$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.12.2021, 06:19
Қоғам

«Шығынға шаш етектен баттық»: Қызылорда облысында жүргізушілер наразылыққа шықты

Мәселе көліктердің жүрген жолын есептейтін камералардың дұрыс қойылмағандығында дейді жүргізушілер

«Шығынға шаш етектен баттық»: Қызылорда облысында жүргізушілер наразылыққа шықты
Фото ашық дереккөзден

Қызылорда облысында жүздеген жүк көлігінің жүргізушісі халықаралық тас жолдың бойында наразылыққа шықты, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро жаңалықтар қызметі.

Наразы топтың айтуынша, жақында іске қосылған ақылы жолдағы бақылау камералары мүлде дұрыс орнатылмаған. Соның кесірінен жүрмеген жолымызға ақы төлеп, шығынға шаш етектен батып жатырмыз дейді. Жаңақорған мен Шиелі аудандарынан жүз шақты жүк көлігінің жүргізушісі ақылы жол іске қосылғалы табан ақы, маңдай терімізбен тапқан табысымыздан түк қалдырмады деп отыр. Сондықтан, барлығы бірауыздан наразылықтарын білдіру үшін халықаралық Батыс Қытай-Батыс Еуропа тас жолының бойына жиналды.

Мәселе көліктердің жүрген жолын есептейтін камералардың дұрыс қойылмағандығында дейді жүргізушілер. Айтуларынша, жүк көліктері шақырымына тариф бойынша 25 теңгеден төлеу керек делінген. Алайда камералардың арасы дұрыс есептелмей, жүргізушілердің жүрмеген жолы қосылып, төлем бағасы қымбаттап кетті дейді жиналғандар.

Қызылорда қаласынан шыға берістегі бейнебақылау камерасы мен келесі аумақтағы камераның аралығы 100 шақырымдай болады. Егер көлік осы камера тұсынан өтсе болды, келесі аумаққа дейінгі аралықты жүрсе де, жүрмесе де осы 100 шақырымның ақшасын төлеуге міндетті. Ал жүк көлігінің жүргізушілері жүрмеген жолымыз үшін ақша алу, қарапайым халықты қанаумен бірдей деп ашынады.

Жиналғандар жылына бір реттік төлем енгізсін деген талаптарын айтты.  "ҚазАвтоЖол" өкілі жүргізушілердің шағымдарын елордадағы орталыққа жеткіздік дейді.

Ал жүргізушілер" ҚазАвтоЖол" осылай халықтың қалтасын қаға беретін болса, өзімізге басқа тегін жол салып аламыз деп ашынып отыр.

Серіктес жаңалықтары