$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.12.2021, 05:49
Қоғам

Балабақшада қатарластарынан таяқ жеген баланың әкесі оқиғаның мән-жайын айтты

Ол кінәлілер заң алдында жауап бермейінше, соңына дейін күресемін деп отыр

Балабақшада қатарластарынан таяқ жеген баланың әкесі оқиғаның мән-жайын айтты
Фото ашық дереккөзден

Алматыда балабақшада қатарластарынан таяқ жеген баланың әкесі КТК арнасы тілшілеріне барлық мән-жайды өз аузымен айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Амангелді Әскенов балабақшада қатарластарынан оңбай таяқ жеген баланың әкесі. Ол тұңғышы көкала қойдай болып үйге келгенде бірден мектепке дейінгі мекемеге барып бейнебақылау камерасын көтерткен. Ең сорақысы, балалардың бірі қалмай ұлын қуып жүріп ұрғанын балабақша ұжымы біле тұра, ешкімге тіс жармауға тырысты дейді жігіт ағасы.

 «Ол шок. Көзге жас алмай айта алмайсың. Көрген адамның өзі жылайды. Айтатын адам баланы келген кезде айтатын еді. Сол күні осындай оқиға болды деп айтады. Тәрбиешісі келе сала бізге хабарласатын еді. Ол телефонын шұқылап отыра берді. Балабақшаның бәрі білді, сондай шу болғанын. Апайдың өзі балаларды үйіне жіберіп жатқанмын дейді. Оның бәрі өтірік. Негізінде ол жиналыста отырған адам. Балаларды тастап кеткен», - дейді Амангелді Әскенов.

Амангелді кішкентай балаларды ондай қатігездікке ешқандай ата-ана үйретпейтініне сенімді. Сондықтан ол ұл-қыздарды тәрбиеші «арандатқан» деп топшылайды. Бұл болжамды жабылып кеткен топтағы бүлдіршіндер де растапты.

 «Бір-екеуінен сұрадық. Ұрыспай-ақ. Мұғалімдер сол жерде болды. Қандай себеп болды деп сұрадық. «Бізге апай айтты, Абылай тұрса ұрыңдар» дегендей. Кішкентай бала бәрін сіңіріп алады, айтқанды істейді. Бала дұрыс тәрбие көрмеді дегеннің өзінде, барлығы жабылып, ойлары бір жерден шыға қоймас. Мен балаларды кінәлай алмаймын. Себебі, баладан мен ондай күтпеймін. Ата-анадан да күтпеймін. «Барып жабылып ұрыңдар» деп ешқандай ата-ана жасамайды деп ойлаймын», - деді жәбір көрген баланың әкесі.

 «Ұлымның жүйкесі зақымданды» деп шыр-пыр болған Амангелді Әскенов полицияға арыз жазған. Ол кінәлілер заң алдында жауап бермейінше, соңына дейін күресемін деп отыр.

Серіктес жаңалықтары