Қазақстан темір жолы: жаңа вагондар, миллионыншы контейнер, заманауи теміржол
92 мыңнан астам теміржолшы коронавирусқа қарсы екпе қабылдады
Қазақстан арқылы өтетін транзитті контейнерлік тасымал көлемі 1 млн ЖФЭ (жиырма футтық эквивалентке) жетті. Транзиттік пойыз миллионыншы контейнерді Қытайдың Сиань қаласынан Алтынкөл станциясына жеткізді. ҚТЖ ұсынған деректерге сүенсек, «KTZE Khorgos Gateway» құрлық портында темір жол көлігі тар жолдан кең жолға ауыстырылғаннан кейін контейнер Ақтау портына, одан әрі Каспий теңізі арқылы Түркияның Мерсин қаласына жөнелтілді. Контейнерді Сианьнан Мерсинге апаруға 17 күн кетеді. Екі ара - 9 мың шақырым. Айта кету керек, 2016 жылдан бастап транзиттік контейнерлік тасымалдау көлемі 4,5 есеге көбейген. Сарапшылар бұл үрдіс алдағы жылдары да жалғасады деген болжам жасап отыр. Бұл жетістік теміржолшылардың Тәуелсіздіктің 30 жылдығына жасаған сыйы саналады.
Биыл «Қазақстан темір жолы» компаниясы бірқатар жаңа вагондармен және Тальго пойыздарымен толықты. Желтоқсан айында Елордадағы «Нұрлы жол» теміржол вокзалынан Арқалық қаласына Тальго вагондарынан тұратын жолаушылар пойызы алғашқы сапарына аттанды. Пойызда 348 орын бар, алғашқы рейстің өзінде жолаушылардың қамтылуы 60%-дан асқан. Сондай-ақ, онда «Турист», «Бизнес» және «Грант» дәрежесіндегі орындар, вагон-мейрамхана және вагон-буфет бар. Жолаушылар жол үстінде уақытты қысқарту үшін мультимедиялық порталды пайдаланып, гаджеттері арқылы ойындар ойнап, кино көруіне мүмкіндігі бар. Екі қала арасындағы жолға кететін уақыт 12 сағат 49 минутты құрайды.
Ал екінші Тальго пойызы «Алматы-2 – Маңғыстау» бағытында іске қосылды. Екі құрамнан тұратын және жұп күндері жүретін №111 пойыздың жолда жүру уақыты 41 сағат 49 минут.
Бұдан бөлек, Маңғыстаудан Алматыға қатынайтын №77/78 «Маңғыстау – Алматы-2» жолаушылар пойызы жаңа вагондармен толықты. Вагондар мемлекеттік «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында сатып алынды және Тверь вагон жасау зауытының технологиясы бойынша «Тұлпар» зауытында құрастырылған. Вагондарды сатып алуды «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қаржыландырды.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ 2010-2021 жылдары 1153 вагон, оның ішінде Маңғыстау облысы бойынша 141 вагон сатып алған. «Жолаушылар тасымалы» АҚ-да 2020-2029 жылдарға арналған стратегияға сәйкес 500-ге жуық жолаушылар вагонын сатып алу көзделген.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл бағыттағы пойыздардың (Маңғыстау – Алматы) жүру уақыты биыл желтоқсаннан бастап 2,5 сағатқа қысқарады және алдағы уақытта осы бағытта Тальго жүрдек пойызын шығару жоспарда бар.
