Қазақстандағы Ленин ескерткіштерінің жағдайы қандай?
Қазақстан коммунистік мұраның ізін өшіруді өзге елдер сияқты ашық жүргізбеген

2019 жылдың ақпан айында Мәжіліс депутаты, коммунистік партияның басшысы Владислав Косарев Кеңес үкіметінің саяси және мемлекеттік қайраткері, Октябрь төңкерісінің ұйымдастырушысы Владимир Лениннің ескерткіштері жайлы мәселе қозғап болатын. Мәдениет және спорт министрлігіне жолдаған өзінің сауалнамасында депутат Косарев елдегі Ленин ескерткіштерінің жағдайы мәз емес екенін айтып, алаңдаушылық білдірген еді. Сонымен қатар, аталмыш сауалнаманы депутат палатаның тарихи-мәдени мұра ретінде қарастырылатын объектілерді қорғау және пайдалану жөніндегі заң жобасы қарастырылу барысында жолдаған еді.
Депутат Косаревтің сауалнамасында ежелгі мәдени мұрамен қатар, кеңестік замандағы ескерткіштерге ден қою керектігі айтылған.
«Кеңес уақытындағы ескерткіштерді сақтау бойынша біздің мойнымызда жауапкершілік болу керек. Ленинге арналған ескерткіш қоқыста жатқан қалада өмір сүруге болмайды ғой. Қоғамдық мәдениеттің ахуалына жауапты Мәдениет министрлігі бар», - деді депутат.
Коммунистің сөздерінен кейін сол кезде Мәдениет министрі қызметін атқарған Арыстан Мұхамедиұлы оны қолдайтынын білдіріп, «Ленин жасаған, ол тірі және әлі де жасай бермек» деп әзілдеген болатын.
Владислав Косаревті коммунистік идеалдарды қолдайтын адам ретінде, сол ұстанымдарды қолдайын саясаткер ретінде түсінуге болады. Косаревті қоғамда да қолдайтындар өте көп. Қазақстан аймақтарындағы белсенді түрде жүріп жатқан декоммунизация үрдісіне аға ұрпақ тарапынан наразылық болып жататыны – соған дәлел. Кеңестік саяси және партия функционерлерінің есімімен аталған көшелер, нысандар, Ленин ескерткіштерін демонтаждау немесе қалалардың шетіне көшіру жергілікті билік өкілдері үшін үлкен қиындықпен келеді.
Кеңес үкіметінің мұрасынан «құтылу» әрекеттерін пост-кеңестік мемлекеттердің бірқатары қолға алған. 1991 жылы бұл науқан Эстония, Латвия, Литва, Грузия, Орталық Азияның мемлекеттерінде белсенді түрде жүргізіле бастады. Қазақстан декоммунизация науқанынан шет қалмаса да, бұл мәселеге аса сақтықпен қараған елдердің бірі. Яғни оның қарқыны осы уақытқа дейін баяу жүріп келді. 2021 жылдың қаңтар айындағы жағдайға сәйкес, Ленин ескерткіштерінің саны бойынша Қазақстан Ресей, Беларусь және Украинадан кейін посткеңестік елдер ішінде төртінші орынға жайғасқан. Алайда, 2014 жылдан бастап Украинада декоммунизацияның жаңа фазасы басталып, елдегі «ұлт көсеміне» арналған ескерткіштерді бұзу белсенді түрде жүргізіле бастады.
Айта кетерлігі, Қазақстанда әлі күнге дейін демонтаждан «аман қалып», сақталған Ленин ескерткіштерінің басым бөлігі Ресеймен шектесетін солтүстік аймақтарда орналасқан. Нақты айтар болсақ, 159 ескерткіштің 84%-ы төрт облыста: Ақмола (49), Павлодар (43), Солтүстік Қазақстан (24) және Қостанай (17) облыстары.
