$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қылмыскерлердің көбі жалға алған пәтерлерде тығылып жатыр – Полиция департаменті

Өткен тәулікте Алматы қаласында 508 күдікті ұсталған

Қылмыскерлердің көбі жалға алған пәтерлерде тығылып жатыр – Полиция департаменті
Фотолардың авторы Әсет Құндақбаев

Алматының тергеу абақтылары күдіктілерге лық толды. Тек өткен тәуліктің өзінде жарты мыңнан астам күдікті қолға түскен. Тығылған қашқындар туралы қаланың тұрғындары да хабарлама беріп, қылмыскерлердің ұсталуына көмектескен. Қазіргі сәтте Алматының тағы екі ауданын лаңкестерден тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Қаланың айналасына қойылған бақылау бекеттерінен өтпек болған 56 күдікті ұсталып, орталықта ойран салған 9 автокөлік табылған. Қамауға алынған азаматтар Алматыдағы лаңкестік оқиғаларға қатысқан.

«Өткен тәулікте Алматы қаласында 508 күдікті ұсталды. Олар лаңкестік әрекеттерге, қаланы тас-талқан қылған өзге де оқиғаларға қатысушылар. Заңсыз айналымнан 22 қару-жарақ, 1400 астам оқ-дәрі тәркіленді. Полицияның 102 пультіне 1 мыңнан астам шағым түсті. Комендатураның колл-орталығына күдіктілер жайлы 525 хабарлама келіп түсті. Өткен тәулікте Алматы қаласының Медеу, Алатау және Әуезов аудандары лаңкестерден тазартылды», - деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Өткен тәулікте Әуезов ауданы бойынша Сайн – Райымбек – Карьерная – Жандосов көшелері, Медеу ауданындағы Абай – Достық - Әл-Фараби – Желтоқсан даңғылдарының арасындағы жерлерлерде лаңкестермен күрес жүргізілген. Тәртіпсіздікке қатысып, қаланы қирату бойынша қамауға алынған азматтардың саны 6 мыңнан асады. Лаңкестер қалалық Полиция департаментіне 20-дан астам қарулы шабуыл жасаған.

«Қазіргі уақытта Алматының Медеу және Алмалы аудандарын лаңкестерден тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Тергеу изоляторлары қылмыскерлерге лық толды. Тергеушілердің саны жеткілікті. Басқа басқармалардың өкілдері тергеуді қоса өткеріп жатыр. Тергеу абақтылары күдіктілерге лық толды, қатаң күзетке алынған. Қылмыскерлердің көбі жалға алған пәтерлерде тығылып жатыр. Бұл болжам негізге алынды. Тығылып қалуы мүмкін. Көліктердің бәрі тексеріледі. Жаңа технология, соның ішінде камералардың да көмегін із кесу бойынша пайдаланамыз. Полиция департаментіне таңғы беске дейін 20-дан астам шабуыл жасалды. Соғыс кезінде 25-тен астам содырдың көзі жойылды», - деді ресми өкіл.

Қазіргі уақытта қалаға кіріп-шығатын бес бақылау бекеті ғана жұмыс істеп тұр. Қаланың іші тыныш, көшеде жүргіншілер аз болғанмен, мәйітхананың алдында адам қарасы көп. Қаза тапқан жақындарын сәт сайын алып кетіп жатыр. Түгелдей қиратылған Республика алаңы мен өзге де стратегиялық нысандарға күшейтілген қарауыл қойылған. Қала көшелерінде содырлардан қалған оқ-дәрілер әлі де шашылып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Алматы #атыс