$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қоғамдық кеңес өз міндетін толық орындай алып жүр ме?

«Егемен Қазақстан» басылымы таратқан мәліметке сүйенсек, елімізде түрлі деңгейде 234 қоғамдық кеңес жұмыс істейді

Қоғамдық кеңес өз міндетін толық орындай алып жүр ме?
Фото ашық дереккөзден

Ел ішіндегі проблемаларды қозғап, тиісті мемлекеттік органдарға жеткізетін ұйымдардың бірі – қоғамдық кеңес. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылғы 20 мамырдағы бағдарламасында, яғни «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасында қоғамдық кеңестердің рөлі мен маңызы көрсетілген. Тіпті оның мәртебесін айқындау үшін 2015 жылдың 2 қарашасында Қоғамдық кеңестер туралы арнайы заң да қабылданған болатын. Ал жүктелген шаруа – елдің жоғын жоқтап, проблемасын көтеру. Осындай жауапты міндетті мойнына жүктеп алған қоғамдық кеңес өз жұмысын толық атқара алды ма? Елдің проблемасын шешуде қандай маңызды рөл атқарып жатыр? Болашағы қандай? Azattyq Rýhy тілшісі осы мәселенің төңірегінде жауап іздеп көрді.

Кеңес мүшелері қалай іріктеледі?

Қоғамдық кеңес мүшелерін кім таңдайды? Қандай критерийлер бойынша таңдалады? Open society қорының жетекшісі Марғұлан Ермағамбетұлы бұл ретте ең алдымен «де-юре» және «де-факто» түсінігін қозғап өтті. «Де-юре» түсінігі бойынша кеңес мүшелері арнайы қабылданған заңдағы тәртіп бойынша таңдалады, яғни сайлау жүйесі жүрмейді. Әркім өз кандидатурасын ұсынады. Міне осының негізінде кеңес мүшелері іріктеледі. Ал «де-факто» жайын былай деп түсіндіріп өтті:

«Аудандық, облыстық деңгейде түймедейді түйедей етіп, атын шығару үшін «жер өртеп», хайп қуып жүргендер қоғамдық кеңестің мүшелігіне өте алмайды. Бұл процестің бәрін сол аумақтағы жауапты мемлекеттік орган қадағалап отырады. Бұл арнайы қабылданған заңда да көрсетілген», - деді Марғұлан Ермағамбетұлы.

Сонымен арнайы қабылданған заңда не көрсетілген? Заңның 8-бабында Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобын құру тәртібі былай деп көрсетілген:

«Азаматтық қоғамнан өкілдік ету жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісін құрайды және коммерциялық емес ұйымдар мен азаматтардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылады», - делінген заң мәтінінде.

Ал қалған бір бөлігін мемлекеттік орган мүшелері құрайды.

«Жұмыс тобының құрамын республикалық деңгейде – тиісті мемлекеттік органның басшысы, квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушы органының басшысы, жергілікті деңгейде тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік мәслихатының хатшысы бекітеді», - деп көрсетілген заңда.


Шымкент қалалық қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобын іріктеу сәті

Біз білетін қоғамдық кеңес деңгей бойынша бөлінеді. Сарапшының айтуынша оның біріншісі – орталық аппарат, яғни министрлік жанындағы қоғамдық кеңес. Ол стратегиялық мәселелерге, нормативтік актілерге жауапты. Сол сияқты облыстық және аудандық деңгей тағы бар.

Облыстық, аудандық деңгейдегі кеңестерге кімдер мүше бола алады? Әдетте сол аймақтың көшбасшылары, сол маңайдағы жұртқа танымал тұлғалар мүше болып жатады. Олардың басты міндеті – «хайп» жасап, атын шығару емес, сол маңайдағы проблеманы, тұрғындардың жанайқайын тиісті органдарға жеткізу.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық сұхбат – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты халыққа Жолдауында  «Естуші мемлекет» тұжырымдамасын іске асырып,  азаматтық қоғамды нығайтуға шақырған болатын. Әр жоба жүзеге асқан бастапқы уақытта кемшіліксіз болмайтыны, халықтың сынынан өтіп барып, өз жолын табатыны белгілі. Сол сияқты «Естуші мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асқанмен аймақтық деңгейдегі органдардың халықпен тығыз жұмыс істемейтіні жасырын емес. Біз қозғап отырған қоғамдық кеңес те осы мәселені шешіп, «естуші мемлекет» тұжырымдамасына өзіндік үлесін қосуы тиіс.

