$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қаланы тонаған мародерлер өздерін кінәлі санамайды – психолог

Кәсіпкерлерге келген шығын 100 млрд теңгеден асты

Қаланы тонаған мародерлер өздерін кінәлі санамайды – психолог
Фотоколлаж

«Қаңтар оқиғасында» Алматыда шеруге шыққан мыңдаған адам қаланы қиратып, сауда орындарын тонап кетті. Бүлікшілерді былай қойғанда, қаланың қарапайым тұрғындары мародерлікпен ашық айналысты. Олар қираған дүкендерден азық-түліктен бастап қымбат киімдер, тұрмыстық техника мен ұялы телефондарды шамасы келгенше алып кеткен. Кәсіпкерлерге келген шығын 100 млрд теңгеден асты.

Бір тәулік ішінде Алматының астан-кестеңін шығарған жігіттердің санын билік 20 мың адамның айналасында деп санады. Алайда, тікелей тонауға қатысып, зәулім ғимараттарды өртеді деген күдікпен ұсталған адамдардың саны мыңға да жетпейді. Қазақстан Бас прокурорының аға көмекшісі Азамат Сарғазин елдегі жаппай тәртіпсіздіктерден кейін ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша 695 сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталғанын мәлімдеді.

«Күдікті ретінде 780 адам ұсталды. 695 адамды сот қамауға алды. Бұл істер ауыр және аса ауыр қылмыстарға жатады. Олардың барлығы бойынша прокурорлар азаматтардың құқығының сақталуын қамтамасыз етіп жатыр», - деді кеше Серғазин.

Елдегі жастардың рухани және әлеуметтік жағдайын арттыру мақсатында бұған дейін «Жастар жылы», «Ауыл жылы», «Жастар - Отанға», 
«Дипломмен – ауылға», «Жастар тәжірибесі» және «Жастардың кадрлық резерві» сынды ондаған жоба мен бағдарламаларға мемлекеттен миллиардтаған қаржы бөлінді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты арнайы жоба да қолға алынды. Алайда, кешегі мародер жастарды көргенде бұл бағдарламалардың іс жүзінде жүзеге асқанына күмәнданып қалдық.

«Деструктивті діни ұйымдардың сөзі жастарға өтімді...»

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы Жарас Сейтнұрұлы да осы оқиғаларды көзбен көріп, жағасын ұстағандардың бірі. Оның сөзінше, мемлекет тарапынан жүргізілген бағдарламалар тек қағаз бетінде 100% орындалып, іс жүзінде ақсағандықтан, жастарға «діни ұстаздардың» сөзі өтімдірек болады екен.

«Мемлекет тарапынан қабылданған жобалардың идеясы дұрыс. Мәселе, оларды жүзеге асыру, жастарға жеткізу механизмдерінің дұрыс жүргізілмеуінде. Діни экстремистік ұйымдардың, теріс ағымдардағы адамдардың қолданатын методикасы әлдеқайда жастарға өтімді. Олардың қолданатын технологиясы көңілге қонымды, қарапайым тілде айтады, жастардың тілінде сөйледі. Біз жақсы жобалардың өзін дұрыс жеткізе алмай, жастардың жүрегіне жол таба алмай, науқанға және бюрокартияға айналдырып жібереміз.

Деструктивті діни ұйымдармен салыстырғанда ұтылып жатырмыз. Біз ресми сөйлейміз, бұл шынайылық пен идеяның алшақтығы. Тобырдың психологиясы деген бар. Адам тобырға түскенде пайдакүнемдік, ашкөздігі ашылып кетеді, бұл рационалды психология. Нарықтық ұстанымда адами құндылық азайды. Тонаушылық деген ата-бабаларымыздың құндылықтарында да жоқ болған. Бұл жерде біздің құндылықтарымыз да өзгерді. «Қандай жолмен ақша тапсаң да байы» деген ұстанымның жемісі негізінде адамдар ұрлықпен де пайда тауып жатыр. Қоғам бізді қалай тәрбиеледі – соның жемісі», - деді Жарас Сейтнұрұлы.

Билікті, әкімдікті «ұры», «жемқор» деп сынайтындардың саны ауылда да, қалада да аз емес. Оның сыртында парақорлықпен ұсталған лауазымды тұлғалардың көптігі де көңілге осындай сенімді әбден ұялатып қана қоймай, ондай қылмысқа барған адамдарға селсоқ қарау да санаға сіңген. Күрмеуі шешілмеген кез келген істі жомқорлықпен байланыстыру да үрдіс алған. Бұндай ақпараттар мен жасалған қылмыстарға мидың, ой-сананың үйреніп кетуі де адамды бұзады, арамдықтан алшақ жүр дегенді ада қылады, дейді мамандар. Психологтардың сөзінше, шындығында қаланың күлін көкке ұшырғандардың көбі олар өздерін бұл ұрлыққа кінәлі санамайды.

