Лаңкестер Қазақстан астанасына соққы беруді көздеген – Қ.Тоқаев
Қазақстандағы террористік шабуылдар 5 қаңтарға қараған түні басталған болатын
Бір ғана Алматының өзінде лаңкестер 7 қару-жарақ дүкенін тонап кетті. Бұл шабуылдар – кәсіби дайындалған террористік әрекеттер. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысында мәлімдеді.
«Бандиттер полиция мен әскери қызметкерлерге шабуыл жасап, оларды ерекше қатыгездікпен ұрды. Екі әскери қызметшінің басын кесіп тастады. Ауруханаларға жабайы шабуылдар жасалды. Мемлекетті ресурстарынан айыру үшін ұйымдастырушылар шабуыл алаңдарын кеңейтті. Олар бір уақытта 11 аймақты қамтыды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, ең негізгі соққы Алматы қаласына бағытталды. Өйткені бұл шаһар еліміздің маңызды көлік және коммуникациялық тораптары шоғырланған ірі қаржы орталығы саналады.
«Бұл қаланың құлауы халық тығыз орналасқан оңтүстікті, содан кейін бүкіл елді басып алуға жол ашады. Террористер Қазақстан астанасына соққы беру үшін құқықтық тәртіп күштерін тартып алуды көздеді. Біз Президент резиденциясының айналасында содырлардың жиналғанын көрдік. Шын мәнінде, бұл біздің мемлекетке қарсы түрлі әдістермен басталған нағыз террористік соғыс болды. Бұл бізден бұрын-соңды болмаған шараларды қабылдауды талап етті», - деді Президент.