Қазақстандағы Ленин ескерткіштері орналасқан елді-мекендер. Дереккөз: www.oxussociety.org
The Oxus Society сайтының мәліметіне сәйкес, 1991 жылдан бері Қазақстанда Лениннің 341 ескерткіші демонтаждалған. Демонтажбен қатар, Қазақстан билігі ескерткіштерді «көшіру немесе қаланың/елді-мекеннің басқа бөлігіне ауыстыру» стратегиясына да жүгінген. Бұл стратегияның негізінде Лениннің орталықта орнатылған ескерткішін «көзден тыс» жерге көшіріп, оны ұлттық маңызы бар фигуралардың ескерткіштерімен алмастыру жүріп жатыр. Бұл стратегияның артықшылығы – орталықтағы орынды басқа монументпен алмастырып және Ленин ескерткішін ерекше статустан айыра отырып, коммунистік идеалдардың жақтастарын да «жұбату». Яғни, Лениннің ескерткіші толығымен жойылмайды, оған құрмет көрсеткісі келетіндер мүмкіндігінен айырылмайды.
Ондай мысалдар аз емес. Мәселен, Алматы қаласындағы «күн көсемге» арналған ескерткіштің орнына Кеңес Одағының батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметоваларға арналған монумент орнатылған болатын. Өз кезегінде, Ленин ескерткіші қаланың шетінде орналасқан алаңға орнатылып, 2011 жылы мемлекеттің қорғауындағы мәдени объектілер тізімінен алынып тасталды.
Тағы да бір мысал ретінде өз уақытында Қарағанды қаласының орталығында орналасқан ескерткіштің тарихын да айтып өткен жөн. Жоғарыда айтылғандай, кеңестік заманның мұрасына «қол сұғу» қоғамдағы кей топтар тарапынан наразылық тудырып жатады. Кеңес үкіметі кезіндегі граниттен тұрғызылған ең үлкен Ленин ескерткіштерінің бірі Қарағанды қаласында 1970 жылы орнатылған еді. Биіктігі 11 метр құрайтын ескерткіш Қазақ КСР-дің Мемлекеттік тарихи және мәдени ескерткіштерінің бірі ретінде мемлекет қорғауында болған. 2003 жылы «тарихи-мәдени құндылығын жоғалтқаны үшін» деген себеппен мемлекеттік тізімнен алынып тасталған болатын.
Қарағанды қаласындағы Ленин ескерткіші
Қаланың орталығында орналасқан ескерткішті демонтаж жасау, яғни алып тастамақ ниетте 2000 жылдың 12 желтоқсанында бір топ жұмысшы келіп жұмыстарын бастаған еді. Алайда, жергілікті коммунистер оған жол берген жоқ. Келесі күні қалалық мәслихаттың депуттары аудандық прокуратураға арыздану жөнінде үкім шығарады. Сонымен қатар, «орын алған вандализм актіне» қатысты қала әкіміне қызметтік тергеу жасауды ұйғарады.
Уақыт өте келе, 2010 жылдың 6 желтоқсанында ескерткіштің демонтажы басталып, қаланың басқа бөлігіне орналастыру жөнінде шешім қабылданады. Кейін ол қаладағы Ленин көшесіндегі (2020 жылы Абай көшесі болып өзгерді) «Ленин» кинотеатрының артына орнатылды. Келесі күні коммунистер наразылық акциясын ұйымдастырып, оның арты құқық қорғау органдарының оларды таратуымен ұласады. Наразылардың кейбіреулерін полиция алып кетеді. Айта кетерлігі, Лениннің ескерткіші бұрын орналасқан жерінде қазір Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған стела орнатылған.
Дереккөз: lenin.tilda.ws
Геосаяси позициясына және өзінің ұлттық құрамына байланысты Қазақстан өзге елдер сияқты кеңестік мұрамен ашық шайқасқа ешқашан түскен емес. Себебі Қазақстан үшін бұл өте «жұмсақ» және саяси мәселе. Алайда, елдегі ұлттық саясатты жүргізуде баланс сақталып, сонымен қатар қазақыландыру саясатының қарқыны күшейген сайын коммунистік мұрамен қош айтысу да белсенді жүргізілуі ғажап емес.
Мұса Қуандық