$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.12.2021, 17:38
Қоғам

Аграрлық білім алған жастардың 70%-ы жұмыссыздар қатарын толықтырып келеді – депутат

Үкімет ауыл жастарына білім беру гранттарының квотасын көбейтпейді

Аграрлық білім алған жастардың 70%-ы жұмыссыздар қатарын толықтырып келеді – депутат
Фото ашық дереккөзден

Парламент Сенатының депутаты, бұрын Нұр-Сұлтандағы Аграрлық университеттің ректоры болған Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, көптеген ауыл балалары мектепте алған білімінің төмендігіне байланысты Ұлттық бірыңғай тестілеуде қажетті балл жинай алмайды. Ол ауылдағы білім сапасының қазіргі жағдайына қатысты бірқатар фактіні атады.

«Оқушылардың жетістіктерін сыртқы бағалаудың қорытындыларына сәйкес ауылдық және қалалық оқушылар арасындағы білім сапасы бойынша айырмашылық орта есеппен 8 ұпайға жетіп отыр. Ал PISA нәтижелері бойынша бағаласақ, айырмашылық 22-ден 37 ұпайға дейін. Ұлттық бірыңғай тест нәтижелері бойынша ауыл мектептерінің түлектері өздерінің қалалық құрдастарынан орта есеппен 5-6 ұпай айырмашылықпен қалып отырады», - дейді депутат Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында.

Квотаны 30-дан 50 пайызға дейін көтеру керек

Өзінің ректор кезіндегі тәжірибесіне сүйенген Күрішбаев аграрлық университеттерде логикаға сыймайтын жағдай қалыптасып, ауыл шаруашылығындағы мамандықтарға ынталы емес, грантқа ұпайы жеткендер оқуға түсіп жатыр. Тиісінше, депутаттың анализіне сүйенсек, оқуды аяқтағаннан кейін мұндай студенттердің тек 30%-ы ғана ауылға жұмысқа барады екен.

«Ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінген мемлекеттік гранттарды, ең алдымен, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге қажетті уәждері бар адамдар алуы керек қой. Ал бұл негізінен ауылдық жерлерден келген жастар. Олар бала кезінен ауыл шаруашылығы жұмысының не екенін біледі және ауыл өмірімен таныс. Жыл сайын аграрлық университеттерді бітіргендердің тек 30%-ы ғана ауылдық жерлерге жұмысқа орналасады, қалғандары мемлекеттік қаражат есебінен оқып, жұмыссыздар қатарын толықтыра отырып, қалаларда қалады. Осы себепті ел бюджетіне жыл сайын кем дегенде 1,5 млрд теңге тиімсіз жұмсалады», - дейді депутат.

Оның айтуынша, «көптеген жылдар бойы Парламент депутаттары Білім және ғылым министрлігінің алдында ауыл мектептерінің түлектеріне аграрлық мамандықтарға түсу үшін ауылдық квотаны 30%-дан ең болмаса 50%-ға дейін арттыру қажеттілігі туралы мәселені көтеріп келеді, алайда ұсыныс әлі қолдау таппаған.

Үкіметтің уәжі қандай?

Депутаттың сауалына ресми жауап берген Премьер-министрдің кеңсесі болса, ауыл шаруашылығындағы мамандықтарға бөлінетін гранттар онсыз да игерілмей жатыр дейді. Айта кетейік, қазір Қазақстанда 25 университет ауыл шаруашылығы саласына деп кадр даярлайды.

«Ауыл шаруашылығы бағытында мамандарды даярлау үшін мемлекеттік тапсырыс жыл сайын бөлінеді. 2021 жылы «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» мамандықтарына 2920 грант бөлінді (2020 жылы – 2720 грант, 2019 жылы – 2482 грант). Бұл ретте, көрсетілген мамандықтар бойынша гранттар толық көлемде игерілмейді. Атап айтқанда, 2019-2021 жылдары көрсетілген бағыттар бойынша игерілмеген білім беру гранттарының саны 3778 болды», - деп хабарланған Премьер-министр Асқар Маминнің жауабында.

Сонымен қатар, кеңсенің дерегіне сүйенсек, «Серпін» жобасы бойынша 2021 жылы бөлінген 5656 гранттың 2102-сі (37%), 2020 жылы бөлінген 5107 гранттың 979-ы ғана игерілген. Айта кетейік, ауыл жастарын қолдауға бағытталған осы «Серпін» жобасы бойынша мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінен 10% квота қарастырылған.

«Үкімет әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау бойынша бірқатар шараларды іске асыруда. Мәселен, 2021 жылы «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына ЖОО және техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде төрт және одан да көп кәмелетке толмаған бала тәрбиеленетін отбасылардан шыққан балалар үшін 5% көлемінде, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардағы балалар үшін 1%, бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, І/ІІ топтағы мүгедектер үшін 1% көлемінде жаңа қабылдау квоталарын көздейтін норма енгізілген», - деп хабарланған Үкіметтің мәліметінде.

Бұдан бөлек жеке квота бойынша жетім балалар 1%, I/II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер 1% жеңілдік бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген адамдар 0,5% және диаспора өкілдері отбасыларының балаларына 4% жеңілдік беріледі.

Осы жеңілдіктердің барлығын қосқанда Үкіметтің мәліметінше, мемлекеттік білім беру гранттарының 53,5%-дан астамы халықтың әлеуметтік осал топтары мен ауыл жастары арасынан шыққан азаматтарды қолдау үшін квоталанады.

Осы және өзге де фактіерді алға тартқан Үкімет депутаттың сауалына жауап бере отырып, бұдан артық квота бөлінбейтінін меңзеген.

«Квоталанатын орындар көлемінің одан әрі ұлғаюы басқа азаматтардың жоғары білім алуға қолжетімділігін едәуір шектейді және талантты жастардың шетелге кетуіне әкеп соғуы мүмкін», - дейді Премьер-министрдің сенаторға жіберген жауабында.

Естеріңізге сала кетейік, Үкімет 2021-2022 оқу жылдары білім беру гранттарына 310 млрд теңге бюджет қаражатын бөлген дейді.

Серіктес жаңалықтары