Биыл ереуілге шыққан мұнай компаниялары қызметкерлерінің мәселелері әлі де шешілмеген
Компания жұмысшылары қудалаудың болғанын да жасырмайды
Қызылорда облысында бір апта бұрын аштық жариялаған "Қуатамлонмұнай" жұмысшылары бүгін тағы наразылыққа шықты. Олар "жалақымыз 50 пайызға көтерілсін" деген талаптарының орындалмай қалғанын айтады, деп хабарлайды 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметі.
Ал Маңғыстау облысында бір жыл ішінде осындай еңбек ақысын көтеруді талап еткен 20-дан астам компанияның қызметкері ереуілге шыққан болатын. Мәселе шешілмейінше тарқамаймыз деген азаматтар шатыр тігіп, ас-суларын да далада ішкен еді.
"Қуатамлонмұнай" компаниясының 300-ден аса жұмысшысы он жылдан бері жалақымыз бір тиынға да көбеймеді деп ашулы. Бүгін жұмысшы мен жұмыс берушілер арасында құрылған екі жақты комиссияның шешімі шығу керек болған. Жиналған мұнайшылар айлықтарын тек 6-32 пайыз аралығында ғана көтереміз деген компания басшыларымен келіспейді.
Ал Маңғыстау облысында бір жылдың ішінде 20-дан астам компания қызметкерлері жұмысты тоқтатып, ереуілге шықты. Оның 90 пайызы «ӨзенМұнайГаз» бен «МаңғыстауМұнайГаз» компанияларына қызмет көрсететін серіктестіктер. Бәрінің талабы ортақ - жалақыны көтеру. Биыл тіпті өңірде 9 бірдей компания жұмысшылары осы еңбекақының аздығын айтып бір күнде жұмыстарын тоқтатқан еді. Олар шатыр тігіп, апталап дала да түнеген.
Кезби компаниясының жұмысшылары аптап ыстықта 6 күн ереуілдетті. Басшылыққа бірден 12 талап қойған олар қазан айында тағы да жұмысты тоқтатқан еді. Дегенмен, мәселе әлі де оң шешімін таппады дейді жұмысшылар. Ал Жетібай кентіндегі «West Oil Software» серіктестігі жұмысшыларының мәселесі ұзаққа созылып, екі апта үйлеріне бармастан далада қонды. Әкесін сағынған балалар да сағынышын біздің арна арқылы жеткізген болатын.
«Ақтаукрантехсервис» 700-дей қызметкерлері де 100 мың теңге жалақы аздық етеді деп наразылыққа шықты. Ал «Ойл Транспорт Корпорэйшн» компаниясына қызмет көрсетеміз деген жұмысшылар кедейшілік күнін кешіп жатырмыз деп ереуілдетті. Дәл осы «Ақтаукрантехсервис» серіктестігінің жұмысшылары әлі де мәселе мардымды шешілмеді деп отыр.
Осы жылы ереуілге шыққан компания жұмысшылары қудалаудың болғанын да жасырмайды.
Мәселен, «West Oil Software», «Кезби» серіктестіктерінің қызметкерлерінің еңбекақысын сұраған жұмысшылар ереуілін құзырлы органдар заңсыз деп таныған еді.