Алматы облысының жаңа әкімі көмір проблемасын шеше алмай отырған шенеуніктерді жазалады
Өңірдегі алыпсатарлар бағаны көтеріп жіберген
Алматы облысының жаңа әкімі Қанат Бозымбаев аудан әкімдерінің жұмысын төмен деп бағалады. Ол өзінің бірінші орынбасарынан бастап аудан әкімдеріне дейін ескеру беріп үлгерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Берілген тапсымасы уақытылы орындай алмаса жауапты шенділерге қатаң шаралар қолданылмақ.
Облыс әкімінің басшылығымен өткен селекторлық жиын жергілікті халықты көмірмен қамтамасыз етуге арналды. Жиынға штаб мүшелері мен бюджеттік бағдарлама әкімшілері, аудан, қала әкімдері, коммуналдық мекемелердің басшылары қатысқан. Облыс басшысы көмір тапшылығын әлі күнге шеше алмай отырған шенділерді шетінен сынға алды.
«Жылыту маусымы басталғалы облысымызға қажетті қатты отын көлемі әлі толық жеткізілген жоқ. «Қаражыра» кен орнынан әкелінген көмір көлемі 300 мың тоннаға жуық немесе 54% ғана құрап отыр, бұл өз кезегінде халықтың наразылығын тудыруда. Осыған байланысты қазіргі жиында жылыту маусымының өту барысын қарастырамыз», - деп бастады жиналысты Бозымбаев.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бағлан Тәнекеновтың мәліметінше, облыста жылумен жабдықтауды орталықтандырылған 35 қазандық жүзеге асырады. Оның 16 – газбен, 16 – көмірмен, 3 – мазутпен жұмыс істейді. Жылумен жабдықтау кәсіпорындарына қатты отын қажеттілігі – 405,3 мың тонна, бүгінгі күнге 221,9 мың тонна немесе 55% жеткізілген. Қоймалардағы көмір қалдығы – 49,9 мың тонна. Мазут қажеттілігі – 15 мың тонна, қалдығы – 6,6 мың тонна. Білім және денсаулық сақтау салалары нысандарына көмір жеткізу 64% және 54% құрап отыр. Қиындықтың басты себебі көмірді жеткізушілерді жасалған келісімшарттардағы өз міндеттемелерін орындай алмай, бас тартқандықтан туындаған. Тұрғындар үшін көмір қажеттілігі 1,33 млн. тоннаны құрайды. Көмір «Шұбаркөл», «Қаражыра» және «Ойқарағай» кен орындарынан жеткізіледі. Бүгінгі күнге дейін 1,08 мың тонна көмір халыққа сатылған. Облыстағы тұйықтар мен қоймаларға жоспарланған көмірдің 3876 вагоны немесе 267,5 мың тоннасы жеткізілмеген. Басқарма басшысының сөзінше, көмірдің тоннасы 14-16 мың теңге. Алайда, оның сөзін облыс әкімі жоққа шығарды.
«Мендегі мәлімет басқа. Мен көмірдің көтерме бағасын емес, тұрғындарға сатылатын бағасын сұрап отырмын. Халық қазір көмірді 23-30 мың теңге арасындағы сомаға сатып алып отыр. Неге бұлай? Ең алдымен көмір жетіспеушілігін болдырмау керек. Екіншіден, бағаның көтерілуіне жол бермеу керек. Егер көмір жетпей жатса, бағаны қалай ұстап тұра аласыздар? Жұмыстарыңыз нашар», - деді Қанат Бозымбаев.
Текелінің әкімі Молдахметовтің сөзінше, қалада 15 күнге ғана жететін көмір қоры қалған. Талдықорған қаласының әкімі Ержан Жасыбаевтың айтуынша, бюджеттік мекемелер жылыту отындарымен толық қамтылған. Талдықорғандағы 9 тұйық пен қоймаға күніне 9 вагон көмір келеді. Қаратал ауданындағы халықтың 67%, Алакөл ауданында тұрғындар көмірмен 71% ғана қамтылған.
«Қаратал ауданында жұмыс істеп тұрған 4 тұйықтың 1-і жұмысын тоқтатқан. Қанша уақытта 100% жеткізесіздер? Қазір ауа райы жылынып, көмек боп тұр. Егер аяз қысса не істейсіздер? Көмірдің 15 күндік қоры деп отырғандарыңыз 5-ақ күнде таусылады. Сондықтан Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына, аудан, қала әкімдіктеріне, бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне энергиямен жабдықтаушы кәсіпорындарда отынның нормативтік қорын қамтамасыз етіп, температуралық режимді сақтауды тапсырамын. Бюджеттік мекемелердің энергиямен жабдықтаушы кәсіпорындардың алдындағы дебиторлық берешектерді өтеу шаралары қабылдансын. Бюджеттік сала нысандарына отынның кесте бойынша жеткізілуі қамтамасыз етілсін. Халықты көмірмен қамту шаралары уақытылы қабылданып, бағалардың өсуіне жол берілмеуін қатаң тапсырамын. Халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын осал топтарына көмірді коммуналдық автокөліктермен жеткізіп беру ұйымдастырылсын. Әр аудан, қалада көмір тасымалдаумен кімдер айналысады, қандай көлікпен тасиды, бәрін біліп отырсыздар. Сондықтан оларды шақырып, тиісті калькуляция жасап, келісім негізінде шекті бағаны қою керек. Оған көнбей ме, көмір тұйықтарына жібермеңіздер. Бағаны бақылаңыздар. Көмір жетіспеушілігінен халық зардап шекпеуі керек», - деді Қанат Бозымбаев.
Халықты көмірмен қамтамасыз етуді нашар ұйымдастырғаны және қанағаттанарлықсыз жұмысы үшін облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Бағлан Тәнекеновке сөгіс берілді. Облыс әкімі өзінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов пен аудан, қала әкімдеріне ескерту жасап, 15 күннің ішінде жағдайды түзету тапсырылды. Егер тапсырма орындалмаса, оларға қатаң шаралар қолданылмақ.