Петропавлдық коллеционердің иелігінде 40-тан астам мотоцикл бар
Коллекция арасында әлемдік брендтердің сан-алуан түрін кездестіресіз
Петропавл қаласының тұрғыны Илья Загола мотоциклдің түр-түрін жинаумен айналысады. Оның иелігінде аталған көліктің 40-тан астам моделі бар. Ең көнесі 1942 жылы шығарылған «Harley Davidson», деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Илья Загола екі және үш дөңгілекті көліктерді бала кезден жинап жүр. Қазір оның гаражында «BMW», «JAWA», «SPEEDWAY», «SUZUKI» секілді мотоцикілдердің түр-түрі бар. Коллекционер мұндай техниканы жинау үшін уақытын да, қаржысын да аямайды.
«Жалпы, ескіні қалпына келтіру, жоқтан бар жасау ең қиын іс. Себебі, қолданыстан шығып қалған көліктің бөлшектері қазір жоқтың қасы. Кейбірін тұрғындар өздері әкеліп береді. 1997 жылдан бері осындай коллекция жинап келемін», - дейді коллекционер.
Коллекционер әр жерден жиналған бөлшектерден атақты «Harley Davidson» мотоциклын құрастырып жатыр. Бұл америкалық көлік Екінші дүниежүзілік соғысты өткерген екен. Оның бұл жұмысты колға алғанына 11 жылдан аса уақыт болған. Біраз бөлшегін ауыстыруға тура келіпті.
«Бұл мотоцикл КСРО-ға Америка тарапынан көрсетілген көмек ретінде жеткізілген. 1942 жылы шығарылған. Қазақстанда оның бірнешеуі ғана қалыпты. Мен мұны Өскемен қаласынан алып келдім. Қазір көліктің қозғалтқышын қалпына келтіріп жатырмыз. Кей бөлшектерін Америкадан сатып алдық. Бастысы түпнұсқадан айырмашылығы болмау керек», - дейді Илья Загола.
Ильяға мотоциклдерді қалпына келтіруге әкесі көмектеседі. Бар шаруаны екеуі бірге тындырады. Бір кездері әкесінің иелегінде болған 1968 жылғы «JAVA» мотокөлігі де коллекциядан өз орнын тапқан.
«Бұл мотоциклді 1973 жылы сатып алып, жақсылап жөндеп алдым. Мұны мініп бармаған жеріміз жоқ шығар. Саяжайға, орманға жеміс-жидек, саңырауқұлақ теруге баратынбыз. Кейін 90-шы жылдары оны біреулер ұрлап әкетті. Артынша ұлдарым бұл мотоциклді темір-терсек қабылдайтын орыннан тауып алып, қалпына келтіріп, маған сыйға тартты», - дейді Сергей Загола.
Әкелі балалы коллекционерлердің мотокөлік жинап жүргеніне ширек ғасыр болған. Олар ерекше көліктер санын одан әрі көбейте түспек.
Эльмира Мәмбетқызы