Бір айда Петропавл жылу станциясының қазандықтары үш рет істен шықты. Тұрғындар жылусыз қалуы мүмкін бе?
Үйлер салқын, ал әлеуметтік нысандар штаттық режимде жұмыс істеп тұр
Петропавл жылу электр станциясының 3 қазандығы істен шықты. Мамандар қондырғыларды бірнеше күннен бері іске қоса алмай әлек. Қала тұрғындары қаңтардың қақаған аязында жылусыз қаламыз ба деп қауіптенеді. Кей аудандарда қысым төмендеп қалғандықтан берілетін жылу деңгейі азайып кеткен. Көпшілік жылытқыш құралдармен күнелтіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Петропавл жылу электр орталығында соңғы айда жағдай осымен үшінші рет қайталанып отыр. Желтоқсанда болған апат салдарынан денесінің басым бөлігін күйік шалған жұмысшы қайтыс болған еді. Ал кей аудан тұрғындары мүлде жылусыз қалған болатын.
Қала тұрғындары үйінің салқындап кеткеніне шағымдануда. Солардың бірі Валентина Поддубовая. Бірнеше күннен бері үйіндегі термотер бағаны + 17 градус көрсеткіштен аспай тұр. Отбасы электр жылтқыш құралдарын қолданып отыр. Бірақ одан пайда шамалы.
«Балалар да, өзіміз де ауырып қалдық. Үйдегі ауа температурасы көтерілер емес. 3 бөлмелі пәтерді жылтқыш құралдармен жылыту мүмкін емес. Әлсін-әлсін газды қосып қоямыз. Пайда жоқ. Жылу тиісті деңгейде берілмесе де монополист келер ай соңында толық төлем талап етеді. Оның үстіне, электр қуатын көп тұтынып жатырмыз. Оны ешкім есепке алмасы анық. Неге қарапайым халық зардап шегуі керек? Олар коммуналдық қызмет үшін қаржыны уақытылы әрі тиісті мөлшерде төлеп отыр. Баспанамыз салқын болғандықтан бәріміз бүрсең қағып жүрміз. Қайта күн жылы болып тұр. Ертең қыс қаһарына мінсе не істемекпіз», - дейді Валентина Поддубовая.
КӘСІПОРЫН ЖҰМЫСШЫЛАРЫ ТӘУЛІК БОЙЫ ЖҰМЫС ІСТЕП ЖҮР
Қазір кәсіпорында күндіз-түні жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар бір қазандықтың жөнделгенін жеткізді. Алайда, ол аздық етеді.
«Халық шыдамдылық танытып жатыр. Сол үшін алғысым шексіз. Тағы да аз уақыт сабыр сақтауды сұраймын. Жуық арада бәрі қалпына келтіріледі. Жылу станциясында барлығы 12 қазандық бар. Оның 8-і жұмыс істеп тұрған болатын. 3-і істен шығып, біреуі қайта қосылды. Қазір 6 қазандық жұмыс істеп тұр. Ұжым түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмей еңбектеніп жатыр. Жуық арады бәрі қалпына келеді деп ойлаймыз. Қала мүлде жылусыз қалады деп қауіптенуге негіз жоқ. 12 қазандықтың бірі істен шықса, екіншісі жөнделіп іске қосылады. Тұтынушыларды қамтамасыз ету үшін 8 қондырғы жеткілікті», - дейді «СевКазэнерго» бас директоры Михаил Косачев.
Монополист коммуналдық қызмет тиісті деңгейде көрсетілмегендіктен есептегіш құралдары жоқ абоненттер үшін төлем қайта есептелетінін жеткізді.
СТАНЦИЯ ҚОНДЫРҒЫЛАРЫНЫҢ 56 ПАЙЫЗЫ ТОЗҒАН
Жылу электр орталығындағы қазандықтардың жиі істен шығуының басты себебі – қондырғылардың тозығы жеткен. Ашылғанына 60 жыл болған кәсіпорында ешқашан ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін кәсіпорынды модерницазиялау жоспарланған. Бұл мақсатқа 17 млрд теңге жұмсалмақ.
«Айналасы 3 сағаттың ішінде бірінен соң бірі 3 қазандық істен шығып қалды. Себебі қондырғы әбден тозған. Жазда кәсіпорында күрделі жөндеу жүргізіледі. Тұтынушылар да жылыту маусымына жауапкершілікпен қараса дейміз. Биыл күзде қаладағы көпқабатты үйлердің 60 пайызында ғана «дайындық паспорты» болды. Бұл жұмысқа пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары жауапты», - дейді Петропавл ЖЭС директоры Ержан Қоңырбаев.
КӘСІПОРЫНДА МАМАН КАДРЛАР ТАПШЫ
Кәсіпорында 800-ге тарта адам жұмыс істейді. Әлі де 124 маман керек. Басшылық ұжымда кадрлардың тұрақтамауын жалақының аздығымен түсіндірді. Еңбекақы өсіру мәселесі тарифке тіреліп отыр.
«Бізде орташа жалақы 165 мың теңге. Мұндай ақшаға жұмыс істегісі келетіндер аз. Президент жыл басында коммуналдық қызмет тарифтерін алдағы жарты жылда өсіруге тыйым салды. Былтыр көмір – 25, мазут – 18, көмір тасымалы – 25 пайызға, химиялық реактивтердің бағасы екі есе, металл бағасы екі есе өсті. Құбырлар Ресейден әкелінеді. Тариф осы бағалар сынды тағы басқа көрсеткіштерден құралады. Егір бізге қызмет ақысын көтеруге болмаса, неге басқа салаларда бәрі қымбаттап жатыр», - дейді Михаил Косачев.
ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ЖҰМЫСЫ ТОҚТАТЫЛҒАН ЖОҚ
Бүгінде «Солнечный», «Борки» және «Жұмысшы кенті» аудандары жылуға жарымай отыр. Дегенмен балабақшалар мен мектептер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
«Сабақтар қысқартылған жоқ. Ғимараттағы орташа температура 20-22 градус шамасында. Күн сайын біз қалалық білім бөлімі мен монополист компанияға хабарлап отырамыз. Әрине, бұрынғыдан 1-2 градусқа айырмашылық бар. Дегенмен, жағдай қалыпты», - дейді мектеп директоры Наталья Килоева.
Станция басшылығы қала мүлде жылусыз қалмайтынына сендірмек болды. Ал істен шыққан екі қазандықтың қашан жөнделері әзірге белгісіз.