$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.12.2021, 22:18
Қоғам

«Бөбектерге берілген арзан ботқадан құрт шыққан да кездер болды»: Балабақша қызметкерлері талай түйткілдің бетін ашты

Мәселесі көп ұжымға ешкім басшылыққа келгісі келмейтін көрінеді

«Бөбектерге берілген арзан ботқадан құрт шыққан да кездер болды»: Балабақша қызметкерлері талай түйткілдің бетін ашты
Фото ашық дереккөзден

Түркістан облысында түйткілі көп балабақша қызметкерлері шу шығарды. Әбден тозығы жеткен балабақшадағы балалардың жатын орны да, бүлдіршіндерге берілетін тамақ та талапқа сай келмейді. Ал ұжым қызметкерлерінің зейнетақы мен медициналық сақтандыру қорына деп ұсталған ақша уақытында түспейді, деп хабарлайды КТК арнасы.

Ал тозығы жеткен ойыншықтарды көруге көз ұялады. Ұжым қызметкерлерінің зейнетақы мен міндетті медициналық сақтандыру қорына деп ұсталған ақша айлап түспейді екен. Ал балабақша мәселесін «жақсы білеміз» деген білім бөлімі шарасыз екенін айтады.

 Жазуына дейін оңып кеткен «Балбөбек» балабақшасында былтырдан бері береке жоқ. Бір жыл бұрын меңгерушісі жұмыстан босаған соң ұжымда жанжал көбейген. Үнемі «қаржы жетіспейді» деген басшылар мен есепші зейнетақы мен сақтандыру қорына деп ұсталған ақшаны бермейтінді шығарыпты. Тіпті «қарыздың орнын толтырамыз» деген желеумен әрқайсының жалақысынан 5 мың теңге ұстайды екен.  

«Тиіс ақшамызды ала алмай жүрміз» деген қызметкерлер ашумен бар былықты жайып салды. Мұндағы бүлдіршіндер ойыншық деуге аузың бармайтын заттармен ойнауға мәжбүр.

Қызметкерлердің сөзінше, бұл балабақшадағы көрсетілген ас мәзірі мен берілетін тағамдар екі түрлі. Көбіне еті жоқ тамақ, қатқан тәтті нан беріледі дейді. Тіпті бөбектерге берілген арзан ботқадан құрт шыққан да кездер болды дейді.

Балалардың ұйықтап жатқан бөлмесі тазалық талаптарына сай емес. Қабырғасы қақырап өрмекшінің торындай сызаттарға толы. Жарықтардың үгіндісі балалардың бетіне түсе берген соң әрі сызаттан суық ұрған соң, тәрбиешілер кереуеттерді амалсыз жарты метрге жылжытуға мәжбүр болыпты.

«Тәрбиешілер шулады» деген соң дереу жеткен білім бөлімінің басшылығы балабақша ұжымы жоғарыдан берілген қаржыны өзі игеруі тиіс дейді. Бірақ ұжым ішіндегі алауыздықтың салдарынан «Балбөбекке» бала аз келеді» деген басшылық бұл мекемеге бір жылдан бері меңгеруші табылмай жатқанын айтады. Ал зейнетақы қорына түспеген жарнаны тауып беруге уәде береді.

«Зейнетақыдағы қаржысын қаңтар айының 10-на дейін түсіріп беремін. Ал кешегі өздерінің 16-17-ші жылдардағы қаржыларын түсіріп берем деп айта алмаймын. Өйткені ол кезде бұл кісілер жергілікті әкімдікке қараған», - дейді Ордабасы ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева.

 Шенеуніктің сөзінше, ұжымдағы түйткілді біржола шешу үшін балабақшаға уақытша басшы емес, есеп білетін меңгеруші керек. Бірақ мәселесі көп ұжымға ешкімнің келгісі келмейтінін айтады. Сондықтан «Балбөбектің» мәселесі жуық арада шешілмейтін сияқты.   

 

Серіктес жаңалықтары