Солтүстік Қазақстанда 300 дәрігер тапшы
Жас мамандарға жоғары жалақы ұсынса да мұнда қалғысы келмейді
Солтүстік Қазақстан облысында 300-ге тарта дәрігер тапшы. Әсіресе, анестезиолог-реаниматолог, педиатр, акушер-гинеколог, психиатр, сәулелік диагностика мамандары жетіспейді. Шалғайдағы ауылдардағы жағдай тіпті қиын. Кейбір елді мекендерде медицина қызметкерлері атымен жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«CALL-ОРТАЛЫҚҚА ХАБАРЛАСУ МҮМКІН ЕМЕС...»
Зайра Жақыпова – Петропавл қаласының тұрғыны. Өңірдегі денсаулық сақтау саласына мүлдем көңілі толмайды. Жас ана балалары ауырғанда үйге дәрігер шақырту үшін 2-3 сағаттап қолынан телефонын түсірмейтінін айтады. Call-орталық қызметкерлері қоңырауға жауап бермейтін көрінеді. Шақырту түсірткен күннің өзінде дәрігерді бірнеше күндеп күтуге тура келеді. Осындай мазмұндағы шағымдар әлеуметтік желілерде де көбейді.
«Біз тұрғылықты мекен-жай бойынша №2 қалалық емханаға қараламыз. Себебі «Береке» ықшам ауданында емхана атымен жоқ. Соңғы рет балам ауырғанда Call-орталықтың номерін терумен болдым. 2,5 сағатта тұтқаны әзер көтерген маман сөзімді тыңдамай телефонды қоя салды. Нөмерді қайтадан бірнеше рет тегуге тура келді. Коронавирустың еш белгісі жоқ балаларға мобильдік бригада жіберетіндерін айтты. Мен оған қарсылық таныттым. Өйткені олар қауіпті вирусты тасымалдап жүруі мүмкін. Әлеуметтік желіге жазып, Денсаулық сақтау басқармасына шағымданғаннан кейін ғана дәрігер келді», - дейді жас ана.
АЛДАҒЫ ҮШ АЙДА УЛЬТРАДЫБЫСТЫҚ ЗЕРТТЕУГЕ ЖОЛДАМА БЕРІЛМЕЙДІ
Тұрғындар дәрігер тапшылығы ғана емес, емдеу мекемелеріндегі қызмет көрсету сапасы да сын көтермейтінін айтады. Көпшілік ай сайын медициналық сақтандыру қорына төлем аударып отырса да, жекеменшік клиникаларды жағалауға мәжбүр.
«Үйге шақыртқан дәрігер кешке дейін келмеді. Жеке номерін тауып хабарластым. Тіркеу орынындағы мамандар менің шақыртуымды педиатрға бермеген. Демек жұмыстарына өте салғырт қарайды. Тізімде біздің мекен-жай болмай шықты. Сол күні ешкім келмеді. Жекеменшік клиникадан дәрігер шақыртуға тура келді. Ондай медициналық сақтандырудың қажеті не? Бірнеше рет шығындаламыз. Мен ғана емес, осындай қаншама адам бар. Таныстарым мобильдік топ шақыртып, ПТР-тест алатындар екі тәуліктен кейін ғана келді. Емхана арқылы тегін компьютерлік томография мен ультра дыбыстық зерттеу қол жетпес арман секілді. Алдағы 2-3 айға орын жоқ. Ал жекеменшік кабинеттерде бәрі бар. Ақылға сыйымсыз. Шығындалып ақылы кабинеттерге барамыз. Табысы төмен адамдар не істеу керек? Шағымданғанды жақсы көрмеймін. Бірақ айтпасқа амал қалмады», - дейі Зайра.
Ай, күтіп ультра дыбыстық зерттеуге жете алмай қалғандардың бірі – Анар Қосанова. Диагностикаға барар уақыты таяғанда емханадан хабарсалысып, медициналық қызмет көрсетілмейтінін айтқан.
«Қаншама уақыт күттім. Ультра дыбыстық зерттеу қай күнге ауыстырылғанын сұрасам да айтқан жоқ. Тағы да жазылып өте алмай қалуым мүмкін. Тағатымды тауысқанша ақылы кабинетке барғаным дұрыс болар», - дейді ол.
СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛГЕН ДӘРІГЕРЛЕРГЕ 3,5 МЛН ТЕҢГЕ КӨТЕРМЕАҚЫ БЕРІЛЕДІ
Солтүстік Қазақстанда медицина саласында мамандардың ең үлкен тапшылығы 2016 жылы тіркелді. Ол кезде 400-ге жуық дәрігердің орны бос тұрды. Қазір өңірдің денсаулық сақтау ұйымдарында 1 400-ге тарта дәрігер және 5 мыңнан астам орта медицина қызметкері еңбек етеді.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, маман тапшылығының туындауына дәрігерлердің шет елдерге, әсіресе көршілес Ресейге, Нұр-Сұлтан қаласына көшуі, зейнетке шығуы себеп. Резидентураға оқуға түсіп кеткендер және басқа салаларға ауысқандар да баршылық.
«Біздің облыс үшін дәрігерлердің тапшылығы өте өзекті мәселе. Әсіресе пандемия кезінде бұл проблема қатты байқалып отыр. Бізде облыстық бюджет есебінен оқып жатқан резиденттер бар. Олардың басым бөлігі 2022-2023 жылдары жұмысқа кірісуі керек. Шарт бойынша жас мамандар біздің өңірде 5 жыл еңбек етеді. Республика бойынша ең көп көтермеақы Солтүстік Қазақстан облысында. Осыған қарамастан бізге жастардың көбі келуге құлықсыз. Өйткені олар ірі қалаларда еңбек еткісі келеді деп ойлаймын», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Қалиева.
Кей ауылдарда медицина қызметкерлері болмағандықтан ФАП-тар жабық тұр. Басы ауырып, балтыры сыздаған халық шипа іздеп аудан орталықтарына немесе көрші ауылдарға сабылады.
Жергілікті билік өкілдері мәселені шешу үшін қалалық жерге келгендерге мемлекет есебіне 2,5 миллион, ал ауылға жұмысқа орналасқандарға 3,5 миллион теңгеге дейін көтермеақы беруге дайын. Бірақ маман жоқ. Өткен жылы өңірге 99 маман келуі тиіс еді. Бірақ оның тең жартысы теріскейде еңбек етуге бас тартқан. Бірер жыл бұрын облыс орталығында 9 қабатты «Дәрігерлер үйін» салу жоспарланған болатын. Алайда, қаржы бөлінбегендіктен жоба жүзеге аспай қалды.