«Кеңес мүшелігін іріктеуге мемлекеттік органның араласуы дұрыс емес»

Заң мәтінінде көрсетілгендей кеңес мүшелерін іріктеу жергілікті органның бақылауымен жүзеге асады. Міне заңның дәл осы тұсы көңілге еріксіз күдік ұялатады. Мемлекеттік орган араласқаннан кейін ойын бүкпесіз, өткір айта алатын азаматтардың кеңес мүшелігіне өтуі екіталай. Осы ойымызды «Ұлттық және халықаралық даму бастамалары институты» қоғамдық қорының директоры Светлана Ушакова да айрықша айтып өтті.

Ол өз сөзінде қоғамдық кеңес жұмысы заңды тұрғыда екі тұстан қатты әлсіреп тұрғанын айтып өтті.

«Негізі кез келген консультативтік кеңесші органның ең негізгі міндеті – ведомстволарға ұсыныс жіберу. Бірақ одан бөлек заңда көрсетілгендей, қоғамдық кеңес жіберген ұсынысқа жауап беруі тиіс. Жіберілген ұсыныс жүзеге асудың қай сатысында екенін сол ведомство міндетті түрде айтуы қажет. Яғни заң бойынша мемлекеттік орган қоғамдық кеңес жіберген ұсынысты қабылдайтыны немесе одан бас тартатыны туралы нақты, дәлелді жауап беруі қажет. Міне осы норманы орындауда қиындықтар бар. Себебі заңда ұсынысқа жауап бермеген органға қандай да бір шара қолдану мәселесі қарастырылмаған. Соның нәтижесінде мемлекеттік органдардың бәрі бірдей уақытылы жауап бермейді. Кейбірі тіпті оны орындамай да жатады.

Егер қоғамдық кеңес мүшелері қоғамда өз орны бар, шешім қабылдауға әсер ете алатын мықты азаматтардан құралса, мемлекеттік органдарға ықпал етер еді.

Бұл мен айтқан бір проблема. Бірақ меніңше ең үлкен проблема – қоғамдық кеңес мүшелерінің құрылу жүйесі. Мән беріп қарасақ, мемлекеттік органдар жұмыс тобын құрады. Ары қарай сол топ кеңес мүшелерін іріктейді. Міне осыдан барып шикілік шығады. Мемлекеттік орган кеңес мүшелерін іріктеуге әсер еткен соң оған ойын ащы түрде, бүкпесіз жеткізе алатын азаматтардың енуі екіталай. Егер осы іріктеу айқын, ашық, қолжетімді, бәсекеге қабілетті, еркін болса, кеңес мүшелігіне әлдеқайда мықты азаматтар енер еді. Міне сонда барып олар органдарға жіберілген ұсыныстарының жүзеге асуына ықпал етер еді», - деп Светлана Ушакова заңды тұрғыдағы проблемалы тұстарын ашып көрсетті.

...«жанындағы» қоғамдық кеңес қаншалықты орынды?

Сарапшы Марғұлан Ермағамбетұлының «орталық аппарат – «министрлік жанындағы» қоғамдық кеңес» деген сөзі бізді еріксіз ойға салды. Министрліктің жанында болғаннан кейін тікелей сол ведомствоға қарасты, соған тәуелді болмақ. Мұндай жағдайда қоғамдық кеңес халықтың емес сол министрліктің мүддесін жақтап кетпей ме? Ал о бастағы міндет қандай еді?! Бұл ойымызға жауапты Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Әбдіров берді.

Ол қоғамдық кеңестер ешбір мекеменің құзырына кірмей, тәуелсіз, дербес жұмыс істеуі керек екенін айрықша айтып өтті.

«Қоғамдық кеңестер «жанындағы» болмауы тиіс. Бүгінда аумақтық барлық қоғамдық кеңестер дұрыс аталады. Олар – облыстың, ауданның, Алматы, Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық кеңестері.