«Ғимараттарды өртеп, қаланы ойрандаған алматылықтар емес, шеттен келгендер. Бұл туралы жаңалықтардан айтылып та, жазылып та жатыр. Ал мародерлікке келетін болсақ, тонау дәрменсіз адамдарға өзін керемет күш иесі ретінде сезінуіне мүмкіндік береді. Жаппай тонау кезінде адам өзін аффект (жаппай психоздық) күйде сезінеді, яғни өз әрекетіне толық жауап бере алмайды. Қалың топтың ішіндегі адам өзінің моральдық принциптерін жоғалтады, өзін кінәлі сезінбейді және заң бұзудан сақтайтын ұят, жанашырлық сияқты сезімдерін жоғалтып алады. Неғұрлым көп адам жиналып тонаса, соғұрлым ұят сезімін ұмытады. Іштей «көптің бірі ретінде жүре берейін, ұсталмай қалу мүмкіндігім жоғары» деп ойлайды. Отырып алып қоғамды, мемлекетті жамандау – оңай. Олар рухани аш адамдар», -деді психолог Салима Сатылғанқызы.

«Экономикамыз олигархтардың мүддесі үшін жұмыс істеді...»

«Тегін дүниеге дәмелі болу, «дайын асқа тік қасық болу» деген адамның биологиялық жасы өскенімен, жанының жасы өспей қалғандығының белгісі деп санайды мамандар. Жаны өспей қалған адам емізулі сәби сияқты. «Мені біреу бағып-қағуы керек, маған сүт беруі керек, киіндіруі керек, ол үшін ештеңе істемей қойсам болады» деген масылдық санада», - деп саралады Сатылғанқызы.

Билікке талап қоямыз деген сылтаумен көшеге шығып, соңында жалпы халыққа ортақ мүлікті тонап, өртеу, қирату, зорлау мен өлтіру тобырдың әрекеті. «Қаңтар қасіреті» қайталанбас үшін билік халықтың сеніміне кіріп, бюджетті әділ бөлу керек деп санайды ғалым.   

«Халқың қандай – билеушің сондай» деген атмосфераның қалыптасқанын да жоққа шығара алмаймыз. Жоғарыда отырғандардың ісі мен сөзінің бөлек екенін ел көріп келді. Билікке деген халықтың сенімі жоғалды. Төмендегілер жоғарыға, элитаға еліктейді. Оның салдары да міндетті түрде әсер етеді. Жоғарыдағылар «мәдениетті» түрде ұрлайды, халық өз деңгейінде ұрлайды. Мына жағдайды көрген әлем елдері тұрмақ, арамыздағы заңды тыңдайтын, ортаны сыйлайтын қарапайым тұрғындардың өзі шошып кетті. Бұзақылықты, тонауды көрген соң әлемнің қай елі бізді жақсы дейді?

Бүкіл экономика олигархтардың мүддесі үшін жұмыс істеді. Оны кешегі күні Президентте айтты. Бюджет әділетті бөлінсе, жауаптылар адал болса халық бұлайша ашынбас, кедейленбес еді ғой. Норвегия, Дания, Швеция, Финляндия, Исландия сынды Скандинавия елдерін немесе Германия сынды Еуропаның мемлекеттерін алып қарашы... Ол жақта бюджет қалай бөлінеді? Жұмыссыздардың да мүддесі жақсы қорғалған, адамдарда таңдау еркі бар. Тұрғындарға мотивация береді, ертеңгі күндеріне сенім бар. Бізде тұрмыс сананы билеп тұр. Қаншама бағдарлама қабылданғанмен, олар соңына жетпейді немесе қағаз жүзінде ғана орындалады. Іске асыру механизмі дұрыс емес. Маңғыстау облысында малға бөлінген субсидияны алып қарашы, қай шаруа, қандай малшы алыпты сол көмекті?

 Егер билік осы күнге дейін халықты тыңдағанда мына жағдайлардың бірі де болмас еді», - деді Психология ғылымдарының кандидаты Ж.Сейтнұрұлы.

Адам жанын зерттеушілер ұрлық та нашақорлық сияқты тәуелділік дегенді айтты. Сондықтан елдегі адамдарды әлеуметтік жағдайын, мәдениет мен сауатын да көтерумен қатар психологиясын да емдеу қажет деп санайды.

«Ұрлық ішімдікқұмарлық пен нашақорлық сияқты – тәуелділік. Маскүнемдік, нашақорлық дерт болса, ұрлық жасау да дерт. Дерті бар адам өз-өзіне көмектесе алмайды, сондықтан маман көмегіне жүгіну керек. Ұрлыққа бейім адам міндетті түрде психологке барып, жан дүниесін зерттеуі керек. Адамды әлсіздігі үшін жазалау көп жағдайда көмектесе қоймайды. Жазалау арқылы салдарды жоямыз, себепті жоя алмаймыз. Әр адам өзінің ішіне үңіліп, жанын зерттесе, қоғамда психологиялық мәдениеті мен салауатты адамдар көбейсе, мінсіз қоғамға жақындай түсер едік. Әр мемлекеттің, әр елдің өзіне тән жетістігімен қатар әттеген-айы болады. Бұл да біздің қоғам үшін өмірдің бір қара жолағы, бұл сынақтан сүрінбей өттік, елдігімізді жоғалтып алуға мүмкіндік бермедік», - деді отбасылық психотерапевт.

Серіктес жаңалықтары