$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.12.2021, 20:46
Қоғам

Таразда баспанасы өртеніп, екі баласынан айырылған отбасына берілген пәтер жетім балаға тиесілі болып шықты

Әкімдік баспана проблемасын шешіп беру үшін демеушілер іздеп жатқандықтарын айтады

Таразда баспанасы өртеніп, екі баласынан айырылған отбасына берілген пәтер жетім балаға тиесілі болып шықты
Фото ашық дереккөзден

Таразда бір жылдан астам уақыт бұрын Сұлтановтар отбасының баспанасы өртеніп, 2 баласынан айырылып қалған еді. Қайғылы оқиғадан кейін қалалық әкімдік қара жамылған жанұяға жан-жақты көмек көрсетуге уәде еткен. Әкімдік сөзінде тұрып, отбасына пәтер берген. Бірақ ол пәтер жетімдер үйінің тәрбиеленушісіне тиесілі екен, деп хабарлайды Экспресс К.

Әкімдік баспанамен қамтып, күлге айналған құжаттарды қалпына келтіреміз деген. Үй мәселесі сол кезде шешіліп, қаладағы шағын аудандардың бірінен пәтер берілген.

«Осы үйде тұрасыңдар деп берген. Сөйтсек, бұл пәтердің жарық пен суға көп қарызы бар екен. Бұл мәселені Садубаев шешіп беремін деген. Әлі жоқ. Ешқандай көмек болмады»,- дейді отағасы Ринат Сұлтанов.

Ринаттың Садубаев деп отырғаны сол кездегі қала әкімінің орынбасары. Ол жуырда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметіне ауысып кетті. Сұлтановтардың айтуынша, шенеунік "Үй сендердікі, құжаттарды реттейміз" деген екен. Алайда жеме-жемге келгенде қазір бұл отбасы тұратын баспана заң бойынша басқа біреудікі болып шыққан. Пәтер жетімдер үйінің тәрбиеленушісі Сергей есімді азаматқа тиесілі екен.

«Басы бүтін берілген жоқ. Өйткені бұл кісілер басы бүтін беретіндей ешқандай үйдің кезегінде жоқ. Кезекке тұрмаған. Оның себебінің бірі – не жалғызбасты анаға, не көпбалалы анаға, жалпы 11 санаттың ешқайсысына жатпайды», - дейді қала әкімінің қазіргі орынбасары Асхат Есенәлиев.

Ринаттың келіншегі 10 айлық баламен үйде отыр. Мемлекеттен бөлінетін 25 мың теңге жәрдемақыға күн көреді. Отбасында басқа табыс көзі жоқ. Құжаты болмаған соң, отағасы жұмысқа да тұра алмайды.

«Осы үй мен құжат жағынан көмек бермей жатыр. Бір жасқа дейінгі балаға жәрдемақы аламын. Сонымен коммуналдық шығындардан тартып бәрін төлеп отырамыз. Жылу, жарыққа кетіп жатыр бар ақша», - дейді Айжан Орынбаева.

Әкім орынбасары баспана проблемасын шешіп беру үшін демеушілер іздеп жатқандықтарын айтады. Оған дейін Сұлтановтар сол пәтерде тұра бермек. Ал құжаттарды қалыпқа келтіру қиынға соғатын көрінеді. Себебі Ринат Сұлтановта Қазақстан азаматтығы жоқ. Өзбекстаннан келген қандасымыз азаматтық алуға енді құжат өткіземін деп отырғанда түгел өртеніп кеткен. "Сол үшін оған ешқандай көмек бере алмаймыз" дейді қала әкімінің орынбасары.

 

Серіктес жаңалықтары