$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.01.2020, 04:50
Қоғам

Туыстары өтінген: Египетте көз жұмған елшілік қызметкеріне тағы сараптама жасалды

Еламан Жолдасовтың туыстары  тағы бір сот-медициналық сараптамасын жасауды сұраған

Туыстары өтінген: Египетте көз жұмған елшілік қызметкеріне тағы сараптама жасалды

Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің жұмбақ жағдайда көз жұмған қызметкері Еламан Жолдасовқа тағы бір сот-медициналық сараптама жасалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Sputniknews.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, 28 желтоқсанда Еламан Жолдасовтың денесі Қазақстанға жеткізілген болатын. Сол кезде оның туған-туыстары тағы бір сот-медициналық сараптамасын өткізуді сұраған.

«Біз де сондай ұсыныс жасаған едік. Осылайша, қазақстандық мамандардың қатысуымен қосымша сот-медициналық сараптама жасалды. Қазіргі кезде біз соның нәтижесін күтіп отырмыз», - деді Смадияров баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, Еламан Жолдасовтың денесі Түркістан облысындағы туған ауылында жерленді. Барлық шығындар Сыртқы істер министрлігінің есебінен өтелді. Жолдасовтың әйелі және балалары Каир қаласында жүр. Тергеудің нәтижесі әлі белгісіз.

Еске салсақ, қайғылы оқиға 2019 жылдың 13 желтоқсанында болған еді. Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің екінші хатшысы Еламан Жолдасовтың денесін оның жұбайы күндіз үйінің кіреберісінен тапқан.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Жолдасовтың аяқ-қолы байланып, өлі табылғаны туралы ақпарат тарағанымен, Сыртқы істер министрлігі ол ақпаратты жоққа шығарды. Қызметтік тексеріс жүргізу үшін Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілдері Каирге аттанған болатын. Мысырда марқұмның мәйітіне сот-медициналық сараптама жасалды.

Айта кетерлігі, Еламан Жолдасов сыртқы істер министрлігі жүйесінде 2013 жылдан бастап жұмыс істеген. 2017 жылдың мамыр айынан Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің мәдени-гуманитарлық мәселелер жөніндегі екінші хатшысы қызметін атқарған.

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің сөзіне қарағанда, әзірге елшілік қызметкерінің неден қаза болғаны белгісіз. Дегенмен, суицид ең бірінші версия ретінде қарастырылып отыр.

Ал бұған дейін президенттің атына бейнеүндеу жариялаған марқұмның жұбайы Айнұр Молдабаева суицидтің болғанын жоққа шығарды.

«13 желтоқсанда мен күйеуімді өлі күйінде таптым. Ол біздің пәтеріміз орналасқан үйдің кіреберісінде жатты. Бас жағында қан, ал мойнында бау болды. Бау баспалдақтың сүйенішіне байланып тұрды. Шалбардың арты шаң. Қабырғада қан және аяқкиім іздері болған. Демек, бұл өз-өзіне қол салу емес», - дейді Молдабаева.

Ол күйеуінің елшіліктен пиар-кампания өткізуге ақша алғанын айтады. Сол ақша Жолдасовтың өліміне себеп болуы мүмкін. Өйткені, қаражат жоғалып кеткен.

Серіктес жаңалықтары