Ұшақ апатынан зардап шеккен 6 адам ауруханадан шықты
Олар ем алуды енді үйде жалғастырады
Алматы түбіндегі ұшақ апаты салдарынан зардап шеккен 6 адам ауруханадан шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының өкілдері журналистерге арнайы өткізген брифинг барысында қазіргі уақытта науқастардың бәрінің жағдайы бірқалыпты екенін, енді олар ем алуды үйде жалғастыратынын айтты.
«Ауруханада жатқан 9 адам әлі де дәрігерлердің бақылауында болады. Тағы 3 адам Нұр-Сұлтан қаласындағы ғылыми орталықта ем қабылдауда. Ал ұшақ апатынан зардап шеккен балалардың бәрі үйлеріне шығарылған. Сонымен қатар, қан тамырларына қатты зақым келіп, дәрігерлерді алаңдатқан нақастың да беті бері қарап, үйіне жіберілді. Ол біршама уақыт жасанды тыныс алу аппаратында жатты», – деп атап өтті Қоғамдық денсаулық басқармасы жетекшісінің орынбасары Әсел Бисембаева.
Еске салсақ, 2019 жылдың 27 желтоқсан күні Алматы әуежайының маңында Bek Air әуе компаниясына тиесілі Fokker 100 ұшағы апатқа ұшыраған еді. Ұшақ апаты салдарынан 12 адам қаза тауып, 67 адам түрлі жарақатпен ауруханаларға жеткізілген еді.