«Журнал неге қазақша аталмайды?» Өрт сөндіру бөлімінің басшысы орыс тіліндегі журналға жазылудан бас тартты
Ол тек бір жағдайда ғана өзі басқаратын құраммен бірге журналға жазылатынын айтты
Елордадағы ТЖД "Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі" мемлекеттік мекемесі 12 өрт сөндіру бөлімі басшысының әлеуметтік желідегі жазбасы көпшіліктің көңілінен шықты. Жазбада азаматтық қорғау подполковнигі "Пожарный и спасатель Казахстана" деп аталатын ведомстволық журналға жазылмайтытын мәлімдеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Азаматтық қорғау подполковнигі Бақыт Сырғабековтің жазбасы Фейсбуктегі топтардың бірінде жарияланды. Онда бөлім басшысы орыс тілді журналға жазылудан бас тартқанын жазады.
"12 өрт сөндіру бөлімінде "Пожарный и спасатель Казахстана" ведомстволық журналына жазылудан және өзім басқарып отырған жеке құрамға үгіт-насихат өткізуден бас тарттым. Себебі, жоғарыда көрсетілген журнал неге "Қазақстанның өрт сөндірушісі және құтқарушысы" деп аталмайды. Мен басқарып отырған №12 өрт сөндіру бөлімінде 1 қызметкер орыс ұлтының өкілі, 81 қызметкер қазақ ұлты, сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігінде 90% қызметкерлер қазақ ұлтының өкілі", - делінген желідегі жазбада.
Ол тек бір жағдайда ғана өзі басқаратын құраммен бірге журналға жазылатынын айтты.
«Тәуелсіз Егеменді елдің азаматы ретінде мемлекеттік тілдің дамуына нұқсан келтіретін журналға тек мемлекеттік тілде атауын өзгертіп және мемлекеттік тілде шыққан жағдайда 2022 жылға жазылатынымызды мәлімдедік», - деді подполковник.
Бақыт Сырғабековтың айтуынша, сол уақыттан бастап мемлекеттік мекеме басшылығы тарапынан жеке құрамға қысым көрсетіп, жылдық сыйақыдан, жыл қорытындысы бойынша тапсыратын тестілеуден өте алмайтыны туралы ескерту жасаған.