Сонымен қатар, инфрақұрылымдық бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл Атырау аймағы бойынша инфрақұрылым нысандарын жаңғырту, кеңейту, технологиялық процестерді жетілдіру мақсатында 55,53 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланды. Бүгінде Құлсары жол дистанциясында 22,88 шақырымдық ескі темір жол түгел алынып, орнына неміс технологиясымен жасалған ФОССЛО қапсырмалы темір бетонды шпалдар салынды. Сондай-ақ, Атырау жол дистанциясында 25,74 шақырым ескі темір жол алынып, орнына темір бетонды шпалдар орналастырылды. Күрделі жөндеуден өткен учаскелерде жолаушылар пойызының жылдамдығы 60 км/сағаттан 120 км/сағатқа, жүк тасымалы пойызының жылдамдығы 50 км/сағаттан 100 км/сағатқа артқан.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері Батыр Қотырев 2030 және 2060 жылдарға арналған Компанияны декарбонизациялаудың бірнеше жобасын ұсынады. Бұл істе теміржол көлігіне, өндіріс ошақтарына және әлеуметтік нысандарға табиғатқа зиян келтірмейтін отындық пайдалану басты міндет. Батыр Котырев қазандықтардағы көміртекті азайту бойынша үш сценарий ұсынды. Біріншісі: көмірмен және дизель отынымен жұмыс істейтін қазандықтарды газга ауыстыру болса, екіншісі: көмірмен жанатын қазандықтардағы ауаны ластаушы заттарды 8,1 мың тоннаға дейін азайту жоспарланған. Үшінші сценарий электромобильдерді, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері үшін жаңартылатын энергия көздерін белсенді пайдалануды, автокөліктерде сутегіні қолдануды көздейді. Ол сонымен қатар, 2022 жылдың 1 тоқсанынан бастап екі департаменттің ережелеріне энергияға көшу мәселелері бойынша қосымша функциялар бөлігінде өзгерістер енгізілетінін атап өтті.
Қазан айында «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығы ірі көмір разрездері өкілдерімен кезекті кеңес өткізді. Кездесуде Шұбаркөл және Қызылжар жүк тиеу станцияларын инфрақұрылымдық дамыту, сондай-ақ көмір тиеуге қажетті жылжымалы құраммен қамтамасыз ету және ашық вагондарды ұтымды пайдалану мәселелері талқыланды. Қазақстан темір жолы магистральдық желісінде көмір разрездерінің қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз ету үшін жылжымалы құрам жеткілікті. Қатты отынды тасымалдауға түрлі меншік нысанындағы 35 мың ашық вагон тартылып отыр. Компанияның еншілес ұйымы – «Қазтеміртранс» АҚ көмір тасымалына 13 мыңнан астам вагон ұсынды. Бұл қолданыстағы парктің 66% құрайды. Кеңес қорытындысы бойынша жауапты құрылымдық бөлімшелерге көмір өндіруші кәсіпорындарға кірме теміржолдар құрылысы перспективаларын қарау бойынша тапсырмалар берілді.
Компанияның тағы бір сүйінші жаңалығы - биыл 10 қазаннан бастап елімізде әйел жолаушыларға арналған вагон билеттері сатылымға шықты. Жобаны іске асыру үшін №77/78 «Алматы – Маңғыстау» және №351/352 «Алматы-1 - Өскемен» жолаушылар пойыздарында бір купе вагоны іске қосылды. BILET.RAILWAYS.KZ сайтында немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларында темір жол билеттерін рәсімдеу кезінде «ЖН» (әйелдер) белгісі болған жағдайда бұл вагон тек қана әйел жынысты жолаушыларға (толықтай вагонға) билет сатуға арналғандығын білдіреді. Сондықтан ер азаматтар пойыз билеттерін сатып алғанда абай болу керек. Бұл ретте 7 жасқа дейінгі ұл балаларға билет алуға рұқсат етіледі. Әйел жолаушылар тарапынан осы қызметке сұраныс болған жағдайда компания Қазақстан ішіндегі маршруттардың ауқымын кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ, компания өз қызметкерлерін вакцинациялаудан өткізу бойынша жақсы көрсекішке ие. Жалпы, 2021 жылдың 11 қарашадағы жағдай бойынша 92 мыңнан астам теміржолшы Covid-19-ға қарсы екпе қабылдаған. Компания бойынша қызметкерлердің 84,3% бірінші компонентті, 82,1% вакцинаның екінші дозасын алып үлгерді. Сонымен қатар, «Кедентранссервис» АҚ қызметкерлерінің де екпе алуда белсенділігі жоғары. Бүгінде ондағы жұмысшылардың 96,1 %-і коронавирус инфекциясына қарсы вакцинацияланған. Ал қалған қызметкерлердің денсаулығына байланысты профилактикалық екпе алуға қарсы тұрақты немесе уақытша медициналық анықтамалары бар.