Контрабандалық жолмен келетін қаруға қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылды
Сенатор қару-жарақты сататын үй-жайларды техникалық күшейту талаптарын қатаңдату қажет деп санайды
Сенат депутаты Андрей Лукин еліміздегі қару-жарақтың заңсыз айналымына жазаны күшейтуді ұсынды деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Оның айтуынша, 2019-2021 жылдар аралығында елімізде 545 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, оның ішінде 600 жағдайда атыс қаруы қолданылған, оның 88%-ы заңсыз айналымда болған. Ал, қаруды сақтау және оны тіркеу шарттарын бұзғаны үшін 45 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Қазіргі уақытта атыс қаруына ұқсас, газды, газды-травматикалық, сигналдық және пневматикалық қару түрлерінен оқ ататын қаруды заңсыз жасау фактілерінің күрт өсу үрдісі байқалады. Қылмыстық ортаның мүшелері мен бүлдіргі діни ағымды жақтаушылар мұндай қаруды соғыс қаруына айналдырумен айналысады. Қарудың бұл түрінің таралу үрдісі ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне елеулі қауіп төндіріп отыр», - деді сенатор Андрей Лукин.
Сонымен қатар, атыс қаруының айналымына байланысты қылмыстың алдын алу және оларға қарсы тұру мақсатында травматикалық, пневматикалық, аңшылық қарулар мен олардың негізгі бөліктерін контрабандалық жолмен әкелгендерге, тегіс ұңғылы тіркелмеген қарудың заңсыз айналымына қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды.
Сенатор қару-жарақты сататын үй-жайларды техникалық күшейту талаптарын қатаңдату қажет деп санайды.