Елімізде «Моноқалалар – тәуелсіз Қазақстанға» челленджі басталды
Биыл Қазақстан өз тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеді
Қарағанды облысы Саран қаласының әкімі Ержан Темірханов ел егемендігінің 30 жылдығына орай «Моноқалалар – тәуелсіз Қазақстанға» челленджін бастады.
Челлендждің негізгі мақсаты – моноқалалардың Қазақстанның дамуына қосқан үлесін көрсету.
«Біздің еліміздің қалыптасуы әр өңірден қалыптасып келеді. Даму процесінің мызғымас тірегі – бұл өзінің ірі кәсіпорындары бар моноқалалар. Алайда, моноқалалар кәсіпорындар қаласы ғана емес, сонымен қатар шағын және орта бизнес ортасы екенін ұмытпау керек. Ал ең бастысы — бұл тұрғындар, еліміздің патриоттары, бұл болашақты бүгіннен бастап, елімізді дамытатын қазақстандықтардың жаңа ұрпағы», - деп жазды Ержан Темірханов.
Саран қаласы челленджді іске қосып, көмір өндірісін, автобус өндірісін, шина, кабель өнімдері, бетон бұйымдары, тігін өндірістерін көрсетті.
Челленджді Шахтинск, Сәтпаев, Балқаш, Теміртау, Қаражал, Жезқазған, Степногорск, Курчатов, Лисаков, Жітіқара қалалары қолдады. Барлық қалалар тау-кен және ауыр өнеркәсіптен бастап, ауыл шаруашылығы мен жергілікті кәсіпорындарға дейін өз өндірістерін көрсетті. Эстафета белсенді түрде жалғасуда, оған күн сайын өзге де моноқалалар қосылып жатыр.
Қазақстанда 1,4 миллионға жуық адам тұратын 27 моноқала бар.
Моноқалалар өнеркәсіп өнімінің 40%-ға жуығын өндіреді.
4 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев моноқалаларды дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, олардың белсенді дамуы үшін нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, Саран – Қарағанды облысындағы моноқала. 43 мыңнан астам халқы бар. Мұнда еңбекке жарамды халықтың басым бөлігі көмір шахтасында жұмыс істейді.