, қақпаның жанындағы діңгекте жарық жанып тұрғанын білемін. Біз аулаға кірмедік, сыртқа тоқтадық. Ол кезде көлігіміз ГАЗ-69 еді. Әкем алдында, мен артында отырғанмын. Біз сыртқа бірге шықтық. Негізі сол кезде атуға оқталыпты, бірақ атпапты. Кейін кешкі ас ішіп, әкем сыртқа шыққанда елу метр қашықтан атқан. Алыстан атқандықтан болса керек, әкем тірі қалды, жараланды. Қылмыскер ұсталып, сотталғанда «ұлды аядым» (көліктен түскен кезде атпаған себебін түсіндіргені – ред.) деді. Егер жақын жерден атқанда, әкемді өлтірер еді. Ол жағдайда мен әкемді қорғап қалдым деп ойладым. Жарақаттанды, кейін ота жасалды. Жаратушы оны өлімнен арашалап қалды. Ол Ұлы Отан соғысына қатысып та жарақатпен оралған. Өкінішке қарай, өмірден 64 жасында кетті. Мен есейіп, өмірге араласқан сәтте, оның ақыл-кеңесіне мұқтаж болғанда, оның жоқтығын қатты сезіндім. Осы жағдай өз басымда болғанда әкемнің мені тастап кетпегенін ұқтым. Әкемнің әруағы мені қорғап қалды. Ол үнемі менімен бірге. Ол мені қорғап жүрген, ол мені өлімге бермеді. Біз қазақ халқы әруаққа қатты сенеміз. Әкемнің әруағы осы жолы мені қорғап қалды», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Еске салайық, апта басында Бақытжан Сағынтаев Алматы әкімі қызметінен кетіп, оның орнына Ерболат Досаев тағайындалды. Қаңтардағы бүліктен кейін жергілікті тұрғындар оның отставкаға кетуін талап етіп, петиция жариялаған.