$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.12.2021, 10:38
Қоғам

Ақтауда тұрғын үй кооперативіне ақша салған салымшылар бас көтерді

Олар бір жылдан бері баспаналарына кіре алмай жүр

Ақтауда тұрғын үй кооперативіне ақша салған салымшылар бас көтерді
Фото ашық дереккөзден

Ақтауда тұрғын үй кооперативіне ақша салған бір топ жарнашы наразылық білдірді, деп хабарлайды КТК арнасы.

Ашынғандар тіпті плакатпен құрылыс басына барған. Олар қаражатын қайтаруды немесе үйлерін тезірек салып беруді талап етуде.

“Үйдің салынуын талап етеміз, не болмаса үйді салушыны талап етеміз. Біздегі талап сол. Менен 10 миллионнан астам ақша кетті. 2020 жылдың желтоқсанында үйге кіресің деген. Үй түгілі, орнында фундамент жоқ. Біздің ақшамыз жоқ. Ақша желінді ме, қайда кеткенін білмейміз”, - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Дүзелбай Сатмағанбетов. 

Жалпы үлескерлер 2018 жылдан бері «Шаһар плаза» тұрғын үй кешенінен пәтер алу мақсатында "Ауес и К" кооперативіне миллиондап ақша салған. Бүгінде кейбірі толық сомасын өтеп тастаған. 142 пәтерлі көпқабатты үйге 100 үлескердей қаражат құйыпты. Келісімшарт бойынша жарнашылар баспанасына былтыр кіруі керек еді. Бірақ мердігер мекеме тарапынан уәде орындалмапты. 

Тұрғындар бірнеше рет компания кеңсесіне барған. Алайда компания өкілдері олардан тағы да ақша салуды сұрайды екен. Бүгінде қос тарап ортақ мәмілеге келе алмады. Сол үшін наразылар жергілікті әкімдіктен көмек сұрады. «Шенеуніктер араласып, мәселені шешіп бермесе, басқа амал қалмады» - деп отыр жиналғандар. 

Наразыларды қала әкімінің орынбасары қабылдап, қолдан келгенше заҢ аясында көмектесуге уәде берді.

“Заң аясында қарасақ, бұлар құрылыс салу кооперативі болып ашылған. Бұл кісілердің барлығы соның мүшесі. Сол себептен бұлар мүше ретінде кірген. Бұл деген енді салып жатқан мекеме мен салымшылардың арасындағы қарым-қатынас. Бұл құрылысқа толық атсалысамыз. Осы кісілерге көмектесуге тырысамыз”, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Мәлік Әбдіқадыров.

Серіктес жаңалықтары