Қоғамдық кеңес атауында Денсаулық сақтау министрлігі көрсетілсе, онда ол – дұрыс емес. Ол министрліктің қоғамдық кеңесі бола алмайды. Аталған заң жобасымен жұмыс істеген бастапқы кезеңде-ақ қоғамдық кеңестердің қандай да бір мемлекеттік органның, әкімдіктің, министрліктің жанындағы болмауына мән берген едік. Ұйым аумақтың қоғамдық кеңесі немесе қандай да бір бағыттың қоғамдық кеңесі болуы тиіс. Айталық, Ішкі істер министрлігінде ІІМ жанындағы қоғамдық кеңес емес, ішкі істер органдарының қызмет мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес болуы қажет», деп түсіндірді Н.Әбдіров.

Елімізде түрлі деңгейдегі 234 қоғамдық кеңес бар

Елімізде аймақтарда қордаланып қалған немесе жаңадан пайда болып жатқан проблемаларды әдетте мәслихат депутаттары қозғап, әкімдіктегі жауапты ведомстволарға жеткізіп жатады. Сол сияқты ел ішіндегі, халықаралық деңгейдегі проблемаларды көтеру Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттарына жүктеледі. Осыдан барып қоғамдық кеңестің қаншалықты қажеті бар деген заңды сауал ойымызға оралды.

Жалпы бұл ұйымның жұмысына халық көңілі тола ма? Мемлекет бастауымен жасақталған ұйым болған соң оның шығыны да ел қазынасынан өтелетіні түсінікті. «Егемен Қазақстан» басылымы таратқан мәліметке сүйенсек, елімізде түрлі деңгейдегі 234 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оның 18-і – республикалық деңгейде. Ал кеңестердегі мүшелердің саны 3564 адамға жеткен.зияб

Біз осы ретте Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдиновқа хабарласқанымызда қоғамдық кеңес қызметіне күмәнмен қарайтынын жасырмады.

«О баста қоғамдық кеңестер құрылғанда күрделі мәселелерді шешіп, халықтың проблемасын билікке жеткізу болатын. Әрине жұмыс тұралап тұр деуге болмас, біз білмейтін, көрмейтін жұмыстар жүріп жатқан болар. Дегенмен қоғамдық кеңес өзінің нәтижесіне жетпеген сияқты деп ойлаймын. Елімізде шешілмей жатқан проблема көп. Мысалға ауыл халқы азайып жатыр, салдарынан мектептер, балабақшалар, мәдениет үйлері жабылып жатыр, жұмыс жоқ, әсересе шекаралық өңірлерде жер үңірейіп, бос қалып жатыр. Ал ауылға барып, мал бағып, шаруашылықпен айналысқысы келетіндер үшін жайылым орындары жоқ, маңайындағы орындар көп жылға жекеменшікке беріліп қойған. Мал ұстай алмаған соң ауыл халқының күнкөрісі дұрыс болмайды», - деп ғалым қоғамдық кеңес назарынан тыс қалған проблемаларды қозғап өтті.

Сөзін жалғай отырып, қоғамдық кеңес атқарып жатқан жұмыс жайлы БАҚ беттерінде ақпарат өте аз екенін жеткізді.

«Кеңес жұмысын уақытылы көрсетіп, насихаттап отырса, хабардар болар едік. Бірақ БАҚ беттерінде ақпараттың аздығынан олардың жұмысы аса көрінбейді. Қоғамдық кеңестің негізгі міндетінің бірі – ұсыныс беру. Бірақ сол ұсыныстары жүзеге асып жатыр ма, әлде тек сөз жүзінде қалып қойып отыр ма, ол жағы бізге беймәлім», - дейді Зиябек Қабылдинов.

Ал Open society қорының жетекшісі қоғамдық кеңестер нақты бір орында отырып, жұмыс істейтін мекеме емес екенін, проблема көтерілген кезде ғана бас қосатындықтан айтарлықтай көп қаражат кетпейтінін айтып өтті.

