Содыр ретінде ұсталған қырғыз азаматы танымал әнші болып шықты

Қырғызстандық БАҚ оның еліне қайтарылғанын жазды

Газета.Ру

Алматы облысы Самсы ауылында ұсталды деп қазақстандық телеарналардан көрсетілген күдіктіге қатысты жаңа дерек пайда болды. Қырғызстандық БАҚ өкілдерінің мәлімдеуінше, ол ешқандай да лаңкес емес, Викрам Рузахунов есімді танымал әнші болып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Осыдан бірер күн бұрын жарияланған видеороликте Алматыдағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан қырғызстандық азамат Қазақстанға қалай келгенін айтады. Оның сөзінше, бейтаныс адамдар оған ақша ұсынып, митингке қатысуға шақырған-мыс. «Күдіктінің» түр-әлпеті республикалық бірнеше телеарнадан ашық көрсетілді.

«Қаңтар күні маған бейтаныс адамдар хабарласып, митингке қатысу туралы ұсыныс айтты, қатысқан жағдайда 90 мың теңге беретінін айтты. Мен Қырғызстанда жұмыссыз жүргендіктен, келісе кеттім. Олар маған ұшаққа билет алып берді. Осылайша 2 қаңтар күні Алматыға ұшып келдім. Ары қарай мені пәтерге апарды. Ол жақта мен сияқты Өзбекстан, Тәжікстан азаматтары болды. Алайда, мен олардың не айтып жатқанын түсінбедім», - дейді ұсталған азамат. 

Алайда, бүгін Қырғызстан Бұқаралық ақпарат құралдары қырғызстандық музыкант Викрам Рузахуновтың босатылғаны туралы жазды. News.kg ақпарат агенттігінің хабарлауынша, күдіктіні Бішкекке қайтарған. Бұл туралы Қырғызстан Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті мәлімдеді, деп жазды жергілікті БАҚ өкілдері.

Кеше Бішкекте қырғызстандықтар ҚР елшілігі алдында митинг өткізіп, Викрам Рузахуновты босатуды талап еткен. Көп ұзамай жиналғандарға келген Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басшысы Камчыбек Ташиев қырғыз азаматын босатуға әрекет жасалып жатқанын айтқан. Жергілікті БАҚ Қырғыз Республикасының СІМ Қазақстанға наразылық нотасын жолдағаны туралы ақпарат таратты.

Azattyq Rýhy тілшісіне сұқбат берген қырғыз саясаттанушысы Алмаз Тәжібай тергеу органдарынан солақай әрекеттерге бармауды сұрады. Ұсталса, тергеуге алынса, оның кінәсі дәлелденбей тұрып ақпарат тарату кәсібилікке жатпайды дейді ол.

Алматы қаласы комендатурасының ресми өкілі Салтанат Әзірбек қырғыз азаматының босатылғаны туралы ақпараттың анықталып жатқанын мәлімдеді. «Ол босатылған жоқ. Ресми ақпарат күтіңіздер» деді полицей.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.