«Бюджет тиімділігі үшін қайта қолайлы деуге болады. Кеңес мүшелері депутаттар қозғай алмай проблемаларды көтереді. Депутаттар атқарушы билікті қолпаштап кетуі мүмкін. Себебі депутаттардың өзі халық арасынан сайланғанмен, олар – бұрынғы мемлекеттік органдарда жұмыс істегендер. Ал қоғамдық кеңеске бәрі-бір. Біреудің мүддесін қорғауға ұмтылмайды. Жөнделмей жатқан жолды, құрылысы жүрмей жатқан нысандардың нашар жұмысын қозғай алады. Проблеманы жақсы көтереді», - деді Марғұлан Ермағамбетұлы.

Сарапшы сөзін жалғай отырып, қоғамдық кеңес проблемаларды көтергенмен көлеңкелі тұстары да жоқ еместігін айрықша атап өтті.

«Екінші жағы да бар. Қоғамдық кеңестердің жұмысына мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы қаражат бөлінеді. Мысалы Рақым Ошақбаев басқаратын «Талап» деген ұйым бар, сол ұйымға қоғамдық кеңестер баяндамасы үшін Ақпарат министрлігі тарапынан шамамен 20 млн теңге бөлінді. Оны «Талап» ұйымының алдында «Азаматтық альянс» жасады. Оның да құны сол көлемде болды. Міне осындай күмәнді қаражаттар бөлініп жатыр», - дейді қор жетекшісі Марғұлан Ермағанбетұлы.

Сөзін жалғай отырып, азаматтық бастамаларды қолдау орталығының сайтында қоғамдық кеңес дайындаған баяндамалар мен зерттеу жұмыстары бір-бірінен көшірілгенін, қайталанатынын айрықша атап өтті. Осы үшін де қосымша қаражат бөлінеді.

«Қоғамдық кеңес жұмысы тек қана орыс тілінде өтеді. Форумы өтті, ол да орыс тілінде өтті», - дейді сарапшы.

Қоғамға тиген пайда

«Проблеманы көтеру жағынан жұмыс жүріп жатқанмен, іске асуы жағынан қаншалықты тиімді екені белгісіз. Кеңестің басты міндеті – ұсыныс білдіру ғана. Ал оны сол ведомство қабылдамауы да мүмкін. Алайда, аталмыш кеңестің құрылуы – қоғамдық белсенділікті жетілдіру жолында жасалған жұмыстардың бірі. Шешілмесе де бастысы мәселе министрлік, жергілікті атқарушы орган қабырғасында көтеріліп, назарға салынып жатыр. Мәселенің көтерілуінің өзі оның шешімін іздеуге жасалған қадам деуге болады. 

Екіншіден, министрліктің болсын, әкімдіктің болсын, атқарып жатқан шаруаларын бақылай алады. Дегенмен қоғамдық кеңестердің бәрі дерлік атқарушы органдардың жұмысын толыққанды сынай алмайды. Жекелеген тұстарда болмаса көпшілігі билікті сынаудан именетін сияқты. Себебі сынағанның өзінде қиялап, тұспалдап айтпаса, ойын тікелей жеткізбейтіні жиі байқалады. Бұл үлкен минус деуге болады. Осы себепті қоғамдық кеңестің жұмысына күмән туындап жатады», - дейді Open society қорының жетекшісі Марғұлан Ермағамбетұлы.

Қорытындылай келгенде, елімізде түрлі деңгейдегі 230-дан аса қоғамдық кеңестің жұмысы жайлы ақпарат өте тапшы. Ара-тұра БАҚ беттерінде шығып тұрғанмен қара халық мұндай ұйымның жұмысынан бейхабар. Сол себепті ең алдымен осы мәселе қолға алынуы тиіс.

Екіншіден, Кеңестің көбірек назар аударуы тиіс кеңістік – билікпен арақашықтығы алшақ жатқан ауылдық жерлердегі проблемалар. Мәселен, 2012-2019 жылы, яғни 7 жылдың ішінде 500-ге жуық ауыл иесіз мекенге айналды. Сол сияқты соңғы бес жылда бір ғана Солтүстік Қазақстан облысында 37 елді мекен жойылып кетті. Шекаралық аймақта тұрған облыста мұндай жағдайдың болуы жақсы көрсеткіш емес, сондықтан оның себебін анықтау, шешімдерін іздеу аса маңызды. Жер-жерлердегі қоғамдық кеңестер осындай маңызды мәселелерді қозғап, дабыл қағуы тиіс...

Серіктес жаңалықтары